ОҚО-ға топан су тосыннан келді

1492512687_to1.jpg

Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан Сарыағаш ауданы үшін биылғы тышқан жылы тым тынышсыз болды. Тіпті жергілікті тұрғындарды шырылдауық шегірткеге дейін шыр-пыр етіп қойды. Зиянкес жәндіктермен күресу, олардан келетін зиян-зардаптың алдын алу жауапкершілігі жүктелген Ауыл шаруашылық министрлігінің қарамағындағы  аумақтық басқарманың бастығы Қайрат Әбдуәлиев бастапқыда «шегірткеден келер қауіп жоқ, азын-аулақ алқапты бүлдіргені болмаса» деп жалған ақпар айтып жіберіп артынан Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаевқа дейін артық сілтегендерін, ағат сөйлегендерін ашық мойындауға, ақталуға тура келді. Сондағысы не деп ақталу дейсіз ғой. “ Соңғы 22 жылда болмаған қуаңшылықтың биыл бой көрсетуінен шөп өспей, қорек іздеген шегірткелер тез көбейді”. Негізгі кінәні тілі жоқ табиғатқа салудан атқамінерлердің арланбағанына қынжылдық. Өйткені зиянкестерге шашатын дәрінің тендері дер кезінде өтпегені, оған қоса бөлінген ақша жетпейді деген сылтаумен сыбай-салтаңдық, салғырт-салақ тірілікке жол берілгені нақты айғақтармен әшкереленді. Жайлымының  жасыл желегін қаптаған қара шегірткелер жеп қойып адырдағы алқаптар түгілі тұратын үйдің ішіне дейін шеру тартқандығының салдарынан азығынан айырылған 150 мыңдай ұсақ малға, 10 мыңдай ірі малға аштан қырылу қаупі төнді. Төрт түліктің арқасында түтінін түтетіп жүрген біраз малшы таяғын ұстап қала берді. Үкіметтің тапсырмасына сәйкес мал сатып алумен айналысқан “Мал өнімдері” корпорациясы халық  асыға күткендей аштықтан арықтап кеткен малдарын емес бірінші кезекте семіздерін, одан қалса қоңдылығы орташаларын нарықтық бағамен саудаласты. Көршілес елдің қасапшылары да арзан малдың қызығын көрді. Шегірткелердің шуы аздай олар жайпап кеткен алқаптарға дәрі шашу, зиянкестерден тазалау шараларына атсалысқан “Қазақстанның ПАНХ орталығы” әуе компаниясы өкілдерінің өкпесі қара қазандай болып, журналистерді жағалап жүрді. Биліктегілер сын сағатта шақырып алып, екі ұшақпен 8 700 гектарға дәрі шашқызып біткен соң келіскен 6 миллион теңгелерін бермей сандалтып қойыпты. Еккен өнімін суаратын су таппай еткен еңбектері еш, тұздары сор болған диқандардың қуаңшылықтан азап шегуі, шегірткелер шеруі қаншалықты қиын соққаны түсінікті.

       Әрине ең басты ауыртпалық сарығаштықтарға ақпан айындағы тасқын екені талас тудырмайды. Ел ешкім күтпеген тұстан ауыр соққы алды. Жұрттың бәрі негізінен сұлу Сырдың асауланып тасуы мен шағалалы Шардараның арнасынан асуынан қауіптенген болатын. Қалың түскен қар күн күрт жылынғандықтан тез еріп, нөсер де тоқтаусыз жауды. Тазаланбаған арық-атыздардың арнасынан асқан топан су Оңтүстік Қазақстан облысындағы 3 ауданға, оның ішінде әсіресе Сарыағаш ауданына аса ауыр зардап әкелді.  1638 тұрғын үй мен 7 мектеп жаңадан салынбаса жарамайтын болды.  Ең өкініштісі тасқын судың кесірінен екі бірдей арыстай азаматтың өмірі қыршынынан қиылды. 

   Елбасының жәрдемімен табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендерге бүкіл ел болып көмек қолын созды. Бюджеттен қаралған қаржыға көктемде құрылыс қызу қолға алынды. Тасқын судан зардап шеккен үйлердің орнына жаңадан салынған баспаналар бой көтерді. Әр түрлі зақым келген 1500 шаңырақққа жөндеу жүргізілді. Оған қоса тағы  49 үйдің құрылысы тамызда басталды. Таяуда ғана Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында екі бірдей жаңа мектеп елдің игілігіне тапсырылды. Былай қарасаң бәрі жақсы, бәрі керемет. Бірақ...

