"Іздеу-сұраушысы болмаса Тәшеновтің өзі де танылуы қиын"

otyrar_kz-00070.jpg

Ұлықпан Бәшенов, Сабыр Рахимов атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың директорымен сұхбат:

- Жұрт айрықша құрмет тұтатын тұғырлы тұлға Жұмабек Тәшеновті ұлтқа, мемлекетке сіңірген еңбегіне қарай дәріптеу, насихаттау кемшін түсіп жатқан сыңайлы...

- Мұныңыз рас. Жұмабек Тәшеновтің оңтүстікқазақстандықтар үшін орны ерекше болса да бірде облысымызды басқарған әкімнің бірі Жұмабек  Тәшеновтің кім екенін білмеуі қатты қыжылымды қайнатса өзгелерге не деп өкпелейсің?.. Апыр-ау анау-мынау емес Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында абыроймен басшылық қызмет атқарғандарын айтпағанның өзінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағалығына сайлану, Қазақ КСР Министрлер Кеңесін басқару екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтіні анық қой.   Қазір биліктің ұшар биігінде жүрген жап-жас шенеуніктердің талайы Тәшеновті танитынына, еңбегі мен ерлігін бағалайтынына күмәнім көп. Билік тарапынан есте қалдыру шарасы жүргізілмесе, азаматтың есімі жаңғыртылып отырылмаса, кейінгі ұрпақ оны қалай таниды, қалай бағалайды, қалай құрметтейді? Жалпы алғанда кез-келген тұлғаның артында іздеушісі, қолдаушысы болмаса халықтың санасынан ақырын өше береді. Шамамыздың келгенінше тұғырлы тұлға Жұмекеңді танытуға өздігімізден талпынып, талаптанып жүргеніміз де осыдан. Мұндайда баспасөздің қоғамдық пікір қалыптастыруы, қолдау білдіруі үлкен көмек. Әрбір қойылған атауды жастарға ғана емес жалпы халыққа себеп-салдарын, мән-маңызын түсіндіруді газет бетінде тұрақты түрде беруді қолға алғандарыңа қуанып отырмын. Қадамдарыңа сәттілік тілеймін.

- Бәшен мен Тәшен ағайынды кісілер ғой деймін...

- Иә, ағайынды кісілер болған. Мен Жұмабек Тәшеновтің немере інісі боламын. Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жер -- Арқаның төсі. Әкем оңтүстікке қызмет барысымен келіп, осында қалып қойды. Ж. Тәшеновтің өзінің кіндігінен 4 ұл, бір қыз тараған. Алматы қаласында тұратын үлкен ұлы Саян техника ғылымдарының кандидаты. Екінші баласы қайтыс болған. Үшінші ұлы мүгедектігіне байланысты зейнеткерлікке шыққан. Төртіншісі Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінде тарих ғылымдарының докторы.  Қызы Мәскеу қаласында тұрады. Жұмабек ағаның өзі 1986 жылы 71  жасында Алматыда қайтыс болды. Жеңгеміз Бәтестің о дүниелік болғанына биыл үш жыл толды. Бізге қалдырған аманаттары бойынша Жұмабек аға мен Бәтес жеңгеміз Шымкент қаласында қатар жерленген. 

- Шымкент қаласындағы көше атауы Жұмабек Тәшеновке  қай кезде берілді? 

- Шымкент қаласындағы көше Жұмабек Тәшеновке оның 80 жылдық мерейтойында берілді. Ол кезде Шымкент қаласының әкімі Анарбек Орман еді. Сол жолы Шымкент қаласында Жұмекеңнің тұрған үйіне мемориалдық тақта орнатылды. Жұмекең сол кездегі солақай саясаттың кесірінен Министрлер Кабинетінің төрағасы қызметінен босатылған соң Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалып, 1975 жылдың 15-наурызында алпыс жасқа толған күні зейнеткерлікке шығарылды. Сондықтан 60 жылдығын атап өтуге зауқы соқпады. 70 жылдық мерейтойын өзінің көзі тірісінде жақын жора-жолдастарына дастархан жайды. Жұмекеңмен кезінде қызметтес, жақсы сыйлас  болған Халық қаһарманы, Қазақстан республикасының тұңғыш қорғаныс министрі қызметін атқарған Сағадат Нұрмағамбетов,  Социалистік Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері  Бәйкен Әшімов, академик Х. Арыстанбеков бастаған бір топ танымал  азаматтар еліміздің Президенті Н. Назарбаевқа хат жазып, Тәшеновтің 90 жылдығы қарсаңында мерейтойын лайықты атап өту туралы оң бастама көтерді.  Бұл бастаманы жүзеге асыруға Оңтүстік Қазақстан облысын біліктілікпен басқара білген Болат Жылқышиев үлкен қолдау көрсетті. Кезінде Жұмекең мен Болаттың әкесі Әбжапар ақсақал бірге қызмет етіп, жақсы жолдас болған ғой. Сол тойға Алматыдан көптеген зиялы қауым өкілдері қатысты. Орталық комсомол комитетінінің бірінші хатшысы болған Сағындық Кенжебаев көшті бастап келді. Мерейтойда ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, белгілі ғалым, профессор Керімбек Сыздықов баяндама жасады. Бұл тойда ешкімге анау айтқандай салмақ салғанымыз жоқ. Тәшенов туралы «Халықтың қайсар азаматы» деп аталатын жинақ тікелей өзімнің дәнекерлігіммен оқырманға жол тартты.  Бұған «Жазушы» баспасының директоры, белгілі ақын Есенғали Раушанов көп көмектесті. Және тойға Жұмекеңмен  аралас-құралас тұрған азаматтар қол ұшын созды. Тағы бір айтары Тәшеновтің 90 жылдығы Қарағанды облысында да тойланып, оған белгілі меценат Болат Әбілов бастан-аяқ демеушілік етті. 

- Елін сүйген есіл ердің есімін есте қалдыру мақсатында атқарылған тағы қандай игі тірліктер бар?

-Астана қаласында үлкен бір көше Тәшеновтің есімімен аталады. Бұдан басқа Арыс қаласының «Дермене» кеңшарындағы  Пушкин орта мектебі бүгінде Жұмекеңнің есімімен аталады. Осы кеңшардың тізгінін ұстаған  Әлходжаев деген азамат Жұмабек ағаны бұрыннан таниды екен, бір жолы Жұмекеңе барып ауылдағы мектептің әбден тозғанын айтып, көмек сұрапты. «Дермене» кеңшары  ол кезде дәрі-дәрмек шөптерді өңдеумен айналысып, тікелей Одаққа бағынатын. Содан Жұмабек аға Мәскеудегі Одақтың денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныспен шығып, қаржы бөлгізіп, нәтижесінде ауылдан 3 қабатты мектеп ғимараты салынады. «Жақсылыққа жақсылық» деген болуы керек, ауыл адамдары жоғарғы жаққа ұсыныс жіберіп, бүгінде бұл еңселі білім ошағы Ж. Тәшенов есімімен аталады. Игілікті іске сол кездегі  Арыстың әкімі Әлімжан Құртаев қолдау көрсетті.

- Өзіңіз алып азаматтың қандай қасиеттеріне тәнті болдыңыз?

- Бала күнімнен әдебиетке құмар болып өстім. Арманым – журналист болу еді. Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде мақалаларым жиі жарық көріп тұрды. Бірақ әкем тұңғыш ұлын алысқа жібергісі келмеді. Мектепті бітірген соң әкем Жұмекеңе ертіп келді. «Қай оқуды таңдадың?» деді Жұмекең. «Пединституттың қазақ тілі, әдебиеті факультетін...» Сосын әкеме қарады да «Абайды оқыған ба?» деп сұрады. «Оқыған».  «Абайды оқыған бала болса, онда оқуға түседі» деп бір-ақ кесті. Шынында емтиханнан өтіп, жоғарғы оқуға түстім. Студент кезімде Жұмекеңнің үйіне жиі барып тұрдым. Сол кезде байқадым, аға Абайдың өлеңдерін, кейбір дастандарды жатқа соғатын. Кей кездері менің сабағыма кірісіп кетіп, әдебиет жайында пікір таластырып тұратынбыз. 

- Әлгінде айтып қалдыңыз, Жұмекеңді 60 жасқа толған күні зейнеткерлікке шығарылды деп... Күш-қуаты толысқан, өмір бойы далада жүріп, қызмет істеген азаматқа төрт қабырға ішінде қамалып отыруы өте қиын соққан жоқ па? 

- Өте қиын соқты. Көңіл-күйі жабырқап жүрді. Тіпті 60 жылдығын да атап өткен жоқ. Содан Құдай жарылқап, оңтүстікке Асанбай Асқаров басшы болып келді де, бірден Жұмекеңді қызметке шақырды. Алдымен Шымкенттегі қаракөл ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, одан Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарының экономикалық өсу жағын талдап-сараптап отыратын ғылыми институттың директоры қызметін атқарды. Кешегі Кеңес Одағы туралы әңгіме айтқанда, сол кезде ел басқарған Д. Қонаев пен Ж. Тәшенов туралы сөз қозғағанда екеуін бір-біріне қарсы қойып, теріс пікір туғызатын кейбір кертартпаларға ренжимін. Бұл мүлдем қате түсінік. Мәскеудің айдап салуымен кезінде Тәшеновті қызметтен кетіру үшін қаралап сөйлеген Исмайыл Юсуповтың өзі кейінірек «Қазақ халқы бір азаматқа қарыздар болса ол осы Жұмабек Тәшенов болар. Ол ел алдындағы парызы мен қарызын адал атқарған адам. Ол ата-бабадан қалған кең байтақ қазақ жерін жанымен қорғап, сол үшін барлық игілігінен айырылған адам» деп айтты емес пе? Міне, Тәшеновтің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегің оның қарсыласы Юсуповтың өзі де мойындап отыр. Басқа-басқа Жұмекеңнің Хрущевтің Қазақстанды бөлшектеу туралы саясатына қарсы шығып, табандап тұрып алғанының өзі нағыз ерлік емей, немене?! Тіпті Тәшеновтің бір кездері тағдыры қыл үстінде тұрған «Қазақ әдебиеті» газетінің жабылып қалудан сақтап, бас редактор Сырбай Мәуленовке көптің көзінше «тайсақтамай, батыл сөйле» деп дем бергенін, сөйтіп ұлтшылдықты қоздырушылардың қолынан газетті арашалап қалғанын екінің бірі біле бермейді. Түркістанға тайқазанның қайтарылуына, даңқты Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының Кеңес Одағының батыры атағы алуына аянбай атсалысты, тағысын тағылар. Міне, Жұмабек Тәшенов өмірбаянының зерттейтін, зерделейтін тұстары әлі де көп екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: