Бес саусақ бірдей емес. Кейбір еркектер нағыз азамат деген атқа сай болса, енді бірінен алыс жүрген абзал. Ессіз сүйіп қалып, кейін сан соғып жүрмеу үшін олардың қандай еркектер екенін есіңізде ұстаңыз.
1. Жоқ болып кететіндер
Кейбір жігіттер аяқ астынан біраз уақытта жоқ болып кетіп, қайта пайда болып жатады. Оның себебін сұрасаң, тығыз жұмыстарының шығып қалғанымен немесе басқа қалаға іссапармен барғандарымен түсіндіреді. Кейде бұл «тығыз жұмыстар» жиі қайталанып тұратын да жағдай болады. Ал ессіз ғашық болып қалған қыздар бұған көз жұма қарауға бейім. Ақылы барлар болса, мұның мән-жайын білмей, тыныш таппайды. Бұлары дұрыс та. Өйткені «пысықай» жігіттердің бір қалада бала-шағасы болуы, ал сіз алданып жүрген ақымақ болуыңыз мүмкін. Сондықтан істің ақ-қарасын біліп алыңыз, әлде мұндай еркектен алыс жүріңіз.
2. Жүрегі бос еместер
Бір аруға шын ғашық болып, бірақ одан қандай да бір себептермен айырылып қалған жігіттер басқа жанды шын сүйе қоюы екіталай. Сүйіктісі басқа қалаға, басқа елге кеткен немесе, айталық, басқа жігітпен қол ұстасқан болса, ол жігіттің аппақ махаббаты да, тіпті сүю қабілеті де сол қызбен бірге кетеді. Сондықтан мұндай жігіттер біреумен көңіл қосқанның өзінде оны әрдайым өзі айырылып қалған сүйіктісімен салыстырумен болады. Оның бойындағы «асыл» қасиеттерді сізден іздеп, таба алмасы көңіліңізді қалдыруы да ғажап емес. Сондықтан жүрегі бос еместерге жоламаңыз.
3. Дөрекілер
Ер адам бойындағы дөрекілік – оның ең жаман мінездерінің бірі. Дөрекі адамның өзіндік «Мені» тым жоғары болады. Ондай жандар сізді көпшілік ортада ұятқа қалдыруы ғажап емес. Сондықтан ондайлардан алыс болыңыз.
4. Ұяттан жұрдайлар
Ұятсыз адам иба-әдеп пен адамгершілік, ар-намыс дегеннің не екенін білмейді. Мұндай жандар да көпшілік ортада жағымсыз іс-қимылымен, әдепсіз сөзімен сізді жерге қаратады. Ал ондай адамдарды азамат деуге бола ма? Әрине, жоқ. Ендеше, олармен қош айтысыңыз.
5. Ажырасқандар
Әрине, адамның бәрі бірдей емес. Жақсылар да, жамандар да кездеседі. Қателігін түсініп, жаңа өмір бастайтындар бар. Десе де, психологтар ажырасқандарға жоламаған дұрыс екенін айтады. Өйткені олар «Үйренген жау соғысқанға жақсы» демекші, кез келген уақытта бұрынғы әйелдеріне кетіп қалады екен. Сондықтан осыны да ескеріңіз.
Дерккөз : anabol.kz