Нарықтық қатынастарға қадам басқан тұста жарнаманың орны ерекше екені белгілі. Қазір көшелерді аралап көрсеңіз үлкенді-кішілі жарнама, маңдайша, билбордтардан көз ашпайсыз. Өкінішке қарай, көше жарнамаларындағы стилистикалық, орфографиялық қателіктердің көптеп кездесіп жатқаны жасырын емес. Сондай-ақ, өзге тілден тікелей тәржімаланған сауатсыз аудармалар көбейіп барады. Осындай қателіктерді жою мен алдын алу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасы облысымыздың 80 жылдығына орай, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарды басшылыққа ала отырып, Политехника колледжінің оқу залында «Көрнекі ақпарат тілі: тәжірибе және өзекті мәселелер» тақырыбында облыстық семинар-кеңес өткізді. Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Балқия Көмекбаева, облыстық әділет департаменті, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы, жарнама агенттік қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері және сәулет және қала құрылыс бөлімдерінің басшылары қатысты.
Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Әбдіманапқызының айтуынша қазіргі таңда көшедегі көрнекі құралдардағы сауатсыздықпен күрес барынша қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 8433 жарнамалық ақпараттың 8049-ы заңға сәйкес ілінген. Ал заң талаптарына сай келмейтін 384 жарнаманың 256-ы ретке келтірілді. Қалған 128 сауатсыз жарнаманың иелеріне түрлі ескертулер берілген. Ордабасы, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Отырар, Мақтарал, Созақ аудандары және Арыс қаласында соңғы тексерулер бойынша барлық жарнамалар заң талаптарына сай екенін анықтаған. Ал Төле би, Қазығұрт, Кентауда 1, Түркістанда 5, Сайрамда 6, Сарыағашта 16, ең көбі Шымкент қаласында 98 заңға сәйкес емес жарнамалар әшкереленген.
Облыс әкімдігінің 2008 жылғы қаулысына сәйкес көрнекі жарнамаларды қадағалау облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасына жүктеклген болатын. 2012 жылдың наурыз айынан бастап ол міндет әр аудан, қаладағы сәулет және қала құрылыс бөлімдеріне тапсырылған. «Жарнама туралы» заңдағы жарнама берудің тәртібін айта кететін болсақ жарнама немесе хабарландыру міндетті түрде мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Қосымша ретінде орыс тілі қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады. Мемлекеттік тілдегі мәтін сол жақ немесе жоғарғы жағына, ал орыс тілінде оң жақ немесе төменгі жағына орналасуы қажет. Мәтіндегі әріптер бірдей өлшеммен болуы тиіс. Заңда сондай-ақ, грамматикалық қателерге да аса мән берілген. Көшедегі жарнамалардағы басым бөліктегі қателіктер орыс тіліндегі немесе басқа тілдегі мәтіндер үлкен өлшеммен ал, қазақ тіліндегі мәтін тым кішкентай өлшеммен берілетіндігі (кейбір жарнмаларда тіпті қазақша мәтіндер жоқ). Одан кейін қазақ тіліндегі мәтіндерде әріптік қателердің көптігі, және мағынасыз аудармалар, безендірудің эстетикаға сай келмеуі. Осы аталған қателіктер заңды білмейтін жеке кәсіпкерлердің және оларға қарсы тұратын мықты заңның жоқтығынан орын алуда.
Семинарға қатысушылардың тарапынан сауатсыз жарнамаларды азайтуға, заң бұзғандарға айыппұл немесе басқа да шаралар қолданатын заң шығару және жарнама агенттіктеріне білімді қазақ тілінің мамандарын көбейту жайлы ұсыныстар айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Әсембекұлы қорытынды сөзінде: «Алдағы уақытта «Тіл туралы» немесе «Жарнама туралы» заңды бұзған азаматтарға қатаң ескертулер айтылады, түзетпеген жағдайда жергілікті прокуратураға хат жолдауға болады. Егер жергілікті прокуратурада шешілмесе облыстық прокуратура немес әкімдікке жүгінуге болады. Бүгіннен бастап заң жоқ деп қол кусырып қарап отыра бермей, барлығымыз бұл заңсыздықпен тездетіп күресуіміз қажет. Себебі жарнама елдің мәдениетіне айтарлықтай әсер етеді»,- деді.
Жарнама кез-келген елдің мәдениеті мен білімділігіннен көрініс беретін құжат десе де болады. Сондықтан көрнекі ақпаратта, жарнамада орын алып жатқан кемшіліктің үлкен-кішісі, кешірімді-кешірімсізі болмауы тиіс. Еліміз өркениетті елу елдің қатарына, ал Шымкент Қазақстандағы басты үш қаланың біріне айналу үшін қаланың сыртқы көрінісін ретке келтіріп, оны сауатсыз жарнамалардан түбегейлі арылтқан абзал.
Мұрағаттан, 19.10.2012 ж