Биыл Түркістан облысы Наурыз тойын Түркістан қаласында атап өтті. Облыстағы басты Наурыз мерекесі бұған дейін қасиетті қалада ұйымдастырылған. Бірақ облыс орталығы мәртебесі алған Түркістандағы бұл алғашқы Наурыз.
«Есім хан» алаңында өткен мерекелік шарада өңіріміздің танымал өнерпаздары, студенттер мен мектеп оқушыларынан құралған жалпы 2000-ға жуық адам өз өнерлерін көрсетті. Жыл басының басталуын көрсететін театрландырылған қойылым қойылды. Сондай-ақ, этноауылда облыстағы аудан-қалалар киіз үйлер тігіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, жұртшылыққа ұсынды. Қонақтар үшін 2000 литр наурыз көже дайындалып, 1,5 тонна палау басылды. Одан бөлек, қолөнершілер жасаған түрлі ұлттық бұйымдардан көрме ұйымдастырылды.
Былтыр қаңтар айында облыс әкімдігінде Рухани жаңғыру бойында үлкен мәжіліс өтіп, сол жиында облыс әкімі Ж. Түймебаев облыстық Наурыз мерекесін Қазығұрт тауының етегінде тойлауды ұсынған болатын. Бұл ұсыныс қолдау тауып, жыл сайын 21 наурыз күні адамзаттың алтын бесігі атанған қасиетті тауда Наурыз мейрамын өткізу жоспарланды. Жоспар жақсы іске асты. Қазығұрттың етегінде өткен Наурызға облыстың түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, киіз үй тігіп, мерекелік іс-шаралар өткен. Түймебаев облыс әкімі лауазымынан кеткен соң Наурыз Қазығұрттан басталмай қалды. Әкім ауысқаннан кейін бәрі өзгеріп шыға келді.
Қазығұртта өткен сол Наурызда Түймебаев өңірде туризмді дамыту үшін әр ай сайын бір ауданда іс-шара өткізу жөнінде бастама көтерген болатын. Бәйдібекте қымызмұрындық, Мақтааралда Қауын фестивалі, Төлебиде тау шаңғысы, Түлкібаста саятшылық, Шардарада сафари, тағысын тағылар. Шөкеев келген соң Түймебаевтың осы жақсы бастамалары одан әрі жалғаса ма, жоқ па? Әлде Шөкеев ұнатпаған нәрсенің бәрі шетке ысырыла бере ме?