Көп тұрғындар қоныс тойын тойлап жатқанда Сарыағаш ауданы «Қазақстан» ауылындағы 8 отбасы далаға түнеп жүрді. Астананың «МБ-гроуп» фирмасы мінедетіне алған сол сегіз баспананың құрылысы аяқсыз қалып, құрылысшылар ізім-ғайым жоқ болды. Сыланбаған, сырланбаған, едені салынбаған, есік, терезенің орны үңірейген үйлер қалғанын айтып баспасөзден олар көмек сұрап келді. Күздің қара суығына қалмаудың қарекетін жасаған тұрғындар өздері қамданды. Жергілікті басшылар да түсіністік танытты. «Үй сенікі, маған не дейсің» деп далада қалдырған жоқ. Бітпей қалған баспананы бітірді. Журналистік зерттеу жүргізу барысында тек «МБ-гроуп» емес, құрылысқа бөлінген қаржыны алып, құйрықты бір қағып тайып тұрған тағы  бірнеше фирма кездесті. Алайда құрылыс барысын тікелей бақылауға міндетті «Төтенше жағдайлардың зардабын жою және қалпына келтіру дирекциясы» кінәлілерді  іздемепті де. Мемлекеттік қазыналық  кәсіпорын директоры Нұржан Құрманбеков «басты мақсат баспананы тездетіп бітіру болған соң  құқық қорғау орындарына арызданбадық» дейді. Жалпы топан судан зардап шеккен үш ауданда 160-тан аса мердігер фирма жұмыс істеген. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдайлардың зардабын жою және қалпына келтіру дирекциясы бар, жергілікті билігі бар, барлығы үкімет алдында ақпар беруге асығып соның ішінде толық бірпеген баспананы да қол қойып қабылдап жебірген. Құжатында жауапты тұлғалардың қолы тұр, қаржыны алған. Енді ары қарай бас қатырып не керек? Артынан іздеу салса өздерінің былығы ашылады басшылардың. Сөйтіп біршене құрылыс фирмасы қарасын батырған. 

  Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша төтенше жағдайлардың зардаптарын жою және қалпына келтіру дирекциясы басшының орынбасары 300 мың теңге пара алып жатқан жерінде ұсталғанына көп бола қойған жоқ. Нұржан Құрманбековтың орынбасары болып табылатын ол Сарыағаш ауданында құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компанияның есеп-шотына мемлекеттің ақшасын аудару үшін осынша қаржы талап еткен. Бұған дейін облыстық құрылыс департаментінің бұрынғы бастығы Ахметжан Сәбденов сел жүрген аймақта құрылыс жүргізуге арналған  тендерді бір мердігер компаниясының пайдасына шешіп беру үшін 2 миллион теңгені  қызмет бөлмесінде  қолма-қол алып жатқан жерінде құқық қорғаушылардың құрығына іліккен еді. Сәбденов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонда облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің тендер таза өтеді дегені осы ма?

Ал ақпан айында жер телімін бөліп бергені үшін пара алып жатқан Жетісай қаласының әкімі қолға түсті. Құзырлы қызмет өкілдері артынан өздері таңырқасты. Өйткені Жетісайдың әкімі қылмыс жасардан бір күн бұрын жұмыстан босатылған болып шықты. Құжаттарды тексере келе оның шындыққа жанаспайтыны анықталды. Міне, тазы боп шалған жалғанды түлкі боп алдағысы келетіндердің айласы осындай. 

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жанар-жағар май құю бекетін соғу үшін 0,15 гектар жер телімін сұраған адамнан 4000 АҚШ долларын талап еткен Кентау қаласының әкімін қызметтік кабинетінде қолға түсірді.  Шымкент қаласының екі бірдей экс-әкімінің үстінен жер дауына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны да бекер деймісіз. Шектен шыққан шенеуніктерді жауапқа тартуда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі департаменттің  қарқыны күшті. Осы департаменттің басшысы Мұратқали Хайруллин алқалы жиындардың бірінде «жинақталған ақпараттар іс жүзінде пайдаланылып, шара қолданылса аудан-қала әкімдерінің тең жартысы құқық қорғау органдарының құрығына ілігеді» деп әкімқаралардың зәре-құтын қашыратын әңгіме айтты. Оңтүстіктегі  әкімқаралар «Келесі кезек кімдікі?» дейтін сауалдың жауабын таппай бүгінде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып жанталасып жүр. 

Бекжігіт Мәуленов, «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Оңалбай Аяшев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
  • Тұрдалы Сәуірбеков: «Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
  • Мәдениет және спорт министрі Түркістандағы тарихи орындарды аралады
  • Екпе – ағзаңыздың қорғаны!
  • Түркістан облысында басқарма басшысы тағайындалды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: