XIX–ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы оқу орындарының қызметі

Oinet.kz 27-11-2018 9828

1. Қазақтардың дәстүрлі білім жүйесі. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи тағылымы олардың ертеден білімді де сауатты болуға ұмтылғандығын айғақтайды. Белгілі орыс тарихшысы А. Седельников қазақтар туралы былай жазады: «Қырғыз-қайсақтар (қазақтар – авт.) мәдениетті халық. Сондықтан олардың болашағы жақсы болмақ». Әрбір ата-ана баласына әдептілікті үйреткен, сауатты да білімді болуға баулыған. Бұған мысал ретінде қазақтар арасында «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген мақал кеңінен тараған. ХІХ–ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанда халыққа білім беру ісі діни және зайырлы бағытта жүргізілді. ХІХ ғасырдың орта кезіне дейін қазақ балалары мұсылман мектептері мен медреселерде білім алды. Оларды негізінен молдалар оқытты. Оқу ата-аналарының қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Мұсылмандар мектебінде, негізінен, ер балалар оқыды.

Анықта

Патша үкіметі медреселерге орыс тілін оқытуды не мақсатпен енгізді?

  Халық арасында медреселердің беделі күшті болды. Олар молдалар мен мектеп мұғалімдерін даярлады. Оқу мерзімі 3-4 жылға дейін жалғасты. Медресе шәкірттері ислам дінінің негіздері бойынша бастауыш білім алумен қатар философия, математика, медицина, тарих, тіл білімі және астрономия жөнінде білім негіздерін меңгерді.

Есіңе түсір

Медреселерде білім алған қандай қазақ зиялыларын білесің?

  Діни оқу орындары басты міндеттерінің бірі – жастардың бойына әдептілік өнегесі мен адамгершілік қасиеттерді дарыту еді. 1870 жылдан патша үкіметінің бастамасы бойынша медреселерде міндетті түрде орыс тілін үйрету енгізілді.

  Медреседе бірнеше сынып бөлмелері болды. Олар шәкірттер тұратын, дәрет алып, жуынатын, сондай-ақ тамақтанатын бөлмелер еді. Медреседе ұстаздыққа әдетте жасы 40-тан асқан тәжірибелі адамдар ғана қабылданатын. Олардан медресені бітіргендігі туралы диплом талап етілетін. Мектептегі оқуын аяқтаған баласын ата-аналар білімін жалғастыру үшін жаңа әдіспен оқытатын Уфадағы «Ғалия», Орынбор қаласындағы «Хусайния», Троицкідегі «Расулия» медреселеріне берді. Бірте-бірте патша үкіметі мұсылманша білім беретін оқу орындарын толық өз бақылауын алуға кірісті. Мектептер мен медреселерді ашу үшін уезд бастығының арнайы рұқсаты талап етілді.

2. Жаңа әдісті мектептер. ХХ ғасырдың бас кезінде дәстүрлі мектептер мен медреселер қоғамның өскелең талаптарын қанағаттандырмады. Мұсылман мектептерін реформалау қозғалысы басталды. Оны ұйымдастырушылар жәдитшілдер еді. ХХ ғасырдың бас кезінен жаңа әдісті мектептер қалыптаса бастады.

  Мұсылман балаларына хат танытуда дыбыстық жүйеге негізделген әдіс қолданылды. Оқытудың бұл әдісінің негізін қалаушы белгілі түркі тілдес халық ағартушыларының бірі, қоғам қайраткері И. Гаспринский болды. Жәдитшілдер мектептерде арифметика, география, жаратылыстану, тарих сияқты басқа да зайырлы пәндерді оқыту қажеттігін дәлелдеді. Жаңа әдістемелік ектептерде білімді де білікті мұғалімдер сабақ берді, қажетті оқу құралдары мен жабдықтары жеткілікті болды. Оның үстіне оқыту әдістемесі әлдеқайда тиімді еді. Қазақстандағы ең алғашқы жаңа әдісті мектеп 1900 жылы Түркістан қаласында ашылды. Ондай мектептер кейін басқа да қалаларда пайда болды. Қазақ зиялыларының едәуір бөлігі жаңа әдісті мектептерде білім алып шыққандар болатын.

И. Гаспринский


Алайда жаңа әдісті мектептер елге кең көлемде тарай алмады. Патша үкіметі жаңа әдісті мектептердің ашылуына барынша қарсылық көрсетті. Себебі ондай мектептерді панисламизм мен пантүркизмнің ошақтары деп санады. 1917 жылы Қазақстан аумағында 100-ге тарта ғана жаңа әдісті мектеп ашылды.

Ойлан

Жаңа әдісті мектептердің көздеген мақсаты қандай деп ойлайсың?

  3. Қазақ өлкесінде зайырлы мектептер мен оқу орындарының ашылуы. 1813 жылы Омбыда, 1825 жылы Орынборда әскери училищелер ашылды. Кейіннен олар Сібір және Орынбор Неплюев кадет корпустарына айналды. Бұл оқу орындарына қазақ балаларын қабылдауға едәуір шек қойылды. Ұлты қазақ кадеттер бірқатар құпия әскери пәндерді үйренуге жіберілмеді. Омбы кадет корпусын белгілі қазақ ғалымы, зерттеуші әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов тамамдады.

  Казак станицаларында, бекініс-қамалдарда діни шіркеулер және казактардың балалары оқитын мектептер ашылды. Олардағы оқыту деңгейі тым төмен еді. Мұғалімдердің басым көпшілігін шаласауатты дьяктар, сондай-ақ қызметтік міндетін өтеген солдаттар мен казактар құрады. Жалпы алғанда, Қазақстанда халыққа білім беру ісі мен сауаттылық деңгейі қанағаттанарлық болды деп айтуға келмейді. Зайырлы мектептер өте аз еді. Мұғалімдер жетіспеді. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір салты жағдайында тұрақты мектептер ашу қиыншылықпен жүзеге асырылды.

  Қазақстанды өнеркәсіптік тұрғыдан игерудің басталуына байланысты сауатты да білімді адамдарға деген сұраныс арта түсті. Сондықтан да 1850 жылы Орынборда оқу мерзімі жетіжылдық жаңа үлгідегі мектеп ашылды. Онда, негізінен, хатшылар мен аудармашылар даярланды, орыс тарихы, математика, география, геометрия оқытылды. Осындай мектеп 1857 жылы Омбыда да ашылды.

  1861 жылы Троицкіде, басқа да қалаларда орыс-қазақ мектептері ашылды. 1867–1868 жылдардағы әкімшілік реформалар енгізілгеннен кейін және қоныс аударушы шаруалардың арта түсуіне байланысты зайырлы мектептердің қатары көбейді. Олардағы оқу бағдарламаларын генерал-губернатордың өзі бақылап, Халық ағарту министрлігімен келісілді. Қазақ балаларының орыс поселкелері мен казак станицалары жанындағы мектептерде тегін немесе азын-аулақ ақы төлеп оқуға мүмкіндігі болды.

  1883 жылы Орынбор губерниясының Ор қаласында тұңғыш рет қазақтарға арналған мұғалімдер мектебі ашылды. Ол мектептің ашылуына қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің қосқан үлесі орасан зор болды. 1885 жылдан бастап өлкенің барлық уездерінде ауылшаруашылық мектептері ашылды. Олар қазақ даласында білім және қолөнер түрлерін дамытуға бағытталды. Барлық жерде бірдей болыстық орыс мектептері де пайда бола бастады. Торғай, Ақтөбе, Қостанай және басқа қалаларда қыз балаларға арналған бастауыш мектептер ашылды. 1892 жылдан бастап қазақ балалары үшін көшпелі ауыл мектептері ұйымдастырылды.

  Қазақстандағы орыс тілді халықтың арасында сауатсыздықтың пайызы жоғары еді. Мұны 1897 жылғы халық санағы айқын көрсетті. Тұрғындардың 8,1%-ы ғана хат таныды. Орысша сауат ашқан қазақтардың пайызы бұдан да төмен болды. Ал мұсылманша оқып сауат ашқан дала қазақтарының саны көп еді. Бірақ олардың қанша пайызының сауатты екендігі халық санағын өткізу кезінде есепке алынбады.

  ХІХ ғасырда ауылшаруашылық және фельдшерлік мектептері ашыла бастады. Олар орта білімді дәрігер мамандарын даярлап шығарды. Алайда Қазақстанда бірде-бір жоғары оқу орны ашылған жоқ.

  Ресей империясы қазақтардың жоғары білім алуына жол бермеуге тырысты. Сауатты қазақтардың қатары өскен сайын ұлттық сана-сезімі тезірек оянады деген қауіп пайда болды.

Пікірің қажет

ХІХ ғасырдағы оқу-ағарту ісіне кері әсер еткен факторларды атаңдар.

  4. Дала өлкесінде ауыл мектептерінің пайда болуы. 1901 жылғы маусым айында Дала генерал-губернаторы Н. Сухотин Ақмола және Семей облыстарының әскери губернаторларына орыс-қазақ мектептерін ашуға ұсыныс жасады. Алғашқыда бұл идеяға қазақтар сақтықпен қарады. Балаларын орыстандырумен қатар, шоқындырып жібереді деп қауіптенді. Сондай-ақ қазақтар орыс-қазақ мектептері арқылы балаларды орыс шаруаларына айналдырып, әскер қатарында міндетті қызмет атқаруға мәжбүрлейді деп шошынды.

  Сондықтан Ақмола облысындағы Халық училищесінің директоры А.Е. Алекторов ел арасында жаңа мектептерді ашудың мақсат-міндеттерін түсіндірді. Орыс-қазақ мектептерінің материалдық базасын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Оқудың қазақтардың ана тілінде жүргізілуі туралы айтты. Ауылдық мектеп мұғалімдері үшін арнайы әдістемелік құралдар әзірленді. Олардағы оқу мерзімі екі жыл еді. Оқушылар қазақ және орыс тілдерін, арифметиканы оқыды. Кейіннен ислам дінінің негіздерін оқытуға рұқсат етілді.

Қазақстандағы алғашқы мектептер

Ойлан

Ресей империясының отарлы аймақтарда мектептер ашудағы мақсаты қандай еді?

  Орыс зерттеушілері мен жиһанкездерінің бірқатары қазақ балаларының әдепті мінезі мен білім алуға деген аса құштарлықтарын атап өтеді. Зерттеуші Ф. Собысевич: «Қырғыз (қазақ – авт.) балалары өздерінің мінез-құлқы, оқуға ыждағатты ықыласы, білімді тез әрі жетік меңгеруге қабілеті жағынан қалай мақтауға да әбден лайық», – деп қазақ балаларының оқуға деген ынтасы мен қабілеті туралы тебірене жазады.

  5. Омбы – Далалық өлкенің ірі білім орталығы. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің бірі С. Сәдуақасовтың пікірінше, Омбы уезі Қазақстанның ең ірі ағартушы аймақтарының бірі болды. Ал Омбы қаласы іс жүзінде бүкіл Қазақстан үшін әйгілі білім орталықтарының біріне айналды. 1789 жылы Омбыда Азия мектебі ашылды. Ол отаршыл билік үшін шенеунік кадрлар даярлаумен айналысты. 1872 жылы Омбыда мұғалімдер семинариясы ашылды. Ол бүкіл Қазақстан үшін мұғалім кадрларын даярлайтын орталыққа айналды. Онда бастауыш училищелер үшін мұғалімдер дайындалды.

  Омбыда, сондай-ақ Көкшетау мен Ақмолада қазақ балаларына арналған интернаттар ашылды. Оларға жұмсалатын шығынды қазақтар қайырымдылық көмек есебінен өздері төлеп отырды. Оқуға әр қазақ болысынан жылына 2 баладан жіберу келісілді.

  1882 жылы Омбыда техникалық училище ашылды. Ол зауыттар мен фабрикалар, сондай-ақ көлік саласындағы қызмет үшін орта білімді басшы маман кадрлар даярлауға тиісті болды. Омбы малдәрігерлік фельдшерлік мектебінде көптеген қазақ балалары оқыды. Бұл мектеп осы салада бүкіл Қазақстан үшін мамандар даярлайтын арнаулы оқу орны саналды. Сібірдегі таңдаулы оқу орындарының бірі Омбы кадет корпусында Ш. Уәлихановтың оқығанын білеміз.

Ойталқы

Неліктен оқу орындарының көпшілігі Омбы қаласында ашылды?

Омбыдағы Сібір кадет корпусы


 ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде Омбы оқу орындарында қазақ халқының көрнекті өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Айдархан Тұрлыбаев, Отыншы Әлжанов, Райымжан Мәрсеков, Сейілбек Жанайдаров, ағайынды Асылбек, Мұратбек пен Мұсылманбек Сейітовтер, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қошке Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов, Бірмұхамед Айбасұлы, Әміре Исин, Мұқан Әйтпенов, Нығмет Нұрмақов сияқты азаматтар оқыды.

  Олардың бәрі де халық ағарту ісіне, Қазақ өлкесіндегі ұлттық-демократиялық қозғалысқа, сондай-ақ туып-өскен өлкені ғылыми тұрғыдан зерттеуге лайықты үлес қосты. Басым көпшілігі кейінірек, Кеңес өкіметі кезінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті.

Қ. Кемеңгеров

6. Ресей империясының жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттері. Бірінші орыс революциясының ықпалымен қазақтардың ұлттық сана-сезімі біршама өсті. Болашақты болжаған қазақтар балаларын Ресей мен шетелдердің орта және жоғары оқу орындарына оқуға жіберді. Олар білім алуды құқығын қорғаудың кепілі деп білді. Қазақ жастары көпшілігінің заң факультеттерін таңдауы осының айқын дәлелі.

С. Асфендияров

  ХІХ–ХХ ғасырлар тоғысында тек Қазан қаласының өзінде ғана (императорлық Қазан университетінде, Қазан малдәрігерлік институтында, Қазан мұғалімдер семинариясында) 100-ге жуық қазақ жастары оқыды. Көптеген қазақ жастары Санкт-Петербург, Мәскеу, Томск, Саратов, Киев, Тарту, Каир, Бомбей, Стамбұл және Варшава университеттерінде білім алды. Мәселен, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін М. Шоқай мен А. Тұрлыбаев алтын медальмен бітірді. Ал Ә. Бөкейхан Санкт-Петербург Орман институтын, С. Асфендиаров Санкт-Петербург әскери медицина факультетін, А. Сейітов Томск университетінің медицина факультетін, Ж. Досмұхамедов Тарту университетінің заң факультетін аяқтады. С. Жантөрин, Б. және Ә. Ниязовтар, С. Нұралыханов және басқалар С.-Петербург, Қазан, Томск, Мәскеу университеттерінің заң факультетінде оқып, жоғары білім алды. Басқа да көптеген қазақ студенттері болды.

  Қарқаралыда туып-өскен Дінмұхамед Сұлтанғазин өте сирек кездесетін талантты студент болды. Ол Томск университетінің медицина факультетін, Санкт-Петербург университетінің шығыстану және заң факультетін бітірді. Петербург медицина институтын Асфендиарова Гүлсім, кейін Асфендиарова Мәриям тамамдады.

Қазанда оқитын қазақ жастары. 1916 жыл

Қазақтардың жаппай білім алуға көшуі олардың патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысының күшейе түсуіне, өз алдына автономия алуға ұмтылысына жетеледі.

Ашық сабақ. Тарих. XVIII–ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы зерттеулер
Әке мен балаға арналған жаңылтпаштам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу