Бас прокуроры А.Дауылбаев пен Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың назарына!
Қойнауы суық қара жер не деген тойымсыз еді десеңізші. Бас-аяғы екі жылдың ішінде айдың-күннің аманында екі бірдей бауырымнан айрылып қалдым. 2009 жылы жол бойынан белгісіз жағдайда қаза тапқан бір бауырымның өлі денесі табылған болатын. Ауыл қариялары «болар іс болды» деген соң, қазақшылыққа салынып, ешқайда шағымданған жоқпыз. Сөйтіп жүргенде араға жыл салып, тағы бір бауырым Ерғали да жұмбақ жағдайда қазаға ұшырады.
Бауырым Ерғали Лесбековтың өлі денесі 2011 жылдың 25 ақпан күні Қасқасу және Диханкөл ауылдары аралығындағы жолдың күнбатыс жағында орналасқан сайдан табылды. Марқұмның денесі далада үш күн жатып қалған. Бауырымды жол үстінде өлтіріп, одан кейін сайға сүйрелеп апарып тастаған. Бұл анық, себебі, өліктің айналасында ары-бері жүрген, содан кейін жолға шығып кеткен адам іздері бар. Жолдың шетінде жайылған қанның ізі және бас киім табылған. Айғақтық зат—бас киім (петушок) марқұмдікі емес, тергеушілер оның кімге тиесілі екенін анықтамады. Бауырымның басында, мойнында, беттерінде жарақаттар болған. Екі көзі сыртқа шығып кеткен. Өлген адамның көзі шаранасынан бекерден-бекер шығып кетпейді ғой, шамасы, бұл қылқындырғанда ауа жетпей қиналғанның салдарынан болса керек. Одан бөлек, марқұмның киген футболкасы, көйлегінің жағасы жыртылған, қанға малынған. Бұл көріністі Қасқасу және Керегетас ауылдарының бір топ тұрғындары көрген. Олар мұны толық растап бере алады.
Ерғалидың басындағы, бетіндегі, мойнындағы жарақаттарын мәйітті жуындырған адамдар да байқаған және олар бұл өлімде қылмыстық белгілер бар деген шешімге келген. Бірақ қарапайым адамға байқалған жарақаттарға Төле би аудандық сот-медициалық сарапшысы Б.Оспановтың көз жұма қарағаны таңқаларлық. Ол жарақатты жеңіл деп дәрежелеп, марқұм суықтан жаурап өлген деген қорытынды береді. Осыған сүйенген тергеушілер қылмыс құрамы жоқ деп, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылдады. Шамасы, сот сарапшысы да, тергеуші де бұл іс қазақшылыққа салынып, жылы жабылып кетеді деп ойласа керек. Өйткені, орын алған кісі өлімі туралы ешкімнен жауап алынбады, тергеушінің қаулысы қолымызға кеш берілді.
Бауырымның өліміне Жанболат Жүнісбеков деген азаматтың қатысы бар ма деп күдіктенеміз. Ол оқиға болған күні, яғни 23 ақпанда Ерғали Лесбековпен бірге болған. Сол күні олар Диқанкөл ауылының тұрғыны Бақтыбай деген азаматтың үйіне барады. Үшеуі дастархан басында арақ ішкен. Содан кейін Жанболат пен Ерғали кештетіп Қасқасуға қарай жаяулатып қайтқан. Кейіннен тергеу орындарына берген түсінігінде Жанболат Жүнісбеков мас күйінде үйіне жеткенін, ал Ерғалидің қай жерде қалғанын білмегенін айтқан. Алайда мас болғанымен ес-түсін білетін екі азамат арасында орта жолда бір жәйт болған сияқты. Бұлай деп байлам жасауға негіз бар.
Біріншіден, қылмыстық оқиға орнынан табылған бас киім Жанболатқа тиесілі екендігін айғақтайтын куәгер бар. Сол түні Қасқасуға бет алып бара жатқан Жанболат пен Ерғалиді Балабек Алмас деген азамат көрген. Ол жаяу жүргіншінің екеуін де мас деп ойламаған (яғни, естерін жақсы біледі) және Жанболаттың басына қара «петушок» киіп алғанын, ал Ерғалидің жалаңбас екенін байқаған.
Екіншіден, осы оқыс оқиғадан кейін Жанболат Жүнісбековтың көзі және мұрны көгеріп жүрген. Тергеушілерге берген жауабында ол «3-4 күн бұрын қар тиіп, көзім көгерді, бір апта бұрын Хайрулла деген азаматпен күрескенімде мұрным көгеріп қалды» деген күдікті жауаптар береді. Тергеуші бұл жауаптардың рас-өтірігін анықтамаған. Күдіктінің тергеу орындарына берген жауаптарында бұдан басқа да қарама-қайшылық бар. Бұл қарама-қайшылықтар зерттелмеді.
Ары-бері арызданып, шапқылауымыздан кейін қылмыстық істің қозғалуына қол жеткіздік. Бірақ қылмыстық іс тек орын алған факті бойынша және қасақана кісі өлтіру бабымен емес, 104-бап, яғни, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру бабымен қозғалды. Ол осы уақытқа дейін созбалаңға салынып келеді.
Ұзақ ізденіп жүріп, тергеу амалдарына қажетті айғақтар алу үшін бауырымыз Ерғалидің мүрдесін қазып алып, медициналық сараптамадан қайта өткізуге мәжбүр болдық. 2011 жылдың 27 мамырында Сот медицина орталығы облыстық филиалының үш сарапшысының қатысуымен өткізілген мүрдені қайта қазып алу шаралары кезінде марқұм Е.Лесбековтің жүрек тұсындағы 5 ,6, 9, 10 қабырғаларының сынғаны анықталды. Сонымен бірге марқұмның мойынында, желке тұсында көгерген жарақат бар екендігі белгілі болды. Сарапшылар бұл жарақаттардың Е.Лесбековтің тірі кезінде алғанын айтты және бізге осы жөніндегі анықтаманың жазбаша түрдегісін бірер күннен кейін беретіндіктерін мәлімдеді. Сол сарапшылардың бірі К.Кұлмаханов марқұмның қабырғалары тірі кезінде сынғанын, онысы нақты көрініп тұрғанын, сонымен бірге тілінің астындағы сүйегі өткір затпен әдейі кесіп алынғанын хабарлады. Өйткені, адамды тұншықтырғанда тіл астындағы сүйегі сынып кетеді, сондықтан жасыру үшін оны әдейі кесіп алып тастауы мүмкін көрінеді. Бірақ алғашқыда осылай деген сарапшылар өздерінің берген қорытындысында марқұмның қабырғаларының сынғанын растағанымен, «бұл жарақаттардың қай кезде салынғандығы туралы зертханалық зерттеулер оң нәтиже бермеді» деп жазды. Себебі гистолог-сарапшының қабырғаларға механикалық әрі термикалық өңдеу жүргізу салдарынан жарақаттардың қай кезде салынғанын анықтау мүмкін болмапты. Сонда қалай болғаны, марқұмның сынған қабырғаларына механикалық әрі термикалық өңдеулер жасаған сол сарапшылардың өздері емес пе еді ? Білікті мамандардың бұлайша өрескел қателікке баруы мүмкін бе, әлде бұл уақытты әдейі созып әріптестері Б.Оспановтың қылмысын жасыру ма? Себебі мәйітті алғаш зерттеген аудандағы сарапшы Б. Оспановтың бұрмалап жазғаны көпе көрнеу қиянат екенін біле тұра облыстағы сарапшылардың бастапқы сөздерінен тайқып оны жоққа шығармауға жанталасулары, бұған құзырлы органдардың көз жұма қарауы ненің құдіреті? Бұлайша өрескел бұрмалаушылық ненің құдіреті болса да Құдайдан қорықпағандар марқұмның мойынында, желкесінде жарақаттар, кесілген тіл астындағы сүйек туралы жәйттарді қорытындыға кіргізбеген.
Осыдан кейін 28 қыркүйек 2011 жылы облыстық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Н.Салыбеков ресубликалық сот медициналық сараптама орталығына қайта сараптама тағайындады. Марқұмның мүрдесі екінші мәрте қазып алынды. Оның қорытындысы биылдың 9 ақпанында берілді. Екінші рет эксгумация кезінде астаналық сарапшылар мәйітте тағы екі қабырғаның сынғанын анықтады.
Осы сараптама қорытындысына сүйенсек Төле би аудандық сот-медицина сарапшысы Б.А.Оспановтың және облыстық сот медицина сарапшылары К.Кұлмахановтың, Е.Айнабековтің, А.Мырзабаевтың іс әрекеттерінде қылмысты істі әдейі жасыру белгілері бар екендігі белгілі болып тұр емес пе? Қорытындыда мәйітті зерттеу кезінде тіласты сүйегінің болмауынан және сарапшы Б.Оспановтың мәйітті толық зерттемегендігіне байланысты Е.Лесбековтің өлім себебін анықтау мүмкін еместігі нақты жазылған. Сонымен бірге мәйіттегі жарақаттардың қай уақытта салынғандығын анықтау кезінде облыстық соттың сарапшылары тарапынан өрескел қателіктер (біздің ойымша қасақана әрекет) жіберілгені жазылған.
Осылайша қылмыстық істі сағызша созған сарапшылар «қарға қарғаның көзі шұқымайдының» керін келтіріп отыр. Қасақана кісі өліміне қатысты істі бұрмалап, бір-бірінің қылмысын жасырған сот медициналық сарапшыларының Құдайдан да, заңнан да қорықпағаны ма? Сарапшылардың салғырттығынан, адамгершілікке жат әрекеттерінен қозғалған қылмыстық іс қаңтаралып тұр. Бауырымның өліміне қатысты шындық уақыттың созылып кеткендігінен ашылмай отыр. Осы қылмыстық оқиға «көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрса да адвокатымыз Сламбек Ташқұловтың айғақтарды дәлелдей алмай тауы шағылып жүр. Оған бұдан да батыл қимыл мен табандылық керектігін түсінсе дейміз.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әділетсіз іс-әрекеттерден түңіліп, жүйкелері тозған ата-анамыз денсаулықтарынан айрылды. Әділдікті енді кімнен сұраймыз? Облыстағы арды да, заңды да белден басқан сарапшылардың ықпалымен тұйыққа тірелген тірлік алдағы уақытта республикалық деңгейдегі құзырлы органдардың араласуымен қылмыс ашылады деген үмітіміз үлкен.
Нұрғали Лесбеков,
Оңтүстік Қазақстан облысы
Төле би ауданы
Мұрағаттан, 23.10.2012 ж