Мырзахметов орынбасарларының міндеті жыл сайын ауыса ма?

Screenshot_1.png

Әдетте әкімнің қай орынбасарының қай салаға жетекшілік ететін бірден түсінетін жұрт соңғы кездері жиі шатасатын болды. Былтыр осы уақытта облыс әкімі Асқар Мырзахметов өзінің өкімімен  орынбасарларына орынтақ ауыстырғандай күй кештіріп,  міндеттерін қайта бөліп берген еді.  Өкімнің күші бір жылға ғана жетті.

 Араға жыл салып орынбасарлар жетекшілік ететін саланың қайта бөліске түскені нені білдіреді? Қалай болғанда да атқаратын міндеттері жыл сайын жаңарып, Мырзахметовтың орынбасарлары барлық салада ысылған нағыз әмбебап кадрға айнала ма, әлде әбден сапырылыстан сапырылыс сау адамның өзін есінен адастыра ма? Бұл саулдың өзіңізге қалдырдық, мәртебелі оқырман. Сонымен...

  Бұған дейін ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларының жұмысына жетекшілік етіп келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың құзырына тағы бір басқарма бұйырды. Гәп осы басқармада болып тұр. Ішкі саясат басқармасы бұрын-соңды бірінші орынбасардың қарамағына өтіп көрмеген еді. Енді оның жұмысына Оспанов жетекшілік етпек. Бұдан кейін бірде құрылыстың басында, бірде ауыл шаруашылығы нысандарында жүрген Оспановты облыстың бас идеологы деп атасақ та жарасады. Өйткені облыс әкімі өзінің өкімімен оның міндетіне әлеуметтік-саяси жағдайларды зерттеу, болжам жасау және саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың, шығармашылық одақтардың, діни ұйымдардың, ардагерлер мен кәсіподақ ұйымдарының жұмысын үйлестіруді жүктеді. Жастардың мәселесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына да Оспанов жетекшілік етпек. Кезінде облыстың бас идеологы болған, руханиятқа, шығармашылық салаға жақын жүретін қазіргі білдей беделді министр Дархан Мыңбайдан кейін Оспановқа бұл орынды көп көріп тұрғанымыз жоқ, әрине. Бұған дейін бірде өнеркәсіппен, бірде құрылыспен басы қатып жүрген Берік Серікұлының облыстың саяси, қоғамдық өміріне  қаншалықты үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдыра алатынын уақыт көрсетер.

Елбасының биылғы жолдауында айтылғандай,  облыс әкімдерінің бір орынбасары Индустрия және сауда министрлігі тарапынан жіберілетін, ағылшын тілін білетін және «Болашақтың» түлегі болуы тиіс деген талаптан кейін Ерлан Айтахановты тағынан тайдырып, облыс әкімінің орынбасары қызметіне жайғасқан Сапарбек Тұяқбаевтың қай салаға жетекшілік ететіні бес саусақтай белгілі емес пе? Су жаңа орынбасарға Айтахановтан «мұра» болып қалған өнеркәсіп және кәсіпкерлік, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары бағынады. «Болашақтың» түлегіне «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020» сияқты мемлекеттік маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыру міндеті тапсырылды. Облыстағы туризмді дамыту, оған инвестиция тарту мәселесі де осы орынбасарға жүктелді. Қайбір жылдары Елбасының өзін шақырып лентасын қиғызған бірнеше кәсіпорын жүрмей жатып құрдымға кетіп, бұқаралық ақпарат құралдарына әжептәуір тақырып болған еді. Астанадан арнайы жіберілген Тұяқбаевтың  тұралап тұрған өндірістің түтінін түзу ұшырады деген ойдамыз. Айтқандай, Қазығұрт ауданының тумасы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Түркияда, одан кейін Канада білім алған, еңбек жолында елшілікте, Индустрия және сауда министрлігінде, Президент әкімшілігінде жұмыс істеген Сапарбек Тұяқбаев ағылшын тілін ғана емес  француз, түрік, орыс тілдеріне де жетік болып шықты. Бірақ төрт тіл білетін Тұяқбаевтың құзырынан былтырдан бері осы орынтақта отырған орынбасарға қарайтын тілдерді дамыту басқармасы кетіп қалды. Тұяқбаевқа есеп-қисап пен өнеркәсіпті жүктеп, өзге шаруамен миын ашытпаған да дұрыс шығар. Әлде, облыс басшысы «тілдерді дамыту басқармасын қысқарту керек» деген ұсыныс білдіріп, сол үшін баспасөзде сыналған Айтахановтың әрекетінен кейін жаңаша шешім қабылдауға мәжбүр болды ма екен? Десек те, мемлекеттік тілдің көсегесін көгертеді деген тіл басқармасы өзінің орнын тапты деуге ертерек. Қиынсынға салсақ,  не Оспановтың, не Бектаевтың құзырына баруы тиіс басқарма қаңғалақтап келгендей бұл жолы Сәкен Қаныбековтың қарамағына көшті.

Өткен-кеткен еңбек жолындағы біраз «ЧП»-ларға байланысты «Нұр Отан» партиясының жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның назарына ілігіп, біраз дау-дамайға тамызық болған Болатбек Әлиевтің мұртын ешқашан балта шапқан емес десек, артық айтқанымыз емес шығар. Ақпарат құралдарында  «сұр кардиналға» теңеліп, облыстағы дәурені жүріп тұрған орынбасарлардың бірі ретінде аталатын Әлиевтің тірлігіне мығымдығы, өзіне қарасты саланың тасын өрге домалататын пысықтығы да жоқ емес. Осы қасиеті ескерілде ме, әлде расында да салмағы ауыр саясаткер екендігі ролъ ойнады ма, әйтеуір бұл жолғы міндеттік ауыс-түйісте де Әлиевтің мұрты майланды. Оның қарамағынан денешынықтыру және спорт басқармасы мен мұрағаттар және құжаттама басқармасы алынып, есесіне бас бармақпен бағаланатын екі білдей басқарма-- денсаулық сақтау басқармасы мен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өтті. Көлік саласы Әлиевке таңсық емес. Ол былтырға дейін де осы орынбасардың қарамағында болған. Ал, жиі-жиі шу шығатын, әсіресе кейінгі кездері тірлігі қожырап, дау-дамай мен соттасудан, текетірестен арыла алмай келе жатқан денсаулық сақтау саласын Әлиев жөнге келтіре алады ма?Әлде...

 Облыс әкімінің орынбасарларының ішіндегі  тісқаққаны Әли Бектаевтың қарамағында мәдениет, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары қалды. Ал өзге орынбасарлардың құзырына көшкен денсаулық пен ішкі саясат басқармасының орнын дене шынықтыру және спорт, сонымен бірге жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары басты. Енді Бектаевтың алдында атан түйеге жүк боларлық, салмағы да, жауапкершілігі де ауыр «Жұмыспен қамту-2020», «Жасыл аймақ»  бағдарламаларын, сонымен бірге Лондон олимпиадасында өнер көрсететін спортшылардың дайындығына бақылау жасау міндеті тұр.

Ал, әдетте орынбасаралардың тізімінде соңғы қатарда тұратын  Сәкен Қаныбековтің қарамағынан көлік басқармасы мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының кетіп, оның орнын жоғарыда айтқанымыздай, тілдерді дамыту басқармасы мен мұрағаттар және құжаттама басқармасы басты. Бұдан бөлек бұл орынбасардың құзырында бұрыннан келе жатқан білім басқармасы мен жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей зілзалаларды алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бар. Қаныбековтің қарамағынан екі бірдей майлы басқарманың кетіп қалуы тегін емес-ау. Өйткені төтенше жағдайлар саласына жеткшілік ететін оған су тасқынынан келген зардаптарды жоюдың өзі әжептәуір жұмыс болатын түрі бар.

Осылайша Ұлыстың Ұлы күнінен кейін, табиғат ана жаңарған тұста облыс әкімі орынбасарларына міндеттерін қайта бөліп берді. Сала жетекшісі жаңарған соң, басқармалар да тірлігін жаңаша бастар ма екен? Бұл ауыс-түйістің астарында не жатыр? Облыс әкімі орынбасарларын шетінене әмбебап етпек пе, әлде кімге көбірек сенім артады деген дұрыс па? Дұрысы соңғысы сияқты.

Жәнібек Тархан.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: