Жеткіншек кезімде әкемнің айтқан бір ақылы жадымнан шықпайды.
- Балам, сен дүниеге келгенде бүкіл әлем қуанды. Ал, сен жылап тұрдың. Ендеше өле кетсең, езуіңде күлкі болсын, ал бүкіл әлем сені жылап, жоқтайтындай өмір сүр.
Қазіргі заманның әп-сәтте өте шығатыны сонша, адам баласы өзінің өмірлік мақсатынан жаңылысып қалып жүр. Бүгін адамзат баласы ешбір қиындықсыз Айға барып келе алады. Алайда, көшенің арғы бетіне өтіп, жаңа қоңсымен танысуға мұрсаты жоқ. Ғаламшардың бір басынан екінші басына ұшу жолын нақты есептеп, лезде жететін зымырандар ұшырып жатырмыз. Ал, туған баламызды саябаққа қыдыртып келуге уақыт тапшы. Бір-бірімен байланыс орнату үшін адамдар электронды пошта, факс, сандық телефон қолданады. Бірақ дәл қазіргідей бөтендік жер бетінде бұрын-соңды болмаған шығар. Біз адамгершіліктен адаланып, өмірдің мәнін түсінуден қалып барамыз. Нағыз адами құндылықтарға назар салуды доғардық.
Енді осы әңгімені оқып отырған оқырманға сауал қойсам: сіз өлгенде кім жылайды? Сіздің жер басып жүру бақытына ие болғаныңыз қанша адам үшін маңызды? Сіздің өміріңіз ұрпақ жалғастығы үшін не берді? Соңғы дем жеткенде ұрпағыңызға не мирас етесіз?
Жеке тәжірибеме сүйене отырып, мынадай қорытындыға келдім: егер сен өміріңді өзгертпесең, ол сені өзгертеді.
Күндер жылжып аптаны құрайды, апталар айға ауысады, айлар жылды толтырады. Өмір көзді ашып-жұмғанша шарықтау шегіне жетіп қалады. Ал, біз өмірдің талтүсіне жетіп алып неге жеттік деп, уақыттың текке кеткеніне налимыз.
Джордж Бернард Шоу өлім аузында жатқанда одан сұрапты:
- Өмір қайта айналып келсе, кім болар едіңіз? – деп.
Аз ойланған ол терең күрсініспен былай депті:
- Болғым келген, бірақ өмір бойы бола алмай кеткен адам болар едім.
Бұл әңгімені сізде де осы өкініш болмасын деп жаздым. Солтүстік Американың қалаларына семинар өткізіп жүріп көп уақытымды конференцияларға арнадым. Ондағы ойым өмірдің негізін қалайтын заңдылықтар туралы түсінігімді адамдарға жеткізу. Көшбасшылық туралы жеке түсінігіммен бөлісу. Мейлі ол тұрмыс-тіршілікте немесе іскерлік аясында болсын. Мен жолықтырған адамдар әр түрлі әлеуметтік ортадан болғанмен, оларды ортақ сауалдар мазалайды. «Өмірдің мәнін қайдан табуға болады? Менің өмірім еңбекпен мәнді бола ма? Өмірлік саяхаттың ләззатын қалай, қашан көреміз? Кеш болып кетпей ме?». Осы сауалдарға жауап бере отырып үнемі бір нәрсені қайталадым: «Өзіңіздің өмірлік мақсатыңызды іздеңіз».
Әр адамның бойында ерекше бір қасиет барына сенем. Ол қасиет уақыты келгенде ашылып, адамды өзгертеді. Әр адам өзінің өзгеше, қасиетті мақсатын орындау үшін өмір сүреді. Ол мақсат оған адами жан дүниесін еселеуге көмектеседі. Сол арқылы өзгенің де өміріне шуақ болып төгіледі.
Өзіңнің меніңді іздеу қазір жасап отырған жұмысыңнан бас тарту деген сөз емес. Бұрынғыдан да бетер өз ісіңе беріліп істе. Қолыңнан ненің жақсы келетініне зер сал. Басқа адамдар келіп сен үшін тағдырыңды өзгертіп береді деп болмасты күтіп жата бермеу керек. Махатма Ганди айтпақшы, «өміріңде көргің келетін өзгеріске өзің айнал!»
Өзің өзгерсең, бүкіл өмірің де өзгереді.
Робин Шарма
Аударған Шынар Әбілдә
Қабылан ақпараттық порталы