Кейбір адамдар үшін туған күн – ең керемет мереке. Енді бірі туған күнді тойлауды жақсы көрмейді. Неге? Адамның өзін қабылдай алмауы: Адамның өзін қабылдай алмауы отбасылық қарым-қатынастан, қоғамдағы орнынан байқалады. Егер адам бала кезінде махаббаттың жетіспеушілігін сезінсе, ол алдымен оны өзгелердің қабылдағанын күтеді. Баланың өзін қабылдау үрдісі іште жатқанда-ақ басталады.
Адамдардың назары: Кейбір адамдар шулы орта мен адамдардың өзіне бөлген назарын ұната қоймайды. Оларға өзімен оңаша қалған, салмақты да тұрақты өздерінің бірқалыпты өмірлері қызықтырақ. Туған күнді тойлату олар үшін тыныш күнде кенеттен басталған дауыл іспеттес. Қорытынды шығару: Туған күн – адамға берілген бір жылдық тізбектің аяқталып, келесі кезеңге өтуі. Өткен 365 күнде не істедіңіз, қандай жетістікке жеттіңіз, нені бағындырдыңыз – осы сауалдарға жауап іздейтін күн. Бірақ, кейде мақсат пен армандарымыз үшін 365 күн жеткіліксіз. Ойланып көріңізші, осы күні өзіне есеп беретін жандар үшін аса жағымды емес…
Бала кезден қалған қорқыныштар: Санамызда сақталып қалған қорқыныштардың болуы әбден мүмкін. Бірі туған күніне сәйкес келген қайғыны бастан кешірсе, енді бірі белгісіз қиындыққа тап болуы ғажап емес. Қанша жерден адам ұмытуға тырысса да, ми мен тән бәрібір есте сақтайды.
Дереккөз: massaget.kz