Телефонды кім ойлап тапты немесе «Алло» сөзі қайдан шыққан?

0_1545207454.9922.jpg

Әдетте біз телефонды тапқырлаған Александр Грэхем Белл деп жүргенімізбен, телефонның дүниеге келуіне төрт адамның таласы бар. Яғни олар: Итальяндық иммигрант Антонио Меуччи, Томас Эдисон, Грэхем Белл және Елисей Грей. Негізінде, телефонды бірінші болып тапқырлаған Грэхем Белл емес, Антонио Меуччи болған. Антонио Меуччи әпенделеу, дегенмен аса көрнекті флоренсиялық өнертапқыш. 1850 жылы АҚШ-қа келді. 1860 жылы Меуччи алғаш рет өзінің жұмыс істейтін электрлік құрылғысының моделін көрсетеді, ол оны teletrofono деп атайды. 1871 жылы – Александр Грэхем Белл өзінің телефонын патенттеместен 5 жыл бұрын — жаңалық ашуға алдын ала  өтінім ( ол уақытша патент ретінде) береді. Дәл сол жылы Меуччи Стейтен-Айлендте паромдағы бойлердің жарылуынан қатты күйіп қалады. Ағылшын тілін нашар білетін және жұмыссыздық есебінен алатын  жәрдемақыға күнелтіп жүрген Меуччи, 10 доллар таба алмай сол күйі 1874 жылы өзінің өтінішін қайталап бере алмады.

 1876 жылы Беллдің патентін тіркеуден өткізген кезде, Меуччи оны сотқа береді. Себебі осыдан екі жыл бұрын италияндық ірі американдық «Вестерн юнион»  телеграфтық компаниясының зертханасына эскиздер нұсқасы мен жұмыс істейтін модельдерді жіберген болатын. Ақылға қонбайтын кездейсоқтық бойынша, Белл дәл сол зертханада жұмыс істеген екен және Меуччи жіберген модельдер құпия түрде жоғалып кетеді.

 Меуччи Александр Грэхем Беллге қарсы іс бойынша соттың шешімін ести алмай, 1889 жылы кедейліктен қайтыс болады. Нәтижесінде телефонды ойлап табу  бойынша барлық атақ-даңқ Меуччиге емес, Беллге тиесілі болды. 2004 жылы тепе-теңдік ішінара қалпына келтірілді. АҚШ конгрессінің төменгі палатасы «Антонио Меуччидің өміріне және жетістіктеріне лайықты баға беріп, телефонды ойлап табу ісіндегі еңбегін мойындау туралы» заң қабылдады.

 Ал, Елисей Грейдің телефон тапқырлау таласына келсек, ол телефонды тапқырлады деп жүрген Грэхем Беллмен бір күнде, яғни, 1876 жылы 14 ақпан күні, телефонды патенттеуге өтініш береді. Сол кездегі Американың патент заңы бойынша, Елисей Грейдің өтініші екі сағат кешіккені үшін, бірінші келіп түскен Грэхем Беллдің өтініші заңдастырылып, тарихта телефонды тапқырлаған Грэхем Белл болып қалады..

 Ал, соңында, Томас Эдисонның қатысына келсек, мыңнан артық тапқырлықтарымен тапқырлық патшасы атанған ұлы тапқыр Эдисон да телефонның дамуына өз үлесін қосқан.  Грэхем Беллдің телефон патентін ертерек тіркетіп алғаны болмаса, Томас Эдисон да сол кезде телефон туралы зерттеу жасап жатқан-ды. Алайда, телефонды бірінші тапқырлаған адам ретінде патенттей алмаса да, Эдисон телефонды одан әрі дамытып, қолданылымдығын жоғарлату жағында зор үлестер қосты. Беллдің бір қабырғадан екінші қабырғаға азер естілетін құралын бір қаладан екінші қалаға хабарласа алатындай етіп дамытты.

 Оған қоса, біздің тақырыпқа арқау болған « Алло» (Hello) сөзінің де телефонда бірінші рет қолданушысы ретінде тарихта қалып отыр. Телефон дүниеге келген соң, адамдар көп түрлі сәлемдесу дағдыларын істетіп көрген. Ол кезде « Не қалайсыз?» , « барсыз ба?», « сөйлеуге дайынсыз ба?» деген сияқты көптеген нұсқалар болған. Ал, телефонды тапқырлады деп жүрген Беллдің өзі « Ахой, хой» (Ahoy, hoy) деген сөзді қолдануды қуаттаған. Алайда, Беллдің бұл қолданымы кең қолданысқа йе бола алмады. Керісінше, телефон қолданушылар Томас Эдисонға еліктеген. Телефон тұтқасын алғаш көтергенде, Эдисон телефонның ар жағында кімнің бар-жоқтығын сұрамай, тек жай ғана « Алло» ( Hello) деген. Осыдан кейін, Томас Эдисонның бұл сөзді « тапқырлауы» туралы көптеген аңыздар тарап кетті. Ал, бұл қауесет-аңыздардың тарауы 1980 жылы Аллен Кенигсбергтің нақты айғақтама тапқанына дейін жалғасқан. Аллен Кенигсберг сол кезде Томас Эдисонның Питтсбургтағы телеграф компаниясының президенті T.B.A. Дэвидге жазған хатын тауып алған. 1877 жылы 15 тамызда жазылған ол хатта Томас Эдисонның алғаш рет «Алло» (Hello) сөзін қолданғаны туралы айғақтамалар болды.

Ал, «Алло» сөзін Александр Грэхем Беллдің сүйген қызының есімінің (Алессандро Лолита Освалдо-мыс.) қысқарғанынан шыққан екен деген уәждің қаншалықты салмағы бар екенін ойлаудың өзі күлклі іс, әрине. Оның үстіне, Грэхем Беллдің сүйген жарының есімі Алессандро Лолита Освалдо емес, қайта, Мейбл Хаббард Белл болған. Оған қоса, өкінішке қарай, Беллдің сүйген жары телефон қолдана алмайтын адам, себебі, оның жары құлағы естімейтін саңырау болған. Тағы бір шындық, Белл телефонды тапқырлаған соң, оның қолданып, қуаттаған сөзі «Ахой» (Ahoy) болды.

 Қорытып айтқанда, «Алло» сөзі, біреулер қауесет еткендей, бір қыздың есімінің қысқартылғанынан шыққан емес, қайта, тарихи жазбаша айғақтамалары бар, «Hello» сөзінен шыққандығы бесенеден белгілі болып тұр.

 Ал, сөз соңында реті келген соң, айтпай кетуге келмейтін бір жайт тағы ойға оралады: шындығында, әр халықтың өз сөйлеу мәнері, сөз қолданысы бар. Телефон көтергенде, өзге елдер өздерінше үйлестіріп, ыңғайына қарай бір сөз қолданады екен. Мысалы: итальяндар «пронто», жапондар « моси моси», қытайлар « вэй»,  кәрістер «ёбосэё», гректер «паракало», арменияндар «лсум эм», испандар «diga», орыстар «алло», ал ағылшындар мақалада айтып кеткендей Томас Эдисонның « хелло»-сын қолданады екен. 

 

Дереккөз: qasym.kz


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: