Қонақжай қалақалпақтар шаңырағына қонақ келгенде бас қосып, дастарханға отырғанда асты ауыз тимей тұрып қолдарын жайып «Құрмет пен абырой, абыройдан айырмағай» деп бата қылады. Түркітілдестер бірге тойлайтын Наурыз мерекесін қарақалпақ бауырлар ерекше ықыласпен, ұлттық киімдерін киіп, дастархандарын ұлттық дәмге толтырып, жүздері қуанышқа бөленіп, ақ тілектерін тілеп Жаңа күн деп қарсы алады.
Қазақтан қарақалпақтарының ерекшелігі, бұл күні олар «сүмәләк» деген дәмді пісіреді. Ақпарат көздерінде бұл сөздің парсы сөзінен шыққандығы және салтанатты мерекелерде иран, өзбек, тәжік, қырғыз және Орталық Азияның басқа да халықтарының бидайдың дәнінен дайындайтын асы екендігі жазылған. Сонымен бірге «сүмәләктің» адамға рухани және тән қуатын беретіндігі, оны көтеріңкі көңілмен, жақсы ән-күйлерді шырқап отырып дайындау қажеттігі де айтылған. Ұсатылған бидай дәнін қазанға салып мақта майымен ұзақ уақыт қайнатады, үздіксіз араластырып отыру шарт. Қазан түбі күйіп кетпеуі үшін асқа бірнеше кішкене тастар салынады. Этностардың түсінігінше, бұл тастар кімге түссе сол адам тілек тілеуі қажет.
Ал қарақалпақтардың сенімі бойынша қазандағы қайнап жатқан дәнге бір түйір тас салынады, кейін даяр асты таратқанда сол тас кімге түссе сол адамның барлық ізгі тілегі қабыл болады. Бұл дәмнің шығу негізі туралы әр халықта әртүрлі аңыз-әңгімелер айтылып келеді. Дегенмен, мына бір аңыз әңгіме бізге ерекше. «Су+мәләк» сөзі «үш періште» деген мағынаны білдіреді. Соңғы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті қызы Фатима анамыз хақ дін үшін күрескен мұсылмандарға олар соғыстан қайтқан кезде ас пісірмек болады. Бидайды қайнатып отырып көзі ілініп кеткен сәтте, үш періште келіп асты пісіруді жалғастырыпты. Ұйқыдан анамыз оянғанда қоймалжың, тәтті ас пісіп даяр болыпты. Үш періштенің көмегімен дайындалғандықтан астың аты «Сумәләк» аталыпты».
Бесік тойы қазақтармен басым ортақтықтарға ие этноста бесікке салып, сәбиге "тыштырма" жасалып, тәтті дәмдер салынғанда жас келіншектер ырымдап кәмпит, ұсақ ақшаларды алақанын тосып алады. Бесік үстіне бауыры бүтін, бақытты әже шығып, «шабады». Ол адамға той иесі құрметпен арнайы сый-сыяпат беріледі.
Әй-у, әй-у, әй балам,
Ақ бесікте жат балам.
Айналайын жан балам-ау
Өніп, өсіп кел, балам.
Сарқып аққан айымсың
Кішкене ғана тайымсың
Айналайын жан балам
Анаң тілін ал балам
Кім болсаң да өз еркің
Бола гөр жаным, тек аман.
Киіз үйде тұрып, көшпенді өмір салтын кешкен қарақалпақ пен қазақтың дәстүрінде, тілінде, дінінде, әдет-ғұрпында және музыкалық жанрларында осындай бірқатар ұқсастықтар кездеседі.
Дереккөз : anabol.kz