Құрман Шойынбаев: «Атақ алуыма Елбасының өзі тікелей тапсырма берген»

Screenshot_6.jpg

--Құрман аға, кезінде Елбасының алдында бірнеше рет ән шырқау құрметіне ие болған өнер адамдарының бірі екенсіз. Тіпті керемет даусыңызды Елбасының өзі жоғары бағалап, құрмет көрсеткен деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты рас?

--Елбасының алдында мен  оншақты рет ән  айттым. Ол кісімен дастархандас болдым, батасын алып, қолынан құлақ жегенім бар. Менің Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс атағын алуыма да тікелей Елбасының өзі себепкер болды. 

Ұмытпасам, 1992 жылы шілдесі еді. Елбасы Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов екеуі оңтүстік жерінде кездесті. Алдымен Түркістанға барды. Одан кейін Шардараны аралайтын болды. Оңтүстіктің бір топ өнер азаматтары ол кісіні алдымен Шардара күттік. Бірақ Елбасы келмеді. Артынша президенттердің іс-сапарының бағдарламасы өзгеріп, Киров ауданына тарттық.

 Кешкі мезгіл болатын. Президенттер отырған бөлмеге кіріп, өнерімізді көрсеттік. Дастархан басында ресми азаматтар отырды.  Елбасы өлең айтып тұрған менің және қасымдағы бүгінде марқұм болып кеткен домбырашы Мәлік Әбіш екеуіміздің өнерімізге тәнті болса керек.  Ол қасында отырған сол кездегі мәдениет басқармасының бастығы Ханбибі Есенқараевадан «бұл жігіттердің атағы бар ма?» деп сұрағанға ұқсайды. Бұл әңгімені естіген Ислам Кәрімов «Сіз бұл екеуін маған беріңіз. Өзбекстанға алып барып, 4-5 жылда Халық әртісі атағын беріп қайтарамыз» депті. Сонда Елбасы «Жоқ, бұлар біздің азаматтарымыз, әртістерімізге өз елімізде де құрмет көрсете аламыз» деп, Ханбибіге «жігіттердің тез арада құжаттарын дайындап, маған жіберіңіз» деген тапсырма беріпті. Содан ертеңіне Мәлік Әбіш екеуімізді дереу суретке түсіріп, құжаттарымызды Алматыға жіберді. Бір айдан кейін, дәлірегі 13 тамызда Мәлік Әбіш екеуімізге Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс атағы берілді.  Бұл атақтың мен үшін орны бөлек. 

Өкінішке қарай, қазір Халық әртісі, еңбек сіңірген әртіс атақтарының бәрі жойылып, мәдениет қайраткері деген атақты енгізді. Оны тракторшыға да, малшыға да бере береді. Мен мұнымен келіспеймін.   

--Жалпы осы 92-ші  жыл сіз үшін жаман болмаған тәрізді. Ұмытпасақ осы жылы Шымкентте тұңғыш рет өткен Шәмші Қалдаяқов атындағы байқаудың бас жүлдесін иемдендіңіз...

--Иә, байқау өткен 1992 жылдың 13 қыркүйегі әлі есімде. Ол кез  мәдениет саласындағы ең қиын жылдар ғой. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан байқаудың өткізуге деген қызығушылық өте жоғары болды. Республиканың түкпір-түкпірінен 200-ден астам әншілер, сазгерлер бақ сынады. Әділқазылар алқасының құрамында Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев сияқты қазақ өнерінің қаймақтары отырды. Ақтық сында байқаудың гран-приі маған берілді. Бірінші орынды Шәкизада иеленді. Амалбек Тшанов, Қуаныш Төлеметов, Болат Жылқышиев сияқты сол кездегі қала басшылары  жүлдегерлерге кабинетіндегі теледидарын, бірі бейнемагнитафонын сыйға тартып жатты.  Өнерге деген жанашырлық деп осыны айтсаңызшы. Ал бас жүлдегерге не бұйырды дейсіз бе? Алғашқыда «Гран-при иесіне Шәмшінің туған жері Отырар ауданынан қос өркешті түйе алып келдік» деген болатын. Ұйымдастырушылар драма театрдың алдында осы түйені шөктіріп, үстіне мені мінгізді. Сөйтіп жұрттың алдында ән айтқызды. Болғаннан кейін түйеден түсіп, үйге қайтып кеттім. Түйені өздері әкеліп беретін шығар дегенмін. Бірақ әкеліп берер түрлері көрінбеді. Уақыт өте берді.  Ал, достарым көрген жерде «Түйең құтты болсын, қашан жуасың» дегенді қайта-қайта айта береді. Осылайша аң-таң болып жүргенімде бір досым «Құрман, саған мінгізген түйе зоопаркте тұр ғой» демесі бар ма.  Қызық көріп хайуанаттар бағына барайын. Барсам рап-рас, сол баяғы маған мінгізген түйе аңдармен бірге темір тордың ішінде жүр. Шамасы ұйымдастырушылар түйені алыстан алып келгенше жақын жерден алдыра салғанды жөн санаса керек. Қысқасы не керек, Шәмші Қалдыаяқов атындағы байқаудың тұңғыш гран-при иегеріне ешқандай сый-сияпат тимей қалды. Жақында Отырар ауданына гастролдық сапармен бармақшымын.  Аудан әкімі Бейбіт Сыздықовтан 19 жылдан бері күтіп жүрген түйемді сұрасам ба деген ойым бар (күлді).

 Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» байқауының Астанаға ауыстырып жібергеніне мен өз басым құптамаймын. Мұны байқаудың ұйымдастырушыларына да айтқанмын.  Шәмшінің туған жері оңтүстік өңірі.  Байқауды басқа облыстарда ұйымдастыра беруге болатын шығар, бірақ оның штабы осы Шымкентте қалуы керек еді. 

--Бүгінде әншілердің жалақысы жартымсыз. Көбіне той жағалап, ақша табатындар да көп. Ол үшін біреуді жазғырудың жөні жоқ, бәрі де заман талабы ғой. Айтыңызшы, сіз де тойға барып ән саласыз ба?

 -- Тойға шақырса күнкөріс үшін барамын. Бірақ баяғы кеңес өкіметінің тәрбиесі шығар, қазіргі жас әншілер сияқты мынанша бересің деп жалп еткізіп айтуға ыңғайсызданады екенсің. Өздері біледі, бұйыртқанын аламын. Жасыратыны жоқ, бүгінде жасым алпысты алқымдап қалды. Оң-солыма қарасам, осы облыстағы әншілердің ең үлкені де мен болып қалыппын. Менен кейінгілердің өзімен арамыз жиырма жылдай. Жас келген соң ұятты да көбірек ойлайды екенсің. Менен гөрі әншілікке жақын үлкен ұлым Бекжан тойға көп барады. Тойларда ән айтып, нанын тауып жүрген жайы бар. 

--Өзіңіздің ізіңізді  басып келе жатқан өнерпаздарға не айтасыз? Олардың бүгінгі бағыт-бағдарына берер бағаңыз қандай?

--Әншілік Алланың берген сыйы. Бірақ соңғы жылдары айқайлағанның бәрі әнші, жұлдыз болып кеткен сияқты. Әнін де, сөзін де өзі жазып, сахнада өзі орындайтын әмбебап әншілер де көп. Жұрттың алдына фонограммамен өлең айтатын немесе даусын компьютер арқылы өзгертіп алатындар жетіп артылады. Менің ойымша, ән айту табиғи әрі  кәсіби болуы шарт. Жуырда өзім жұмыс істейтін филармонияның жаңадан тағайындалған басшысы Әбдіханға «әншілердің бәріне тірі дауыспен ән айту жөнінде талап қою керек» деген ұсыныс айттым.   

--Елге танылған, беделі бар өнер адамдары жасы келген соң бастық болуға ұмтылып жатады. Ал, сіз бастық болуға құмартпайтын сияқтысыз. Неге?

--Осы жөнінде ұсыныстар көп айтылды. Бірақ  басшы болуға өз басым оншалықты құмартқан емеспін. Өйткені басшы болған соң, айқай-шуға жақын жүресің. Ал, ол менің табиғатыма жат. Жасыратыны жоқ, өнер мекемелерінің басшыларына жоғарыдан тапсырмалар көп беріледі. Әншілердің шығармашылық өміріне жиі араласады. «Ананы айтпаңдар, мынаны айтыңдар» дегендей. Оның үстіне «ана әкімнің тойы, құдалығы, пәлен жылдығы» деген нәрселер көп. Әртістер сол жерде концерт қою үшін сабылып жүреді. Олардың жалақысы да жартымсыз.  Сонда елдің ықыласына бөленген өнер адамдары әкімдердің тойында өлең айту үшін жаралған ба?! Өнер адамдары еркіндікті жақсы көреді. Олардың шығармашылығына орынсыз араласа берудің қажет жоқ. 

 Қазір ОҚМУ-де сабақ беремін. Өйткені ертең зейнеткерлерікке шыққан соң да айналысатын шаруа керек.

--Сонда зейнеткерлерікке шыққан соң, әншілікті мүлдем қоймақсыз ба?

--Ән айтуды мүлдем қоя алмаспын. Бірақ өнерден әдемі қалпыңда кеткен дұрыс шығар деп ойлаймын. 

--Әңгімеңізге рахмет!

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: