Адам баласы айналасындағы және өзіне жақын адамдардың мінез-құлқын білуге құштар-ақ. Себебі мінез жарастығына көп нәрсе байланысты. Сондықтан болар, көпшілік, әсіресе қыз-келіншектер психолог мамандардың адамның мінез-құлқын анықтау үшін дайындаған түрлі тест сұрақтарына бар ынтасымен жауап беріп жатады. Сол секілді адамдардың аптаның қай күнінде туылғанына қарап та оған мінездеме беруге болады екен.
Дүйсенбі
Дүйсенбі күні туылғандар ұлы істерді атқаруға келгенде орашолақтау. Бірақ олардың мінезі бірбеткей, қашанда тез шешім қабылдайтындардың тобына жатады. Сөздері көңіл-күйлеріне байланысты.
Байқасаңыз, дүйсенбі күні туылған адамдар өзгелердің ақыл айта бергенін ұнатпайды. Олар шабыттана сөйлегенді, өзгелердің оны мұқият тыңдағанын және айналасындағылардың әрдайым өзін мақтап, қолпаштап отырғанын жақсы көреді. Біреуге қарыз бергенді де, алғанды да қаламайды.
Олар еті мол тағамды жегенді ұнатады. Бір қызығы, әйел болсын, мейлі ер адам болсын, бұл күні туылғандар гүлдерді онша ұната бермейді. Тағы бір ерекшелігі, олар өзгелердің кемшілігін тез көріп, олардың үстінен жұрттың көзінше күлуі мүмкін. Дегенмен дүйсенбі күні кешке қарай туылғандар жұмсақ мінезді, әрі сезімтал болып келеді.
Сейсенбі
Бұл күні туылғандар үнемі қысқа шашпен жүргенді ұнатады. Көпшілігі жүрген кезде иықтары еңкіштеу тартып кетеді. Көбіне олардың терілері қоңырқайлау болып келеді.
Сейсенбі күні туылғандар онша қысылып, ұяла бермейді, олардың таң қала қоюы да қиын. Көп жағдайда өз пікірінде қалады. Солай бола тұра олардың батылдығы да жетерлік. Олар өзім деген адамын қиындықта қалдырмайды, ылғи да көмектесіп жүреді, құтқаруға тырысады. Сейсенбіде туылғандардың өмір жастары ұзақ, сондай-ақ, жүрген ортасына тез бейімделгіш келеді.
Олардың өзгелерден бір ерекшелігі, қандай жағдайда өмір сүрсе де ертеңгі күнге деп қор жинайды. Әсіресе қартайған кезде қиналмай өмір сүру үшін ерте қам жасайды, бірақ оны ешкім байқай бермейді. Өйткені оны айналасынан құпия сақтап, айтпайды. Олар сұсты көрінгенмен адамдарға тез ұнай біледі.
Сәрсенбі
Бұл күні дүниеге келгендердің өмір сүру ұзақтығы әрқалай болады. Өмірде кездескен қиындықтарды қашанда жеңуге тырысады және жеңе біледі. Олардың түр-тұлғалары әдемі болғанымен, мінездері жеңілдеу. Сәрсенбі күні туғандар әрқашан шынайы, таза көңілмен тірлік жасайды және отбасына шын берілген, қамқор жандар қатарына жатады. Осындай жақсы қабілет-қасиетке ие бола тұра олар көбіне өмірден жаны жалғыз болып өтеді. Өйткені аса нәзік көңіліндегі ішкі толқындарды нақты түсіне алатын адамын табуы қиын. Сондықтан оның жан-жағы ұл-қыздары, сүйікті жарымен тола болса да іштей жалғызсырап жүреді. Бірақ ол барлық күш-қуатын отбасы мен балаларына арнайды. Ол өзінің өміршеңдігі, еңбекқорлығы арқасында дәулетті өмір сүруі де мүмкін.
Бейсенбі
Бұл күні туғандардың бет-жүзі сүйкімді, терісі ақшыл, бетінің ұшы қызғылт тартып тұрады. Біреуге тік қарайтын батыл, көз жанарлары тұнық болады. Олар бастарын жоғары ұстап, қашанда маңғаз жүреді. Біреуден қарыз сұрағанды жек көреді, қара нанмен, қара сумен отырса да айналасына білдірмеуге тырысады. Жанға жайлы ән-күйді, суды, суда жүзуді ұнатады. Өмірде көп адамды ұнатқанмен, тез айнып кетеді, бірақ сыр бермейді. Сндықтан оны махаббатта тұрақсыз деп ойлайтындар көп.
Бейсенбі күні туғандар тамақты дәмді дайындайды және достарын өз қолымен пісірген асқа шақырғанды жақсы көреді. Олар жақсы дос, қамқор ата-ана, сондай-ақ ешкімнің жеке өміріне, жеке тірлігіне араласпайды және басқалардың да өзіне кедергі жасағанын қаламайды. Олардың ең қатты бағалайтын нәрселері – әдемілік пен тыныштық. Бейсенбі күні туғандар мансапқа онша қызыға бермейді.
Жұма
Жұма күні туылғандар ашық көзді, қастары көтеріңкі, қарлығаш қанатындай қиғаштау, қадамдары кең болып келеді. Тіпті қатардағы қызметкер болса да, танымайтын адам оны бастыққа санауы мүмкін. Себебі олардың жүріс-тұрысында өзіндік маңғаздық сезіледі. Олар әзіл-қалжыңға жақын болады.
Жұмада туылғандар ән айтқанды және тыңдағанды, кітап оқығанды, әдемі киінгенді ұнатады. Олар өзіне ұнамаған затты ешқашан сатып алмайды, яғни талғамы биік. Айнаға және аспанға жиі қарағанды жақсы көреді. ¬иялдағанды ұнатады және оны кейде шындық екен деп те ойлап қалады. Хат, күнделік, өлең жазғанды, сурет салғанды жақсы көреді. Білім алуға мүмкіндігі болса, міндетті түрде соңына дейін оқып бітіреді. Өзгелердің қайғы-мұңын түсініп, көмек бергісі келіп жүреді. Өзгенің баласын атақ үшін емес, сауап үшін қарап, тәрбиелеуі мүмкін. Егер жұма күні туғандар әр жұмада ораза ұстап отырса, ұзақ өмір сүреді.
Сенбі
Бұл күні туғандар күйгелектеу, ызақорлау болып келеді. Олардың қатты ашуы келгенде не айтып, не қойғанын өздері білмей қалатын кездері жиі болады. Бірақ қанша ашуланғанымен қайтымы тез, өз кінәсін мойындап, жуып-шаюға әрекет ете бастайды. Әйтсе де өзгелердің есебінен ішіп-жегенді де жек көрмейді, бірақ онымен қарны қампайған семіз бола алмайды. Негізінен, бұл күні туғандар сымға тартылғандай тіп-тік, майысқыш болады. Бастары үлкендеу, шаштары қалың. Киім мен әшекейлерге онша қызықпайды, бар бақыт онда емес деп есептейді. Өздерін ақылды санайды. Өзгелердің ақыл-кеңесіне жүгінетін болса да, айтқан кеңесті назарға ала бермеуі мүмкін.
Жексенбі
Жексенбі күні туғандардың қорғаушы періштелері мықты болады. Бұл күні туғандардың көпшілігі бақытты жандар. Олардың ішінен бастықтар, ғалымдар, қолбасшылар, музыканттар, суретшілер көп шыққан. Олар көп ауырады. Бірақ қанша қатты ауырса да тез жазылады.
Жексенбі күні туған адамдар өз-өздеріне қарап, дұрыс өмір сүретін болса, өмір жастары ұзақ болады. Бұл үшін қолайлы жағдайды жасау керек. Айналасындағы жақын адамдар оларға қатты сенеді, олардың болашағынан көп үміт күтеді. Сондықтан оларға қарызды оңай береді, қандай тірлік істеп қойған болса да тез кешіреді, өйткені жексенбі күні туғандарды жақсы көрмеу, кешірмеу мүмкін емес сияқты.
Дереккөз: vk.com