Қозы жасы.
Қазақ ұлы оннан асысымен қозы жасы атайды. Бұл шақта баланың міндеті, істейтіні - қозы бағу. Бұл еңбекке баулудың қазақша бастауыш сыныбы іспетті. "Қозы" жасы аталуы да содан.
Жоғарыда өзіміз сөз еткендей қағаз-қалам ұстап партада отырған оқушысы болғанымен, өрісте қолына ақ таяқ ұстап, еңбекке шынығып жүрген баласы бар қазақ бір жағынан зиян тартса, бір жағынан пайда тауып жатады. Түбінде оқу-ғылым теріс емес қой. Бірақ түйенің өзі - түйе, құмалағы түйе болмайтынындай, оқығанның бәрі ойлаған жерден шыға бермейды... Ал қозы жасы деп аталатын еңбек мектебіндегілер шөгелдікке қанша айтқанмен бейім келеді.
Бұл арада біз оқудан ат-тонды ала қашудан аулақпыз. Әңгіме қазақтың ертедегі әлқиссасы жөнінде болып отырған соң, сол кездегі қазақтардың бала тәрбиесі, оқытуы болмады дегендерге ескерту жасау ғана.
Өйткені қазақ балаға жастайынан қатал қараған, баули білген.Кей халықтың өозы жасындағылары сары далада сарылып қозы бақпақ тұрғай, жеңіл-желпі киініп есік алдына шықса ауырып қалады.
Алматының кейбір биік үйінен басқаны көрмеген он жасы қойып, жиырмадағы баласы ауылға келгенде отын бұтай алмай тыраңдап жатқанына талай куә болғанбыз.
Қазіргі халыққа қозы жасындағы балаға жүз қозыны итарқасы қиянға апарып жаю өте қиын көрінгенмен, ол кезде он жастағыларға онан жеңіл жұмыс жоқты.
Қой жасы.
Қозы жасындағы бала он беске - отау иесі делінетін жасқа келісімен, бастауышты бітіріп, жоғары сыныпқа көшкен оқушыдай кәсібін ауыстырады. Қозыдан қой бағуға шығады. Отаудың иесі деп үміт күтіп отырған жасты қой бағуға жарамайды деп қазақ ешқашан ойлаған емес. Сондықтан он бес пен жиырма бестің арасын қой бағу жасы деген ертеде.
Ал сиыр мен түйеге ие болу кәрі-құртаңның сыбағасы. Қазақтың ертедегі ең көп ұстаған малы жылқы мен қой. Онан соң түйе.
Он бес пен жиырма бестің арасын қой жасы дейтіні - бір қара қойды ит-құсқа жегізбей, жоғалтпай бағу. Жауын-шашында, боранда аман сақтау, күн шыққаннан қас қарайғанша жалықпай жайып, кең далада жападан жалғыз жүру осы жастардағы аз адамның қолынан келеді. Он бестегілердің өте бір қағілезі болмаса төзуі қиын. Бірақ төзбеуге болмайды. Бұл қой жасынан еті тірілер ғана, өзіне сенімділер ғана жылқы жасына ауысады.
Дереккөзі: "Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл" кітабы.
Фото: forum-eurasica.ru