Оңтүстікте биыл да су тапшылығы болады

Oinet.kz 15-01-2026 23

Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларының толымдылығы 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 2 млрд текше метрге аз. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында осындай дерек келтірді. Бұл туралы kaztag.kz хабарлады.

Screenshot_1.jpg

Министрдің айтуынша, сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы вегетациялық кезеңде Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы өзен алаптарына келетін су көлемі азаяды деп күтіліп отыр. «Қазіргі таңда Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында, көршілес мемлекеттердің аумағында орналасқан су қоймаларының толымдылығы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2 млрд текше метрге төмен. Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларының толымдылығы 2025 жылмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге кеміп отыр (2026 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша)», – деді Нұржігітов сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында.

Министр бұл жағдайды объективті шындық деп атап, оған күз-қыс мезгіліндегі жауын-шашынның азаюы, мұздықтардан келетін ағынның қысқаруы және климаттың жалпы өзгеруінің әсері себеп болып отырғанын айтты. «Бұл факторлар ұзақ мерзімді сипатқа ие және бізден жүйелі түрде бейімделуді талап етеді. Министрлік 2026 жылғы суару маусымына дайындықты бастап кетті. Сонымен қатар, 2026 жылдың ақпан айында су ресурстары министрлігі су келуінің ең пессимистік сценарийі бойынша су пайдаланудың нақтыланған лимиттерін әзірлейді, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылдың наурыз айында егіс құрылымын қайта қарайды», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ министрлік ауыл шаруашылығы өндірушілерін суға сұранысы төмен дақылдарды өсіруге көшуге шақырып отыр.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 9 желтоқсанда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев алдағы вегетациялық маусымда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде суармалы су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

Система хочет купировать риски
Ең көп электромобиль - Алматыда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу