ОҚО-дағы тұңғыш аудан, қала әкімдері кімдер?

Screenshot_5.jpg

Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған соң ел президенті Н. Назарбаев ең алдымен мемлекеттік басқару ісіне шұғыл реформа жасады. Сөйтіп 1992 жылдың басында әкімшілік жүйе енді. Бұрынғы бірінші хатшы, Кеңес, атқарушы комитет дегендер жойылды. Бүкіл билік бір қолға, әкімге берілді. Бұл әрине, жөргегінде іңгәлап жатқан Қазақстанның тәй-тәй басып, аяғынан тік тұруы үшін жасалған алғашқы батыл қадам болды. Содан бері жиырма жыл жыл уақыт өтіпті. Ендеше тұңғыш аудан-қала әкімдері кімдер болды? Жүйе өзгергенімен, бір күнде жұмыс өзгеріп кетпегені белгілі. Әрине, жаңа дүние, жаңа жүйе таңсық болды. Оңтүстіктің алғашқы әкімдері  кімдер? Тұңғыш әкімдер жұмысты неден бастады? Қандай қиындықтарға кездесті? Жаңа жүйені қалыптастыруға ат салысқан сол әкімдер қазір қайда? Не істеп жүр? Солардың бірқатарымен біршама уақыт бұрын сыр бөліскен болатынбыз.

 

Оразкүл Асанғазиева,  қазір Астана қалалық Тіл басқармасының бастығы, Сарығаш ауданының тұңғыш әкімі.(1992-1994 жылдар аралығы).

 «Сарыағаш демалуға келген министрлер арқылы  мәселе шештік»

Әкімшілік жүйеге ауысқанда бірден тақыр жерге келдік деп айта алмаймын. Ғимаратымыз дайын тұрды, қызметтік көлігімізге тиіскен жоқ. Бірақ жұмысты басқаша ұйымдастыру керек болды. Мен өз жұмысымды елмен ақылдасып отырып жүргізгім келді. Ауданнан ақсақалдар алқасын құрдым. Елге еңбегі сіңген, абыройы, беделі бар отыз шақты ақсақалды жинап, кәдімгі заңды алқа құрдық. Ақсақалдар алқасының жұмысы ешқандай да заңға қайшы емес екен. Аудандық мәслихат бекітіп берді. Шынын айту керек, осы Ақсақалдар кеңесі талай тірлікті тындырды.  Біздің бұл тәжірибемізді сонау Қарағанды, Алматы, көрші Қызылорда облыстарынан келіп, өздеріне алғандар болды.

Сарыағаш – ерекше аудан. Таяқ тастам жердегі Ташкентке қонақ боп келгендер Қазақстанға осы Сарыағаш арқылы аяқ басады. Сөйтіп Қазақстанның жағдайына Сарыағаш арқылы баға бере салуы мүмкін. Мысалыға көрші Ташкент ауданына шекарадан қалай өттің, жолдары тақтайдай теп-тегіс. Сол жылдары Сарыағаштың жолдары ойдым-ойдым болатын. Құдай жарылқап, сол кезде еліміздің көлік министрі Бекболатов деген кісі курортқа келіп демалып, бір қол тигенде Ташкентті арлатып көрсеттім. Жолдың жағдайын айттым. Артынша министрлік біздің ауданға қаржы бөліп, шекарадан шыға берістегі 44 шақырым жолды жөндеп алдық. Қызық болғанда, Сарыағаш пен Чичерина ауылының арасында 1 шақырымдай жерге асфальт жетпей қалған еді. Сол баяғы жерге «Жол картасы» бағдарламасымен енді асфальт түсіпті ғой. Қазір қаржы дағдарысы  деп жатырмыз ғой, нағыз дағдарыс сол кезде болатын. Бірақ соған қарамастан Сарыағаштың көптеген клубтарын жөндеп, бірнеше көпір салдық. Бір жылы Ульянов деген байланыс министрі Сарыағашта демалды. «Сіз астанадағы үйіңізге телефон шалып көріңізші?» деп әдейі сөз арасында әзілдедім. Қанша телефон шалса да министр үйіне түсе алмады. Кейін астанаға барған соң Сарыағаштың байланыс жүйесіне арнайы қаржы бөліп, бүкіл коммуникацияны жөндеп берді.


Қуаныш Айтаханов, қазір Сенат депутаты, Арыс қаласының тұңғыш әкімі (1992- 1993 жылдар аралығы).

