Өмірде де, өнерде де жарасымды жұп атанған Қарақат пен Қыдырәлі биылдан бастап отандық қуыршақ өндірісін қолға алды. Бәлкім бұл біреуге қызық болып та көрінер. Жуырда шымкент қалалық әкімдігінде қазақ өнерінің қос жұлдызы өздерінің алғашқы өнімдерін жұртшылыққа таныстырды.
Ән әлеміне жаңа толқынмен, жаңа бір леппен келген Қыдырәлі алғашқыда өз өнерін көрерменіне жеке дауыста ұсынды. Бұдан кейін «АБК» триосында жүріп, тыңдарманның жүрегін жаулады. Қыдырәлінің продюссерлік жұмысы да жеміссіз емес. Ол негізін қалаған «Ұлытау» тобын отандық шоу-бизнес тарихындағы ерекше жаңалыққа балауға болады. Өнеріне тек Қазақстан ғана емес, мұхиттің арғы жағындағы Америка да тәнті болған «Ұлытау» қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбамен келді. Өнерде әрдайым ерекшелікке, талғампаздыққа ұмтылатын және ең бастысы ұлттық тұрғыдан келетін Қыдәрлі бұдан басқа тоғыз жобаның авторы атанған. 2005 жылы ол «Демеу» продюсерлер мен орындаушылардың бiрiншi одағы» республикалық қоғамдық бiрлестiгiн (РҚБ) құрған болатын. Аталмыш бiрлестiк әншiлердiң рұқсатынсыз альбомдарының заңсыз таралуына тыйым салумен айналысып, авторлық құқықтың сақталуына мүмкiндiк бермек.
Әрі ұлттық құндылықтардың әрі өнер адамдарының демеушісі болып табылатын «Демеу» коммерциялық емес мекеме. Бүгінде ол Ресей, Еуропа, АҚШ, Қытай және ТМД елдерi орындаушыларының да мүддесiн қорғайтын ұйымдармен келiсiм-шарттарға отырған. Қазақстандық әншiлердiң 200-ден астамы өздерiнiң құқықтарын «Демеу» арқылы басқаруға сенiм бiлдiрiптi. Олардың арасында есімі елге танымал Б.Төлегенова, Е.Хасанғалиев, Н.Нүсiпжанов, Т.Серiков, Қ.Әбiлдина, М.Сәдуақасова, Б.Қорған, Ұ.Жолдасов, «Ұлытау», «Дос-Мұқасан», «Нұр-Мұқасан», «Каспий» сияқты өзге орындаушылар мен топтар да бар. Ұйымның Қарағанды, Өскемен, Астана, Алматы, Петропавл және Көкшетау қалаларымен бірге Шымкентте де бөлімшелері жұмыс істейді. Енді Қыдырәлі мен Қарақаттың қуыршақтарына қайта оралсақ.
--Ұлты мәселесіне деген жанашырлық осы қуаршақтардан басталады. Астанадан оңтүстік жұртшылығына арнайы ала келдік. Оның алғашқы тамашалаушылары да шымкенттіктер,--дейді жарасымды жұп. Қуыршақтардың барлығы дерлік ұлттық нақышта, жоғары дизайнерлік үлгімен жасалған. «Өнерлісі» де жоқ емес. Бірі музыка ырғағына тербетіліп билесе, бірі ойнаушысымен хал-жағдай «сұрасуға» да де кет әрі емес. Басқосуға келген балалар бақшасының бүлдіршіндері Тазша баламен «тілдесіп» қызыққа батты да қалды.
Қыдырәлінің айтуынша, қазір осындай ертегі кейіпкерлерінің 30 шақты түрі жасалыпты. Әзірге шағын цехта. Болашақта зауыт ашу жоспары да бар. Ол кезде балаларға ертеңгі, мақал-мәтел айтып, жұмбақ жасыратын әрі ұлттық байлықпен сусындататын қуыршақтар жарыққа шығады.
Айтқандай, Қарақат пен Қыдәлінің жуырда ғана дүниеге келген үшінші ұлдары алғашқы сапарын оңтүстік жерінен бастапты. Қырқынан жаңа шыққан сәбидің алғашқы сапарының қасиетті өлкенің топырғанынан бастағанын ата-анасы жақсы ырымға балап отыр.
Оinet.kz мұрағатынан