Жұмыста табысты болу үшін қажетті шарттардың бірі – позитивті көңіл-күй. Өз көңіл-күйіңізді өзіңіз көтересіз, әрине.
Бәрі таңертең ұйқыдан тұрғаннан басталуы тиіс. Алдымен ерте тұрыңыз: ерте тұрған қыз-келіншектің бір ісінің артық екенін білесіз ғой. Жуынып алған соң ас бөлмесіне кіріп, бір стақан су ішіңіз.
Айнаға қарап, сүртініп тұрып, өз көркіңізге өзіңіз сүйсініңіз. Бүгін сізді жанға жайлы керемет оқиға күтіп тұрғанын (олай болмаса да, соған өзіңізді сендіріңіз) ойлаңыз. Таңғы асыңызды асықпай ішіп алыңыз.
Кешеден дайындап қойған киімдеріңізді киіп, аксессуарларыңызды тағып, үйден жұмысқа 10–15 минутқа ерте келетіндей есеппен шығыңыз.
Қоғамдық көлікте ешкіммен ұрыспай, керісінше әсем киінген жандарға көбірек көңіл аударыңыз. Егер өз көлігіңізде болсаңыз, көлік кептелісінде тұрғанда бүгін сізді тек жақсы нәрселердің күтіп тұрғанын елестетіңіз.
Жұмыстағы үстелде қажетті қалам-қағаздан басқа ештеңенің болмағаны жақсы. Таза су құйылған бөтелке мен таза стақан тұрғаны абзал. Күніне 2 литр су ішу қажеттігін есіңізге сала кетейік.
Әр 1 сағат сайын әріптестеріңізге кедергі жасамай, көзге, денені иілтіп-бүгілтіп жаттығу жасауды дағдыға айналдырыңыз.
Әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз дұрыс болсын. Жұмыс барысында келіспеушілік болады. Алайда оны тек іскерлік қарым-қатынастағы пікір, көзқарас тұрғысынан ғана қарау керек. Егер өзіңізбен сөзі жарысатын бір әріптесіңізбен бірігіп алып, болған жайтты талқыласаңыз, ұжым арасында кикілжің, өсек-аяң тудыруға себепші болатыныңыз хақ. Әріптестеріңіздің киім киісі, жүріс-тұрысы ұнамаса да, оны сөз ету орынсыз, қажет деп тапса, оны әкімшіліктің өзі-ақ жасайды.
Өз шығармашылығыңызды, дарыныңызды ашуға мүмкіндік берген жұмыс орныңызға ризашылығыңызды білдіріп жүру, жұмыс қабілетіңіздің одан әрі ашыла түсуіне арқау болады.
Бір істі толық аяқтағасын барып, екіншісіне көшуге әдеттенгеніңіз жөн. Жалпы өз біліміңізді көтеру жолдарын ойластырыңыз.
Жұмыс уақытының бітуін тағатсыздана күтудің текке шаршататыны есіңізде болсын. Оның есесіне бүгінгі жасаған жұмысыңыз үшін өзіңізге алғыс айтып, ертеңгі күннің жоспарын жасап қойыңыз. Жұмыс уақыты аяқталған соң, үстелдің үстін тап-тұйнақтай етіп жинастырып, әріптестеріңізбен жылы жүзбен қоштасыңыз.
Дереккөз: reactor.inform.kz