       Әкімдердің қолына шексіз билік берілді

Әкімдік жүйе енген кезде мен Жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Ол кездегі аудан басшылары қатарынан үш қызметті атқарып отырған болатын. Бірінші хатшы, Кеңестің төрағасы және атқарушы комитеттің төрағасы. Мен Арыс қаласында басшы болдым. Әкімшілік жүйеге ауысу мәселесі жоғарғы жақта қатты талқыға салынды. Айтыс-тартыс болды. Біреулер басшыны «әкім» деп атау керек десе, біреулері «төре», «облыс, аудан басшысы» деп атау керек деп таласты. Ол кез Қазақстан тәуелсіздігін жаңа жариялаған кез. Бар мақсат -- жаңа бағыттағы мемлекет құру керек болды. Сонымен қызу айтыс-тартыстан кейін әкімдік жүйе енді. Алғашқы жылдары әкім деген «глава администрации», «әкімшілік басшысы»  деп аталды. «Әкім» деген термин ұмытпасам, 1994-95 жылдардан бастап қолданыла бастады. Президент Жарлығымен алдымен 7 облыстың әкімі тағайындалды. Жетеудің бірі Марс Үркімбаев Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болды. Әкімге үлкен билік берілді. Мысалыға бұрын аудан, облыс басшысы кадрларды жанындағы Кеңеспен ақылдасып шешетін болса, енді әкім деген кадр тағайындауды бір-ақ өзі шешіп тастайтын болды. Марс Фазылұлы 2-3 күн ойланып жүрді де, бүкіл активті Ж. Шанин атындағы драма театрына жинады. Ол кезде Оңтүстікте 23 аудан-қала болатын. Ленгір, Түркістан қалалары өз алдына бөлек еді. Сонда 23 аудан басшысының үшеуі ғана әкім болып тағайындалды. Ол мен және Кентау қаласының басшысы В. Лян, сосын Түлкібастың бірінші хатшысы З. Тұрысбеков үшеуіміз ғана. Қалғандарының бәріне «боссыңдар, Кеңестің төрағасы болып отыра беріңдер» деді. Сөйтті де тарсылдатып басқа ауданның әкімдерін тағайындап шықты. «Бұдан былай тек маған ғана бағынасыңдар, мен тек президентке ғана бағынамын, ауданға барған соң ешкіммен ақылдаспай, кадрларды өздерің тағайындаңдар. Аппарат жасақтаңдар» деді Марс Фазылұлы. Осы сөзден-ақ әкімдерге шексіз билік берілгенін байқадық.

Алғашында әкімдік жүйені жергілікті халық түсінбеді. Бұрын кадр тағайындау, басқа да мәселелер Кеңесте талқыланып, кадр сайланатын, бекітілетін. Кабинетте отырып алып, бар мәселені әкімнің бір өзі шешіп тастайтынына халық алғашында тосырқай қарады. Өз орнымызда қалған әлгі үшеумізге онша қиын болған жоқ. Ал, жаңадан тағайындалған басқа әкімдерге жергілікті халықпен жұмыс істеу өте қиын болды. Бірақ әкімнің қолына шексіз билік берілгендіктен көп өтпей-ақ әкімшілік жүйе орнап, өз жолына түсті.

   Бірте-бірте әкімнің қолынан билік алынып, мәслихаттарға беріле бастады. Қазір әкімшілік алқасы деген бар. Әкімнің аппаратын мәслихат бекітеді. «Өзін-өзі басқару туралы» заң ұмытпасам, 5 мәрте өзгерді. Қазір әкім мәслихаттағы депутаттарға, халық алдында есеп береді. Қазіргі әкімдерге рахат қой. Барлық заң бар. Қазір «ақшаны неге игере алмадың?» деп ұрсады. Біз баяғыда қаржы іздеп тентіреп кетуші едік. Жалақы, зейнетақы жылдап берілмегендіктен халықпен кездесуге сескенуші едік. Мәскеуден шыққан қап-қап ақша бізге жеткенше тиын болып қалатын Қазір инфляция 7-8 пайызға өсіп кетті деп жүрміз ғой, ол кезде инфляция 3 мың пайызға өсті ғой. Дүкенде ештеңе жоқ. Ой, әбден қиналдық қой. Тек адал жұмыс істей білсе, қазіргі әкімдерге бәрі дайын ғой.

Мұрағаттан, 15.12.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: