Дәрігер Евгений Комаровскийдің көпшілік құрметіне ие, өз ісінің маманы екенін баршамыз білеміз. Ендеше, Комаровский тұмаудан айығудың қандай жолдарын ұсынады?
Тұмаудың түрі көп. Ал, бастысы, оның ауа арқылы жұғатынын ұмытпау қажет. Тұмаудан қалай дұрыс емделген жөн? Егер дене қызуы көтерілсе, не істеу керек?
Комаровскийдің кеңестері
Тұмаудың алдын алу:
Егер тұмауға қарсы екпе алу мүмкіндігі болса, оны міндетті түрде алу керек және бүкіл жанұяңызбен! Бір отбасынан бір-ақ адам екпе алып, «Енді қыс бойы ауырмаймын» деуі бекершілік. Өйткені жанындағылары ауырса, оның да тұмау вирусын жұқтыру қаупі жоғары.
Вирусқа қарсы профилактикалық құралдар деген атымен жоқ. Пияз бен сарымсақ та, шөптердің тұнбасы мен соратын түрлі таблеткалар да тұмаудан айығуға еш көмектеспейді. Бұлардың барлығы – бар болғаны жүйке жүйесін тыныштандыру амалдары.
Вирусты таратушы – адам. Сондықтан адам (айналаңызда) қаншалықты көп болса, тұмауды жұқтыру қаупі де соншалықты жоғары. Карантин – эпидемиямен күрестің ең тиімді жолы.
Тұмау жұқтырған адам басқаларға вирус таратпау үшін медициналық бетперде тағуы керек. Жөтелген кезде науқастың түкірік тамшылары ауаға ұшпай, бетпердеде қалады. Осылайша вирустың таралуына кедергі жасайды.
Қолды дезинфекциялайтын құралдармен жиі жуу керек. Егер жууға мүмкіндік болмаса, қолды үнемі дымқыл орамалмен сүртіп тұрған жөн.
Эпидемия кезінде қол алысып амандасудың қажеті жоқ. Сондай-ақ қағаз ақшамен де вирустың таралатынын ескеріп, мүмкін болса, картаны қолданған жөн.
Эпидемия кезінде таза ауада серуендеудің зияны жоқ. Тек адам көп жиналатын жерге бармаған жөн.
Суық күндері үйді қатты жылытып, вирустардың одан ары таралуына жағдай жасауға болмайды. Бөлме температурасы бірқалыпты болуы керек, шамамен, 20°С, ал ылғалдық 50–70 % болуы керек. Үнемі еденді дымқыл шүберекпен сүртіп, жиһаздардың шаңын тазалап тұру керек.
Кез келген вирусқа қарсы тұру үшін мұрын қуысының құрғап кетпеуі маңызды. Мұрынға арнайы тамшылар тамызып тұруға болады. Оларды дәріханадан сатып алыңыз немесе өзіңіз дайындап алуыңызға болады. Ол үшін шай қасық тұзды литр қайнаған суда ерітіп, ыдысқа құйып қойыңыз. Сол сумен жиі-жиі мұрын қуысын шайып тұрған жөн.
Тұмауды емдеу
Жылы киіну керек, бірақ бөлмеде 20°С қалыпты температура мен 50–70 % ылғалдылықты ұстау керек.
Ауырып, әлсіреп отырған адамды күштеп тамақтандыруға болмайды. Десе де, сұйықтықты көбірек ішкені жөн.
Мұрын қуысын үнемі тұзды сумен шайып отыру қажет.
Егер дене қызуы көтерілсе, парацетамол мен ибупрофен қолдану керек. Аспиринге жоламаңыз.
Вирусты инфекциялар антибиотиктермен емделмейді. Бұлар тұмаудан айығуға емес, керісінше, оның асқынуына апаруы мүмкін.
Мукалтин немесе Лазолван сияқты қақырық сұйылтатын дәрілерді дәрігердің рұқсатынсыз қабылдауға болмайды.
Дереккөз : anabol.kz