Сұрақ: Менің жасым 45-те. Екі ұлым бар. Үлкен ұлымның жасы 23-те. Ал кіші 21-де. Үлкені салмақты, жұмыс істейді. Бізді асырайды. Әрдайым әкесінің, менің ақылыма құлақ асып, не істесе де бізбен ақылдасып отырады. Ал кіші ұлым мүлде өзгеше. Өз дегенін жасағысы келеді. Мінезі де қырсық. Бір жұмысқа орналасса, бір айдан артық істей алмай шығып кетеді. Кезінде кенже болған соң еркелетіп алған өзіміз кінәлі шығармыз. Айтайын дегенім, кенже ұлым жақында үйленім деп бір қызды таныстыруға алып келді. Ал қыз маған да, әкесіне де ұнамады. Тылтиған қысқа көйлекпен келді, өзінің қазақшасы да шала. Үлкеннен қымсыну деген жоқ, бетіңе бедірейіп қарап, ойын ашық айта салады. Қыз кеткен соң баламызға ұнамағанын айтып едік, балам "маған да сендердің талғамдарыңдағы үзіліп-сызылып отыратын ауылбай қаздарың ұнамайды", - деп кесіп айтты. Мен осы қызға үйленемін деді. Қыздың тегін сұрастырсақ, әкесі сотталып, отырып шыққан, ал анасынан ажырасып кеткен екен. Қазір анасы басқа күйеуде көрінеді. Баламызға қанша айтсақ та, ол қыздың не кінәсі бар деп бой бермейді. Әрине, ол қыздың кінәсі жоқ қой. Дегенмен, тек деген қасиетті ұғым бар ғой. Және қыздың өзі мінезі жайлы, жақсы болса біздің қарсы болып неміз бар?!
Не істесек болады? Ақыл қосыңыздаршы?
Әлима, ОҚО
Психолог кеңесі: Әлима, ханым. Қазіргі жастардың психологиясы мен үлкендердің психологиясы екі басқа. Балаңыз егер ауылда өскен болса, түсіндіріп айтқаныңызға құлақ асар еді. Ал қалада өскен болса әңгіме бөлек. Біздің бере алатын кеңесіміз, ұлыңызбен тағы бір мәрте сөйлесіп көріңіз. Егер таныстарыңыздың басынан соған ұқсас жағдай өткен болса, соны мысалға алыңыз. Ал балаңыз тыңдамаса, онда еркіне жібергеніңіз дұрыс. Себебі жаңа технолония мен қоғамдағы түрлі қылмыстардың және экологияның әсерінен бүгінгі жастардың санасы, психологиясы әлсіз. Кез-келген болмашы нәрсенің өзін қабылдай алмай түрлі қатерлі жағдайларға жол беріп қояды. Ондай нәрселердің алдын-алу үшін баланы өз еркіне қойғаныңыз дұрыс. Егер сіз ол қызбен келін ретінде тұра алмаймын десеңіз, бөлек шығарыңыз. Мүмкін өздері керемет жарасып кететін шығар...
Дереккөз : anabol.kz