Қара-Оола Төлешұлы Допчун-Ооланың кеңестерін оқыңыздар:
1. Көшеде келе жатып құстың қанатын тауып алсаң, үйге әкеп, құмыраға сал, сөреге жинап қой, бір жерге іліп қойсаң да болады. Бұл Көктің өзі сыйлаған өте күшті тұмар. Хақтың осындай ерекше сыйын байқап жүр.
2. Өзеннің тасын жинап жүр. Өзеннен алған тастың күш-қуаты ерекше болады.
3. Өзгеге шын ынтаңмен көмектесуге тырыс. Шын қуанта алмасаң, тым болмағанда кесіріңді тигізбе.
4. Қиындық деген шартты нәрсе. Өте үлкен қиындық – бұл күрделі шарттылық. Аспан бар, ол кейде бұлт арасынан көрінбей қалады. Шамаң жетсе (мәселен, ұшаққа отырғанда), сол бұлттың үстінен өтесің де, аспан өз орнында тұрғанын көресің. Тәңір жар болсын!
5. Арманыңа жету үшін кейде бір қадам жасасаң да жеткілікті. Қиындықтан қорықпа. Қиындық әрқашан бар, әрдайым алдыңнан шығады. Әр бастамаңа ақ жол тіле!
6. Адамның ең бірінші адамгершілік қағидасы ешқашан ешкімге зиянын тигізбеу болсын. Бұл ұстаным өмірдің тұғырына айналсын: «Мен ешқашан ешкімге зиянымды тигізбеймін». Ойлан...
7. Тірі жанның бақытына айналған адам өзі де бақыттың бесігін тербетеді. Егер өзгенің қайғысына себепші болсаң, өзің де бақытсыздыққа душар боласың. Ойлан...
8. Күніне бір сағатты міндетті түрде тыныштыққа арнау керек. Жан тыныштық елмен араласу сияқты адамға өте керек қасиет.
9. Жақсы көру – жер бетіндегі ең ұлы қасиет. Жолыңдағы әр адамды жақсы көріп үйрен, тіпті дұшпаныңды да.
10. Су қоймаларына қоқыс тастама. Ешқашан. Су патшасы қатты ашулануы бек мүмкін. Су патшасының көңілін аулау үшін суға нан, сүт, тиын тастауға болады.
11. Әдетте адам баласы өткен кезеңді өмірінің алтын кезі, бақытты шақтар деп атайды. Бұл қате. Келіп жеткен әр сәт – қолда бар алтын шақ, бақытты кезең екенін түсіну маңызды.
12. Толыққанды дін мен сенім жоқ, бірін де жаман дей алмаймын, Тәңір жалғыз, Тәңір хақ. Қалай табынсаң да, өз Құдайыңа сен. Арды құрметте, ата-тегіңді құрметте. Олардың жүріп өткен жолын қадірле.
13. Егер әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгертіп үйрен. Адам өміріндегі басты уайымы сол болмақ. Күлу, жымию, қуаныш - ерекше күшке ие. Күліп үйренсең, жүрек түкпірінде «махаббат» барын байқайсың.
14. «Берген қолда қайыр бар» деген мақал бар. Шамаң келгенше жағдайы төмен отбасылар мен ққайыршыларға қарайласа жүр. Қанша бергенің маңызды емес, маңыздысы қалай бергенің.
15. Өмір – өте қысқа, бес күн жалған. Зыр етіп өте шығады. Өмірді ұрыс-керіске, көз жасына, ғайбаттау мен ішімдікке ысырап қылма. Адамның қолынан жақсылық жасау, бала табу, демалу, басқа да көп игілік келеді.
16. Жауын... Жаңбыр адамның көңіл күйі мен сезімін басқара алады. Өмірде болып өткен кей сәттерді еск салады. Немесе бүкіл естелікті жуып тастай алады. Жаңбыр адамның жанын тазалайды. Жаным қатты жабырқағанда ақ жауынның астында серуендеймін.
17. Егер сүйген адамың себепсіз ренжісе, құшақта. Қатты құшақтасаң, ашуы тез басылады.
18. Егер көңіл күйің түссе, өзіңді нашар сезінсең, ән сал. Қалаған әніңді шырқа. Адам жанына кейде осылай ән салған жағады, ішіндегісін шығарып алған маңызды.
19. Әрдайым есте болсын: ең адал, ең дұрыс дін болмайды, ең ақылды абыздар, елден ерекше салттар болмайды. Тәңір хақ. Құдай деген таудың құзар шыңы. Ал дін деген сол шыңға бастайын түрлі соқпақтар. Дұғада болыңыз. Шамаң жеткенше, көңілің соққанша өз Құдайыңа дұға қыл. Дінді түсінудің басты шарты – күнәсіз өмір сүру емес, Хақты тануға, соған жетуге ынта қылу.
20. Егер бір іске бел бусаң, өзіңе күмәнданба. Үрей адамды алған бетінен қайтарып, жолынан адастырады. Себебі, үрей бар жаманаттың басты себепшісі. Бір дегеннен іс алға жүрмесе, үмітіңді өшіріп алма. Әрбір кішкентай жеңіс - үлкен олжаға бастайды.
21. Өмірде есте тұтатын бір қағида: әр адам лайығын алады. Жаныңа, ойыңа жамандықты жолатпа. Сонда жаманат тәніңе жуымайды.
22. Кейде өмір көзіңе тік қарайды, кейде басқа жеріңе бұрылады. Бірақ өмірді бұратын өзі екенін түсінетін жан сирек. Өзге жайлы жаман ойдың бәрі өзіңе қайтып келеді. Қызғаныш пен көреалмаушылықта өзіңе оралады. Оның не керегі бар? Уайымсыз өмір сүргенге не жетсін? Біреуді көреалмау қиянат, қажеті жоқ. Әдемі көлігі бар біреудің сол әдемі көлік мінгеннен түрі көркем боп кетпейді ғой. Алтын жалпы алғанда лас металл, оны көреалмаудың түк қажеті жоқ. Одан да жиі-жиі жымиып жүр, сонда өмір де, ет жақының да саған жымиып жүретін болады.
23. Біреу сыйласын десең, өзің де өзгені сыйлап үйрен. Жақсылыққа жақсылықпен жауап бер. Жамандыққа беймарал бол. Жамандығын тигізген адам өзі-ақ сенің немқұрайлылығыңнан қиналып, уайым шегетін болады.
24. Ішпе. Ішімдікке жолама. Ішімдік адам ағзасын лайлайды. Миын, жанын улайды. Мен ес білгелі ішкен емеспін, шүкір. Егер сен бақсы, тәуіп болып, эзотерикамен айналысып жүріп ішсең, онда күш-қуатың сарқылайын дегені. Көктің қарғысына ұшырайсың. Ішімдік шын мәнінде зиян. Ақымақтыққа жол берме. Жаныңды рақат таптыратын монша бар, көңіл көтергің келсе ән айт, тіл табысу үшін шай іш, әйелге көңілің ауса – кәмпит бер.
25. Ешқашан ештеңеге өкінбе. Артық қылық. Басыңнан не өтсе де, Хақтың дегенімен өтіп жатыр. Бәрін жақсылыққа бала.
26. Сырт әлпеті жануарға ұқсайтын тас көрсең, қолмен ұстама, жамандық шақырып аласың. Егер алғың кеп бара жатса, сол жердің иесінен рұқсат сұрап, құрбандық шал. Сосын тастың бетін ақ матамен жауып ал.
27. Жақсы ән тыңдаған сайын жаныңды тазартасың. Күні бойы жиналған жаман қуаттан арыласың. Музыка – медитацияның бір түрі. Ол адамның өзімен үйлесімді болуына жол ашады.
28. Өкпең қысылып, жүрек сазып кеткенде, жылап ал.
29. Егер шешімі жоқ жағдайға тап болсаң, қолыңды қатты көтер де, сілкіп қал. Сосын тағы бір ойлан. Тіпті сені жеп қойса да, сыртқа шығатын екі жол бар деген ұлылардың сөзін еске ал.
30. Әйел азық-түлік алғанда отбасының келешек бақытты күндерін сатып алады. Жаңа піскен әр жеміс, көкөніс – осы отбасыдағы бақытты бір күннің белгісі. Ер адам әйелі ең сапалы азық-түлік алатындай қамтамасыз етуі тиіс. Азық-түлікке үнем жүргізетін отбасы кедей әрі бақытсыз болады, себебі азық-түлікті үнемдеу – ет жақыныңның бақытын үнемдеу.
31. Жаның жай таппай, үрей мазаласа, баяу қимылдап биле. Сонда күш-қуатыңды өз арнасына қайтарасың. Санаңды уайымнан тазартасың.
Аударған Шынар Әбілдә