Қыздардың қалауындағыны қалай білеміз?

691-1476216857-9ddfd9e4aa.jpg

Ер адамдар тік мінезді, ойындағысын тура айтады. Ал әйел затының өзі де, сөзі де жұмбақ. Жігіттерше төтесінен тарс еткізгенше, жұмбақтап сөйлейтін қыздардың қалауындағысын біліп болмайсың.

 

 Мұндай мінез, әсіресе, мереке алдында ер адамдарға біраз қиындық тудырары анық. 8 наурызға не сыйлауға болады? Сүйіктісінің көңілінен шығып, ойындағысын дөп басу үшін не істеу керек? Аяулы анамыз бен әпке-қарындастарымыздың қалауы не? Ал әріптес қыздарға қандай сый жасаған жөн? Ендеше, жігіттер, біздің кеңесімізге құлақ түріңіздер!

        

 Сүйіктіңізге тосын сый жасаңыз

 Әйел адамдар ең алдымен романтиканың болғанын қалайды. Егер мүмкіндік болып жатса, осынау нәзік жандылар мерекесінде сүйіктіңіз өзін ханшайымдай сезінуіне жағдай жасаңыз. Ол үшін жарыңызды кең сарайға кіргізіп, алтын таққа отырғызудың қажеті жоқ. Бар болғаны назардан тыс қалдырмай, көңіл бөліңіз. Жанында арқа сүйер тірегі, қол ұшын берер қамқоршысы, өзін аялай білетін сүйіктісі бар екенін көрсетіңіз. Айталық, осынау мереке күні асүйдің бүкіл тірлігін өз мойныңызға алмасаңыз да, қолыңыздан келетін бір дәмді ас әзірлеп, қуантыңыз. Тосын сый жасаңыз. Мүмкін болса, хош иісті май шамнан жағып, романтикалық кеш ұйымдастырыңыз. Гүл сыйлап, әдемі әуенді биге шақырыңыз. Жарыңыз үшін бұдан артық сыйдың қажеті де жоқ. Ал мүмкіндік болып жатса, алтын мен гауһар тас, қымбат тон сыйлаңыз немесе бірге көңілді саяхатқа шығыңыздар.

Жарық өмір сыйлаған анаңыздан аямаңыз

 Аяулы аналар үшін, әрине, баласының аман-есен жүргенінен артық сый болмас. Дегенмен, сізге жарық өмір сыйлаған анаңызға осынау мереке күні қандай сый-құрмет көрсетсеңіз де артық болмасы анық. Алыста болсаңыз, міндетті түрде хабарласып құттықтаңыз. Ал жанында болсаңыз, онда анаңызды қолыңыздан келгенінше қуантуға тырысыңыз. Мүмкіндігінше көп уақытыңызды жанында өткізіңіз. Құшақ-құшақ гүл, иіссу, тәттілер сыйлаңыз, жылы орамал, шәлі сыйлаңыз. Керек болса, қызығушылықтары мен айналысатын ісіне қарай не қажет екенін сұрап алыңыз. Анаңызды кино, театр, концертке ертіп барыңыз. Мүмкіндік болса, демалыс орындарына, санаторийларға 1-2 аптаға жолдама сыйлаңыз. Тек анаңыздан аяп қалуға болмайтынын есте сақтаңыз.

Қарындасыңызды құттықтауды ұмытпаңыз

 Әпке, жеңгелеріңіз бен ерке қарындастарыңызды әдемі гүл шоғырларымен қуантыңыздар. Жұмсақ ойыншықтар, иіссулар мен иісмайлар, әшекейлі бұйымдар, қолсағаттар, сөмке, орамал, тәтті тоқаштар, мүмкіндік болса, ұялы телефон мен планшеттер де жақсы сыйлық болмақ. Сонымен қатар сүйіп оқитын кітаптары, тыңдайтын әнжинағы немесе киноға билет. Осындай бір тамаша сыйлықпен ағалық қамқорлығыңызды көрсетуге әбден болады. Ал тіпті болмаса, қоңырау соғып немесе телефонына хабарламамен жақсы тілектеріңізді білдіріңіз.

Әріпестер үшін

 Күнделікті 8 сағат уақытымызды әріптестеріміздің жанында өткіземіз. Ал осынау мереке күні жұмыстағы нәзік жандыларға сый жасап, олардың көңілін неге көтеріп қоймасқа?! Әріптес қыздарға қандай сый жасаған жөн? Статистикаға жүгінсек, бірінші орында гүл тұр екен. Яғни ер азаматтар қызметтес қыз-келіншектерге көбіне көп гүл шоғырларын сыйлайды. Ал одан кейінгі орындарда тәттілер, ескерткіш болатын шағын мүсіндер, картиналар және шай ішетін стақан, магнитті суреттер, косметикалар тұр екен. Сондай-ақ қызметіне байланысты күнделікті жұмыста пайдаланатын заттар сыйланатын көрінеді. Мысалы, қаламсап, күнделік, белгілі бір кәсіпке байланысты кітап-оқулықтар, тағысын тағы.

Есіңізде болсын!

         Дәл 8 наурыз күні нәзік жандыларға сый жасаймын деп, ренжітіп алып жүрмеңіз.

  1. Сүйіктіңізге беттегі әжімге, безеуге, қара дақтарға қарсы, сондай-ақ артық майдан арылтатын кремдер алмаңыз.

  2. Тұрмыстық техника немесе тұрмыста қолданатын өзге де ұсақ-түйек сыйлаудың қажеті жоқ.

  3. Тіпті ыдыс-аяқ та сүйіктіңізге сыйлайтын сыйлық емес екенін естен шығармаңыз.

  4. Киім-кешек аламын деп нар тәуекелге барудың қажеті жоқ. Алған көйлегіңіздің ойынан шығу-шықпауы бір бөлек, сондай-ақ не кең, не тар болып қалуы да ғажап емес қой.

  5. Шағын мүсін, картина сияқты ескерткіш сыйлықтардың да кез келген келіншектің көңілінен шыға бермесі анық.

  6. Иіссу алғанда да абай болыңыз. Сүйіктіңіздің ойындағы иісті дұрыс таңдай алсаңыз ғана тәуекелге барыңыз.

 

 

 

Дайындаған: Құралай Мұратқызы

          Дереккөз : anabol.kz

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: