Ұлытау облысында немересі 90 жастағы әжесінен үйді тартып алып, өзін қуып шықпақ болған

Oinet.kz 29-01-2026 100

Ұлытау облысы Жаңаарқа кентінде тұратын 90 жастағы қария өзіне тиесілі жалғыз баспананы сыйға тарту туралы келісімді жарамсыз деп тануды сұрап, апелляциялық сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_1.png

Бұған дейін Жаңаарқа аудандық соты әженің талабын қанағаттандырмаған еді. Алайда талапкер бұл шешіммен келіспей, Ұлытау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына жүгінді.

Қарт ананың айтуынша, ол құжаттарға қол қойған кезде олардың нақты мазмұнын толық түсінбеген. Кейуана мұрагерлік рәсімдеу үшін қол қойып жатырмын деп ойлаған. Бірақ кейін бұл құжаттардың үйді басқа адамның атына өткізуге арналғаны белгілі болған.

Талапкердің жасы ұлғайған, денсаулығы нашарлап, тұрақты күтімді қажет етеді. Есту және көру қабілетінің төмендеуіне байланысты дәрігерлер бақылауында жүрген. Апелляциялық шағымда нотариусқа барған күні әженің есту аппараты мен көзілдірігінсіз апарылғаны көрсетілген. Бұл оның құжаттардың мәнін түсінуіне қиындық туғызған.

Бұл іске қатысты жауапкер — әженің немересі. Қарияның сөзінше, немересі оны “мұрагерлікті рәсімдейміз” деп сендіріп, құжаттарға қол қойдырған. Сондай-ақ әжесіне қарайтынын айтып, үйге көшіп келуге уәде берген. Алайда баспана немересінің атына рәсімделгеннен кейін, ол әжені үйден шығарып жібермек болған. Тіпті үйді сатылымға да қойған.

Әженің қорғаушылары бірінші сатыдағы сот істің барлық мән-жайын толық зерттемеді деп есептейді. Олардың айтуынша, сот мәміленің қалай жасалғанын, қарт адамның денсаулық жағдайын және құжаттарға саналы түрде қол қойған-қоймағанын ескерусіз қалдырған.

Қазір апелляциялық соттан аудандық соттың шешімін жою, сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану және үйді қайтадан әженің меншігіне қайтару талап етіліп отыр.

Іс Ұлытау облыстық сотында қаралуда.

Тоқаевпен қоштасты
Атырауда 19 күн бұрын жоғалып кеткен ер адамның денесі табылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу