«Біртұтас тәрбие бағдарламасы» адалдыққа баулиды
--Жасөспірімдерді ересек өмірге дайындауға бағытталған арнайы бағдарлама қажет. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды. Өйткені елімізде кәмелетке толмағандар арасын да ерте жүктілік көбейген,-деп хабарлады «Шымкент келбеті» басылымы.
Қала әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Сәрсен Құранбектің жетекшілігімен өткен мәжіліске басқарма басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Сәрсен Абайұлы комиссия мүшелерінің жаңа құрамымен таныстырып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеу керектігін баса айтты. Бұл мәселені қаншалықты жиі көтерілгенімен, шешу жолы, статистика төмендеген емес. Керісінше жағдай анағұрлым қиындаған.
Отырыста мектеп жасындағы оқушыларға, ата-аналарға жекелей кеңес беру және іс-шаралар ұйымдастырылғаны айтылды.
- Білім беру ұйымдарында ертежүктіліктің алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен «2023-2025 жылдарға арналған қыздар ұйымдарының жұмысын жандандыру, ертежүктілікті, репродуктивті денсаулығын қорғаудың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жоспары» жасалған. Жоспарға сәйкес «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Ерте жүктілік және қыздар гигенасы», «Жыныстық тәрбие-ертежүктілік», «Ертежүктіліктің ертеңі қандай?», «Өз тағдырың өз қолыңда», «Еркем өмірің болсын көркем», «Репродуктивті денсаулық сақтау және ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыптары бойынша 2 540 іс-шара, 182 арнайы мамандармен кездесулер, 306 қыз балалар жеке семинар кеңестер және коучингтер өткізілді,-дейді Шымкент қаласының білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Тұрдыбайқызы.
Сонымен қатар, осы оқу жылынан бастап мектептерде жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу мақсатында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жүзеге асырылып келеді.
Аталған бағдарлама аясында құқықбұзушылық, ертежүктіліктің алдын алу бойынша 5 жоба («Жеткіншектің жеті жарғысы», «Ұрпаққа аманат», «Еңбегі адал жас өрен», «Өр талапты, озық ойлы ұлан», «Адал ұрпақ») бағытында құзырлы органдармен бірлескен профилактикалық іс-шаралар жоспары жасалған.