Жұмағали Исмаилов жұмған аузын ашпай отыр

Screenshot_6.jpg

«Екі айдан бері ауруханада дәрі жоқтығы адам өліміне ұласып  жатыр». Газетке шұғыл түрде мақала шығаруды сұранып, шағымданып келген Батыр ана осылай деп шыр-шыр еткеніне байланысты жазылған мақала «Жас Алаш», «Рейтинг»  газеттерінде өткен аптада жарық көрген болатын. Жанайқай жарияланғаннан кейін баспасөзден басқа барар жері, басар тауы қалмай «Жас Алаш», «Рейтинг»  газеттерінен жәрдем сұрап келген оқырманымыз, Сарыағаш ауданының тұрғыны, 5 ұл, 6 қыз өсірген Күнсұлу Иманбаеваның ағайын-туысқандары бірінен кейін бірі  қоңырау шалды. Сондай-ақ сол мақалада сынға іліккен Сайрам ауданында орналасқан облыстық өкпе-құрт ауруына қарсы ауруханада емделіп жатқан науқастарға жанашыр азаматтар «Жас Алаш» газетінің облыстағы тілшілер қосынына, «Рейтинг» газетінің редакциясына  жан-жақтан хабарласты. Сын мақаладан соң аурухана адам таңданарлық өзгеріске бет бұрып, қаншама уақыттан бері тапшы дәрілер шетінен табыла бастаған. Ас мәзіріне дейін жаңарып, бұрын-соңды  дәмін татпаған экзотикалық жеміс түрлері дастарханға молынан қойылуға көшіпті. Оқырмандарымыз тура  ойласып алғандай-ақ әрқайсысы жеке-жеке  хабарласса да  осы жаңалықты жапа-тармағай жеткізді. Барлығы да бірауыздан жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған  «Жас Алаш», «Рейтинг»  газеттеріне риясыз көңілден ризашылықтарын білдірді. 

   «Жас Алаш» газетінің облыстағы тілшілер қосынына, «Рейтинг» газетінің редакциясына  облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Салтанат Сақыбаева да арнайы ат басын бұрды. 

  --Біздің  облысымызда былтыр 100 мың халыққа шаққанда туберкулез ауруы орта есеппен  61,7 адамға  жұққан. Өзге аймақтардағы көрсеткіш бұдан әлдеқайда жоғары. Ал еліміз бойынша орташа көрсеткіш – 81,8 адам. Бұған қоса өкпе-құрт ауруынан ажал тырнағына іліккендердің ең төменгі көрсеткіші де Оңтүстік Қазақстанда. Мұның бәрі облыста туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесі оң екенін көрсетпей ме?,--дейді ол. 

         Салтанат Әбдіразаққызы мұнан әрі басшы, сонымен қатар  дәрігер ретінде жетістіктері жетіп артылатындығы,  медицина ғылымынан кандидаттық қорғағандығы, Алғыс хаттар мен марапаттауларының да аз еместігі жайлы кө-ө-өп әңгіме қозғады. Сөз арасында ет қызумен дәрі-дәрмекке қатысты «майшаммен» қарайтын мәселе сон-а-ау мамыр айында туғанын айтып қалды. «Шағымданушы Батыр анадан «дәрі-дәрмекті тезірек келсінші деп арызды жәй жаза салғанмын» деген түсінік алдық» деуін түсінбедік. Жо-жоқ, шағымданушыны шақырып алып түсінік жаздырудың себебі, арғы түп-төркіні жақсы түсінікті ғой. Міне, оңтүстіктегі денсаулық саласына жауапты азаматтардың, солармен ақылдасып қимылдайтын облыстың бас фтизиатрының жанайқайды түсінген түрі осы. 

 «Науқастарға дәрі-дәрмектің 7 түрі керек. Оған бюджеттен 121 миллион теңге қаралған, қаржының 50 пайызы төленіп те қойған. Қазір қажетті дәрінің 4 түрі әкелінді, қалғандары желтоқсанның 22-сіне дейін жеткізілмек. Науқасты емдеу үшін дәрі-дәрмектер толық көлемде болуы тиіс, бір дәрі болмай қалса емдеу ісін бастай алмаймыз» дейді ол. 

   Осылай дей тұра артынша өз сөзіне қарама-қайшы пікір білдіретінін қайтерсіз? Дәлірегі  «науқастар қажетті дәрісін толық қабылдап, емделіп жатыр. Қазір бізге тек бір препарат жетпей тұр. Оны Жамбыл облысынан сұратып алып жатырмын, орнына оларға қажет басқа дәріні береміз» дегенін де таспамызға басып алдық. Содан бас дәрігер Салтанат Сақыбаеваның қай сөзіне сенерімізді білмей қайтадан  Сайрамдағы облыстық өкпе-құрт ауруына қарсы аурухананың басшысы  Полат Бердалиевтің  таспаға жазылған әңгімесін тағы да тыңдап көрдік. 

 - Туберкулез мәселелері бойынша ұлттық  орталық әр облыстың берген  тапсырысына сай көлемде дәрі-дәрмек жеткізіп отырады.  БАКТЕК атты жаңа анализатор аппараттың көмегімен ауқымды диагностика жүргізгенімізде былтыр облыстағы науқастардың саны әуелі біз жоспарлаған 250 адамнан 600-ге дейін көбейіп кетті. Дәрі тапшылығы 2010 жылдың соңында-ақ туындап, жетпей жатқан көлемін 2011 жылдың есебінен алдырғанбыз.  Биыл Жаһандық қор (Глобальный фонд) есебінен Оңтүстіктегі  150 адамды емдеуге жететін дәрілік препараттар жеткізілді. Науқастар тамыз-қыркүйек айларына дейін ем алып келді, онда да шектеулі көлемде. Барлық емделушілерге дәрі жетпегендіктен 20-25 адам ғана алып отырды, 160 науқасқа дәрі жетпей қалды. Оларға тек симптоматикалық ем көрсетіп отырдық, яғни түрлі витамин беріп, ағзаны қуаттандырып келдік. Әрине, негізгі ем болмаған соң адамның ағзасы белгілі деңгейге дейін шыдап, қалай болғанда да иммунитеті, күерсу қабілеті төмендейтіні анық.  Оның үстіне, науқастар контингентінің арасында маскүнемдер, есірткі тұтынатындардың көптігі де жағдайды қиындатты. - П.Бердалиевтің ағынан жарылып айтқан сөзі осы. 

  Қалай деген күнде де бірлесіп жұмыс істейтін бас дәрігердің екеуі де  дәрі-дәрмектің тапшылығын ашық мойындап, бұл кемшілік  «СК-Фармация» мемлекеттік компаниясының кінәсінен туындағанын атап тұрып айтты. Бірақ кемшілік расталғанымен ешкім жауапкершілікке тартылмағанын түсінбедік. Әрбір емделушінің тағдырына немқұрайды қарамауы қажет облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың да жұртты дүрліктірген жанайқайға байланысты жұмған аузын ашпай отырғаны тіпті түсініксіз. С. Сақыбаева ханымның сөзіне сүйенсек, басқарма бастығы Жұмағали Қазыбайұлы қайсыбір жылдары Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет істеген кезінде  дәл осы түберкулезге қарсы күрес жүргізетін саланың жұмысын үйлестірген, мәселенің ұңғыл-шұңғылын білетін мықты маман екен. Мықты маман денсаулық саласының тізгінін ұстаған облыста осындай жағдай қалыптасса , өзге аймақтардағы жағдайды көзіңізге елестете беріңіз. Тағы бір түсінбегеніміз, бас дәрігер Салтанат Сақыбаеваның «дәрі-дәрмек іздеп бірде Алматыдағы туберкулезге қарсы ұлттық орталыққа сабылып, енді бірде өзге облыстардағы диспансерлерден уақытша ала тұруға мәжбүр болатыны» қайран қалдырды.  «Басқа облыстардағы бас дәрігерлер дәрі-дәрмектің тапшылығы туындаса да шу шығармай келер жылды күтіп тыныш отыра береді. Ал мен жұмысымды адал атқарамын деп басыма таяқ тигені   дұрыс па?» дегенді де қосып қойды. 

Демек, дәрі-дәрмектің тапшылығынан туындаған залал-зардапты  еліміздің барлық аймағы тартып отыр. Басты кінәлі-- соңғы жылдары  ешбір бәсекелес шақ келтірмей, дұрысы бәсекелес болуға әбден лайық компаниялардың жұмыс істеуіне жол бермей Қазақстан бойынша денсаулық саласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағын жеке дара билеп-төстеп жүрген, менменсіген монополист «СК-Фармация» екені ешқандай талас тудырмайды. Бас дәрігер С.Сақыбаеваның дәрі-дәрмек жоқ болса бірде Алматыға, енді бірде басқа облыстарға сабылмай, оларға жалынып-жалпаймай неліктен осыған жауапты алпауыт компания «СК-Фармацияға»  қатаң талап қоя алмауларының астарында не жатыр? Елбасыға еркелей алатын күлшелі  күйеу бала Тимур Құлыбаев басқаратын  «Самұрық-Қазына» Ұлттық  әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының  қарамағына кіретін «СК-Фармация» қашанға дейін «қолдан келіп, қоныштан басуын» жалғастырады? 

Талай науқастың көз-жасын арқалап жүрген «СК-Фармация» компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысында былтыр да  ауыр ахуал қалыптастыруға «аянбай атсалысып», дау-дамайдың ақыры адамның тұла бойын түршіктіретін оқыс оқиғаға ұласқан еді. Нақтырағын қысқаша баяндасақ, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев арнайы іссапармен осы облысқа   ат басын бұрғанда «СК-Фармация» компаниясының бас директоры Вадим Зверков пен менеджер Берік Шәріпов  жанында еріп келген еді. Сол жолы Шымкенттегі «Ана мен бала» орталығында  кездесу болып  «дәрі-дәрмектің жоқтығы» күн тәртібіне қабырғасынан қойылды. Онсыз да  дәрігерлердің салғырттығы мен салақтығы салдарынан бейкүнә балаларының жапппай ВИЧ індетін жұқтырғанына реніші мол  ата-аналар енді емдейтін дәрі-дәрмектің тапшылығы туындағанына ашу-ызалары қайнағаны соншалық, «сендерге де де СПИД-ке шалдыққан баланың қанын саламыз» деп тап бергенде зәре-құты қалмаған Зверков әупіріммен қашып құтылды. Ал ашулы топтың қоршауында қалғанына қатты қорқып, шыдамай жылап жіберген Шәріповті уәде атаулыны үйіп-төккен  министр Досқалиев пен ішкі істер департаментінің арнайы жасағы әрең кепілдіктен босатып алған еді. «СК-Фармация» басшылығының сондағы ащы сабақтан қорытынды шығармай дәл оңтүстік өңірінде қателіктерін қайталағандары қайран қалдырады. Енді қайткен жөн? «Сиынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын» дейтін қағиданы ұстанған «СК-Фармация» басшыларын тағы да ебін тауып «қолға түсіріп», бұл жолы түберкулезге шалдыққандар қан араластырып олардың аузына түкіруі керек пе?

Мұрағаттан, 12.12.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: