«Цифрландыру және жасанды интеллект» атты өңірлік жастар форумы өтті

Бүгін Қазығұрт ауданында “Auyl Jastary” «Цифрландыру және жасанды интеллект» атты өңірлік жастар форумы өтті.
“Ауыл” партиясының ұйымдастыруымен өткен форумға Түркістан облысының аудандарынан келген 100 жас қатысты.
Форум барысында спикерлер жасанды интеллектпен жұмыс жасау, цифрландырудың мүмкіндіктері, заманауи технологиялардың болашағы және жастар үшін жаңа бағыттар тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.
Форумға “Ауыл” партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Медеуов Нұрсұлтан Данабайұлы, “Ауыл” партиясы Орталық аппарат Креатив және жастармен жұмыс департаментінің директоры Абдужаббаров Мақсадбек Хусанұлы қатысып, жастарға сәттілік тілеп, мазмұнды пікірлерімен бөлісті.
Форум аясында ұлттық дәстүр дәріптеліп, кішкентай бүлдіршіннің тұсауы кесілді.
Осындай тағылымы мол жиындар — жастардың заман талабына сай білім алып, жаңа технологияларды игеруіне, сондай-ақ ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді азамат болып қалыптасуына үлкен серпін береді.


