Нұрлан Қаппаров кім?

99617320915faec01a32e36284b9ddad-big.jpg

Тоқсаныншы жылдардың соңына таман еліміздің саяси элитасын технократтар немесе «жастүркілер» деп аталып кеткен топ менеджерлердің шоғыры толықтырды.  Мұхтар Әбіләзов, Мұхтар Жәкішев, Сауат Мыңбаев, Ораз Жандосов секілді жас та болса азулы топ менеджерлермен қатар бұл тізімнің бел ортасында  Нұрлан Қаппаров та ойқастап жүрді. Рас, кейінгі жылдарда «жастүркілердің» жолы болыңқырамады. Көбісі Үкіметтегі лауазымды қызметтерінен босап, бірі бизнеске ойысса, енді бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Жастүркілерден» билік эшелонындағы орнын  Сауат Мыңбаев пен Қайрат Келімбетов қана сақтай алды. Саяси аренадан Қаппаров та кеткен болатын. Әйткенмен, бүгінгі мақала кейіпкерінің 10 жылдық ұзақ үзілістен соң кенет Үкіметке қайта оралуы көптеген сарапшылардың таңданысын тудырғаны жасырын емес. Былтыр Қоршаған ортаны қорғау министрлігі басшылығына келген Нұрлан Жамбылұлы   жайлы арнайы тоқталып өткенді жөн санадық. Сонымен, Нұрлан Қаппаров кім? 

 Қазығұрт ауданының тумасы Қаппаров Алматы технологиялық институтының түлегі. 2001-2003 жылдар аралығында әйгілі  Гарвард университетінің жанындағы Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін тәмамдап шыққан. Бірақ, Нұрлан Қаппаровқа үлкен бизнес пен саясатқа жолдама берген бірден-бір трамплин оңтүстік астананың университеті мен Гарвард емес,  Алматыдағы республикалық физика-математикалық мектеп. Бұл білім ордасының қасында Гарвардыңыз не, тәйірі? Бұлай деуіміздің  мәнін түсіндіріп өтейік. Ел аузында физмат мектебі деп аталып кеткен бұл элиталық оқу орны өз түлектерін мақтан етеді. Тимур Құлыбаев, Қайрат Келімбетов, Бақыт Сұлтанов, Кәрім Мәсімов... бұлардың барлығы да «физматшылар». Қаппаров та «физматшы».  Осы мектепті бітіргендер бизнесте де, саясатта жүрсе де бірімен-бірі тығыз араласып, қолдау көрсетіп жүруімен ерекшеленеді. 

Қаппаров бизнеске жалындаған 20 жасында-ақ белсене араласты. 1990 жылы-ақ ол «Акцепт» корпорациясының негізін қалап, қысқа уақыт ішінде талалайлардың таңдайын қақтырған табыстарға жетті. Азаттықтың таңы атқан сол жылдарда бизнестің ең мықты түрі - Қытайдан тауар тасу еді. Алғашқы қадамдарын осыдан бастаған «Акцепт» көп ұзамай компьютер бизнесіне де араласты. Табысқа молынан кенелген  компания аспан асты елімен арада тығыз байланыс орнату стратегиясын жүзеге асыруға талпынып, осы мақсатта «Акцепт» фирмасы басшысының орынбасарлығына Қытайдағы Ухань заң  университетін бітірген Кәрім Мәсімов арнайы шақырылды. Мәсімовтің келуімен көрші елден текстиль бұйымдары мен арақ-шарап өнімдері молынан жеткізіле бастады. «Акцепттің» күшейгені сонша, көп ұзамай еліміздегі спирт өнімдерін шығаратын бес зауытты қарамағына өткізіп, нағыз монополиске айналды.  90-шы жылдардың символына айналған «Тараз» бен «Бүркіт» арағы Қаппаровтың басқаруындағы империяның өнімдері.

Әйткенмен, уақыт өте «Акцепт» әлсірей бастады. Қаппаров бірқатар спирт зауыттарынан айырылды. Кеден бизнесіне араласқан «Акцепт-Терминал» компаниясы да біраз жылдан соң дауға қалды. Бүкіл кеден саласын арнайы ақпараттық бағдарламамен жабдықтауға мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінді. Алайда, тендердің жеңімпазы «Акцепт-Терминал» жұмысын аяқтаған соң жүргізілген тексеру анықтағандай, мақтаулы бағдарлама түкке де жарамсыз болып шықты. Мемлекеттің қаржысын желге ұшырған Нұрлан Қаппаров пен оның сенімді серіктесі Ерболат Досаев жауапкершілікке тартылуы керек болғанымен, олардың мұртын балта шаппады.  Кеден және арақ-шарап бизнесіндегі сәтсіздіктен соң Қаппаровтың назары медиа нарық пен мұнай саласына ауды.

1997 жылы Қаппаровтың саяси карьерасы басталды. 27 жасар жас жігіттің «ҚазТрансОйл» компаниясының президенті болып тағайындалуы көпшіліктің таңданысын тудырды. Ал бір жылдан соң оның  «Қазақойл» мұнай компаниясын басқарып шыға келуі тіптен тосын жайтқа баланды. Сарапшылардың пікірінше, бұған әр жылдарда Тимур Құлыбаев пен Мұхтар Әбіләзов ықпал еткен екен.  Қалай болғанда да, қысқа мерзім ішінде Қаппаров отандық мұнай-газ саласындағы ауыр салмақты ойыншыға айнала білді. 1999 жылы ол энергетика және минералды ресурстар министрінің орынбасары болып бекітіледі. Отызына жетпей орда бұзған Нұрлан Қаппаровтың болашағы жарқын көрінді. Алайда...

2001 жылы вице-министр қызметінен кетуге мәжбүр болды. Неге? Қаппаровтың саяи карьерасын зерттеушілер мынадай уәж айтады. Энергетика және сауда министрі Владимир Школьник негізінен металлургия саласына көңіл бөліп, мұнай және газ мәселесіне басын аса ауырта бермейтін. Қаппаров осыны тиімді пайдаланды. Сол жылдары Каспий мұнайы үшін шетел алпауыттары арасында қызу бәсекелестік жүріп жатты. Өзге елдерге қарағанда американдықтардың ұпайы түгел болатын. Бірақ, еуропалық компаниялар да қарап жатпай, қазақстандық саяси элита арасынан мүддесін қорғайтын серіктестерін іздеуге кірісті. Италияның мұнай алпауыты «Эни» корпорациясы мен оған қарасты «Аджип» компаниясы сондай серіктесін тапты. Қашаған жобасының негізгі операторы ретінде «Аджип» компаниясының бекітілуі кездейсоқтық болмаған секілді. Білетіндердің айтуынша, мұнда Қаппаровтың ықпалы мейлінше байқалған. Мұнысымен «Қазақойлдың» басшысы әрі американдық лоббидың  өкілі саналатын Нұрлан Балғымбаевтың қытығына тигенге ұқсайды.  Осының әсері болар, Қаппаров түбі лауазымды қызметін тастауына мәжбүр болды.

Жә, құйтырқы саясат пен бизнестегі  мүдделер жайлы әңгімемен оқырманды  шаршата бермей, Қаппаровтың әсем стильге әуестігін тілге тиек етейік.  Интернеттегі туристік веб-сайттардың бірінен мынадай ақпаратты көзіміз шалды. Италиядағы дүниежүзіне әйгілі Комо көлінің жағасында «Джузеппина» атты элиталық  вилла бар. Сәулеті келіскен бұл үйге әсіресе қалталы азаматтардың қызығушылығы жоғары. 2007 жылы осы вилланы қазақстандық миллионер Нұрлан Қаппаровтың 8 миллион евроға сатып алғанын итальяндық басылымдар жарыса жазды. Элиталық тұрғын үйдің жаңа иесі мұнда фитнесс-центр, каскадты субұрқақ және жаңа бассейін салыпты.

Атышулы «Викиликс» сайтында Қазақстанға қатысты біраз құпия құжаттардың жарық көргенін көзіқарақты оқырмандар жақсы біледі. Сол құжаттарда Қаппаровтың да аты аталыпты. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметін атқарған Ричард Хоугланд өзінің Вашингтондағы Ақ үйге жазған депешасында Қаппаровтың Алматыдағы пәтерін былайша сипаттайды.  «Негізі, бұл баспананы пәтер деп атауға келмейді. Дұрысы, бұл жалпы көлемі 650 шаршы метрді құрайтын дуплекс. Ультразаманауи евро-стильде жасақталған пәтерде сонымен қатар қазақ қолөнерінің үлкен коллекциясы жинақталған.  Жеке кинотеатры, үш бөлмелі жұмыс кабинеті бар». 

Алматыда туғанымен, Нұрлан Қаппаровтың түп-тамыры  Қазығұрт ауданы болып есептеледі. Атбұлақ ауылына  мешіт пен мектеп салдыруға атсалысқаны қуантады. Ауыл балаларын физика мен математикаға көбірек баулуды жөн көрген ол тіпті қайбір жылы сонау Алматыдан білікті маман деп бір кісіні алдыртып, директор қыметіне тағайындаған. Бірақ, мұның соңы шатаққа ұласты. Аттай қалап алған  ол атышулы Исматулланың ізбасары болып шығып, мектеп оқушыларына зікіршілік ұстанымдарын жүзеге асыруға білек сыбана кіріскенін қайтерсіз. Әйтеуір, сопылықтың соңына түскен директор қызметінен босатылып, қазір бұл даулы мәселе ұмытылғандай. Кейінгі кездері Нұрлан Қаппаровтың елге келуі сирей бастағандай. Атбұлақ ауылына соңғы рет осыдан екі жыл бұрын келіп, осындағы физика-математикалық мектептің жұмысымен танысқаны ел есінде.

 Қаппаровтың қоршаған ортаны қорғау министрі қызметіне тағайындалуы жаңа саяси карьераның басы ғана деп есептейді сарапшылар. Нұрлан Жамбылұлының амбициясы өте жоғары екенін ішіміз ептеп сезеді. Бұл жолғы оралу...Жә, мейлі бұдан кейінгі баспалдақтары қандай болатынын тақсыр уақыт көрсете жатар.

"Ойнеттің" мұрағатынан, 29 наурыз 2012 жыл

Screenshot_2.jpg

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: