Назарбаевтың інісіне тиесілі болған зәулім ғимарат сатылмақ

Oinet.kz 02-03-2026

Алматыда орналасқан Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы мемлекеттік аукцион арқылы сатылымға шығарылады, деп хабарлайды Оinet.kz.  Бұл нысан бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған. Ол — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі.

image.png

Нысанның бастапқы бағасы 61 млрд теңге болып белгіленген. Аукцион 7 сәуірде өтеді, ал қатысу үшін кепілдік жарна 9,2 млрд теңгені құрайды.

Аталған ғимарат 2023 жылы заңсыз алынған актив ретінде танылып, мемлекет меншігіне өткен. Қазіргі таңда оны Қайтарылған активтерді басқару компаниясы саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Сату бағасына ғимаратпен бірге оған тиесілі жер телімін жалға алу құқығы да кіреді.

Kaisar Plaza — тоғыз қабатты, автотұрағы мен панорамалық қабаты бар заманауи кешен. Бүгінде онда 53 ұйым жалға алушы ретінде жұмыс істеп жатыр.

Қайтарылған активтер қатарына бұдан бөлек Kaisar Towers бизнес-орталығы, DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйі, «АрСат» және «Maisat» бизнес-орталықтары, «Мегатау» сауда үйі, «Байсат» базары мен «Оптимум» бизнес-орталығы да енгізілген.

Еске салайық, 2022 жылы Қайрат Сатыбалды 40 млрд теңгені талан-таражға салды деген айыппен сотталып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін келтірілген шығын толық өтелген соң шартты түрде бостандыққа шықты. 2022 жылдан бері ол жалпы құны 732,8 млрд теңгені құрайтын активтерін мемлекетке қайтарған.

Тоқаев БАӘ шейхымен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады
Иранның Қазақстандағы елшісі: Қазақстан қолдау хатын жолдамады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу