2200 жылдық тарихы бар қала

Oinet.kz 19-06-2020 951

Screenshot_12.jpg

«Шымкент — сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. «Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы — Шымкент» дегенді мен бұрын да айтқанмын. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі келешекте бүгінгісінен де көркем болады!»

Иә, бұл Елбасы Н.Назарбаевтың осыдан 6 жыл бұрын қаламызға келген сапарында айтқан жылы лебізі болатын. Бүгінде Шымкент Ұлт Көшбасшысының сол сенімін ақтап, күн санап көркейіп келеді. Ол шын мәнінде өткені өрісті, келешегі келісті қала.

Археолог ғалымдар Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екенін ғылыми түрде дәлелдеді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қала әр дәуірлерде сауда мен мәдениеттің орталығы болған. Басқасын айтпағанда, ХІХ ғасырдың соңында Шымкентте 19 мануфактуралық кәсіпорын жұмыс істеп тұрғаны жөніндегі деректер оның ірі сауда-экономикалық орталық болғанын айғақтайды.

Тәуелсіздік жылдарында Шымкент – мемлекетіміздің өндірістік қарқындылығын арттыруда айрықша үлес қосатындықтан экономикалық даму сатысында оның маңызды рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Осынау кезең белесінде Шымкентте 104 кәсіпорын жаңадан іске қосылды. Оның 82-сі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтарда орналасқан. Осы жылдары 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

Мұнан бөлек жаңадан 5 емхана мен 5 аурухана және 28 мектеп салынады. Қосымша 19 мектепте қосалқы ғимараттар бой көтермек. 2025 жылға қарай қалада газдандыру мен ауыз сумен қамту мәселелері толық шешімін табады.

Жаңадан екі бірдей индустриалды аймақ ашылып, көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асады. Шағын және орта кәсіпкерлікке жан жақты қолдау көрсетіліп, осы салада жұмыс істейтіндердің қатары 145 мыңнан 175 мыңға дейін жетеді деген жоспар бар. Нәтижесінде қаламызда жалпы 80 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Қорыта айтқанда, Шымкент – тұрғындар саны бойынша еліміздегі үшінші қала ғана емес, Елбасының оған республикалық мәртебе беру жөніндегі тарихи Жарлығынан кейін қаланың кең тынысы ашылып, дамудың даңғыл жолына қарай сенімді қадам басты. Бүгінде Шымкент өзінің демократияланудың бағалы идеалдарына адал екенін көрсетіп,

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыруына лайықты үлесін қосуда.

Шымкент – көне мен жаңаның керемет үйлесімін тапқан заманауи қала
Мәдени астананың әкімі тұрғындарды Қала күнімен құттықтады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу