«Күн атқаннан кеш батқанға дейін су мен тағамсыз қиналмай шыдасам. Бір айды аман-есен өткізіп, зорығып қалмасам екен. Ораза жайлы көпшіліктің арасында осындай да пікірдің тарағаны рас. Ауыз бекітуге байланысты екі ойлы болып жүргендер адамдар аз емес. Шын мәнінде ниет етіп, ауыз бекіткен адам ораза айының әр күнін, әр минутын, тіпті секундын тиімді пайдаланып, Алла тағаланың ризалығын алуға ұмтылуға тиіс. Рамазан айында тек ішіп-жемнен емес, жаман әдеттен де тыйылуға дайын болуы қажеттігіне исламда айрықша көңіл бөлінеді.
Бүгінде шариғаттың мұсылман пендеге бұйырған бұйрықтарының көбі елеусіз қалып отырғаны рас. Ислам тыйым салған парақорлық, жала жабу, арақ ішу, зинақорлық секілді қоғамдық дерттер асқынып барады. Тәуелсіздік алғалы 20 жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін асыл дініміздің қадірін біле алмай келе жатқандар баршылық. Әйтпесе, арақ-шарап қойылған отырыстың соңынан бата қайыру, әруақтардан қолдау тілеу секілді исламға мүлдем жат әрекеттердің тыйылмай отыруын немен түсіндіресіз? Сөзсіз, бұл надандық, дінге деген құрметсіздіктің белгісі.
Әсілі, қоғамда сәл де болса адамгершіліктің, мейірімнің өсе түсетін бірден-бір кезең – қасиетті рамазан айы десек қателеспейміз. Дегенмен, оразаға қатысты халық арасында немқұрайлы пікір қалыптасып қалғанын мойындау қажет. Байқайсыз ба, осыдан үш-төрт жылдай емес, биыл ораза тұтуға ниеттенгендердің саны кеміген сыңайлы. Себеп: күн ыстықта өзін-өзі қинағысы келмейді. «Шыдамаймын-ау, ораза ұстанбайтын шығармын» дейтін пікірді жиі естуге болады. Өзін азапқа салуға нәпсі құрғыр ырық бермей отыр. Шын мәнінде, зер салған адамға ораза – қиыншылықтар емес, несібесі мол, сауабы көп мезгіл. Себебі қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінен мынадай аятты табасыз: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер ауру болып, әйтпесе жолсапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді».
Ғаламды жаратқан Алла тағаланың адам баласына шын мәнінде зиян келтіретін бұйрық бермейтіні айдан анық.
Оразаның пайдасы не?
Қасиетті рамазан айында ораза тұтуды әлі де болса денсаулыққа пайдалы диетамен шатастырып жүретіндер бар. Рас, оразаның медициналдық тұрғыдан келгенде ағзаға беретін пайдасы мол. Жаратушы Алла Тағала адамға зиян нәрсені бұйырмайтынын дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Дегенмен, медициналық тақырыптан гөрі оразаның имандылық тұрғысынан берер пайдасы молырақ екені де түсінікті. Шын мәнінде ораза – құлшылықтың ең жоғарғы түрлерінің бірі екенін айдан анық. Ораза тұту – бүтіндей тыйылу, өзін тыю дегенді білдіреді. Яғни, тек ішіп-жейтін тағамнан емес, барлық жамандық атаулысынан сақтану.
Нәпсіні тізгіндеп, тәрибелеудің басты құралы да – ораза. Ол имандылықты арттыра түсіретін ғибадат. Ауыз бекіткен адам қанағаттың, сабырлықтың, ынсаптың мән-маңызын сезініп, қадірлеуді үйренеді. Дәулетті кісілер мен кембағалдар мне міскіндердің жағдайы түсініп, оларға қарайласып, қол ұшын созудың қаншалықты сауапты екенін ұғынады. Ораза – кез-келген адамды күнәдан сақтайтын берік қамал. Ал күнәсіз адамның болмайтыны ақиқат. Бұл айда жәннат есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады. Шайтан кісенделеді. «Ораза – сабырлықтың жартысы, сабырлық – имандылықтың жартысы» деп бұрынғының ғұламалары бекер айтпаған. Атақты имам Бухари келтірген хадисте былай делінген: «Расында шайтан адам баласының қан тамырымен жүреді. Оның жолын аштықпен, яғни оразамен тарылтыңдар». Яғни, ораза - кісі мінезіне мін келтіретін барлық жаман әдеттерден айықтыратын ғибадат.
Ораза тұтқан адам тыйым етілген нәрсеге қарамайды. Мұны көз оразасы дейді. Аузы берік азамат тілін жаман сөзден, өсек пен ғайбаттан тиюы шарт. Мұны тіл оразасы дейді. Сондай-ақ, құлағын ғайбат пен өсек естуден сақтауы тиіс. Мұны құлақ оразасы дейді. Бұл шарттар сақталмаған жағдайда аузын бекіткен адам оразаның пайдасы мен сауабынан мақұрым қалады.
Ораза көпшілік ойлағандай 11 тамызда басталып кетпейді. Әуелі мұсылман баласына парыз етілген амалға дайындық мәселесін де ұмытпаған жөн. Адамның ішкі жан дүниесі, тән тазылығы мен рухани тазалықта жүруінің маңызы жоғары. Біздің ораза тұтып, аш жүруімізге Алла тағала мұқтаж емес, керісінше өзіміз мұқтажбыз. Сондықтан мұсылман адам әрдайым Аллаға және пайғамбарға деген сұжоғары сүйіспеншілікте болуы тиіс. Сонда ғана біз оразаға дайын боламыз.
Сондықтан, Ала тағаланың мейірім-шапағатынан үміт ете отырып, қасиетті Рамазан айын зор ынта-ықыласпен өткізуге тырысқан жөн.
Ауыз бекіту дұғасы:
«Науайту ан асума фи шахри рамадана иманан уа ихтисабан лилләһи Тағалә»
Мағынасы: Рамазан айында Аллаға деген иманмен және нық сеніммен ауыз бекітуді ниет еттім!»
Ауыз ашар дұғасы:
«Аллоһумма ләкә сумту иә бикә әәманту, уа ъалейкә тәуәккалту, ау ъалә ризқикә афтарту, фағвирли йаа ғаффаару ма қоддамту уа мә аххарту».
Мағынасы: Ей, Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза тұттым. Саған сиындым. Саған тәуекел еттім: Сенің рызқыңмен оразамды аштым. Менің өткендегі әрі келешектегі күнәларымды ғафу ет!».