Испания Трамптың қоқан-лоққысынан соң АҚШ-қа қолдау көрсетуге келісті
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Испанияның америкалық әскери күштермен ынтымақтастық орнатуға келіскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Оinet.kz.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Испания Иранға қарсы ықтимал операция аясында АҚШ-тың өз әскери базаларын пайдалануына рұқсат бермесе, елмен барлық сауда қатынастарын тоқтататынын айтып, қатаң мәлімдеме жасаған болатын. Кэролайн Ливиттің айтуынша, Мадрид Вашингтонның бұл «жолдауын» түсінген деп жазады BBC.
Алайда Испания Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратқа қатысты ресми ұстаным өзгермегенін мәлімдеді.
Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Cadena SER радиосына берген сұхбатында елдің позициясы бұрынғыдай екенін атап өтті.
— Қандай да бір өзгеріс бар дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Әскери базаларды пайдалану мәселесінде де, Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты да, Иранды бомбалау тақырыбында да Испанияның ұстанымы өзгерген жоқ, — деді министр.
Ал Испания премьер-министрі Педро Санчес үкіметтің негізгі қағидасын «соғысқа жол бермеу» деп сипаттады. Оның айтуынша, әлем өткен қателіктерден сабақ алуы тиіс.
Санчес 2003 жылғы Иракқа басып кіру (2003) кезінде жарияланған мақсаттар орындалмағанын, керісінше аймақта тұрақсыздықты күшейтіп, халықтың жағдайын нашарлатқанын еске салды.
Премьер-министрдің пікірінше, Иранға қарсы әскери әрекеттер де миллиондаған қарапайым азамат үшін ауыр экономикалық салдарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Испания үкіметі ықтимал зардаптарға қарсы алдын алу шараларын қарастырып жатыр.


