Осыдан 3-4 жыл бұрын оңтүстікте мақта кластері қолға алынған болатын. Оны дамытуға қыруар қаржы да жұмсалды. Сол бастама бүгінде аяқсыз қалып отыр. Неге? Сенатор Орынбай Рахманбердиевтің бұл сұрағы жауапсыз қалды. «Бастаған істі аяқтау керек» деп есептейді сенатор. Ал, Мәжіліс депутаты Сатыбалды Ибрагимов облыстан жақсы идеялардың шықпай жатқанына қынжылыс білдірді. Облыс халқына тиімді бастамалар, жақсы жобалар көтерілсе, Астанада Парламенттің партасында отырған депутаттар қолдауға дайын. Бұл орайда депутат мынадай мысал келтірді. Оңтүстікте дарынды балаларға арналған «Мирас» мектебін салуға мүмкіндік мол. Жер алынған, келісімін тапса қаржыландыру шешіледі. Тек жергілікті биліктің сол жұмсалар қаржыны есептеп, жоғарыға ұсыныс жасауға мойны жар бермей тұрған секілді. «Бұл мәселені Өмірзақ Шөкеевтің кезінде де, Нұрғали Әшімов әкім болып тұрғанда да айтқан едім. Енді сізге айтып тұрмын Асқар Исабекұлы және сөзім жерде қалмас деген үміттемін», -деді мәжілісмен Сатыбалды Ибрагимов.
Бұл мәселелер облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында айтылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Жолдауынан туындаған міндеттемелер мен «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы «Халықтық тұғырнамасы» оңтүстікте қалай орындалуда? Партияның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы саяси кеңес бюросының, партия фракцияларының мүшелері, аудандық, қалалық партия филиалдарының, партиялық бақылау комиссияларының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағалары мен мүшелері, Үкіметтік емес ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері қатысқан мәжілісте осы сұраққа жауап берілді. Бұл есептік басқосуға қазіргі уақытта облыс тұрғындарымен кездесулер өткізіп жүрген Парламент депутаттары да қатысты. Бағдарламалардың орындалу барысы бойынша облыс әкімі, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов баяндама жасады.
Жалпы Оңтүстікте атқарылып жатқан игі тірліктің барлығы да белігілі бір бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқаны жұртқа мәлім. Онымен тұрмай, Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «100 мектеп, 100 аурухана», «Жол картасы» бағдарламаларының нәтижесінен тұрғындарды хабардар ету мақсатында облыс бойынша «Оңтүстіктегі оңды істер» акциясы өткізілді. Облыс әкімі баяндамасында бүгінде биылға қаралған барлық жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда екенін және жылдың соңына дейін толық аяқталатынын атап өтті. Облыста «Жол картасы» аясында 25,7 млрд. теңгеге 754 инвестициялық жоба іске асырылуда. 400 нысан бойынша жөндеу жұмыстары аяқталған. 37 971 жаңа жұмыс орындары ашылып, 37669 адам жұмыспен қамтылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағыты бойынша 324 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы «Жол картасы» аясында 919,8 шақырым жол жөнделген 189 білім нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. 91 денсаулық сақтау нысандарының 74-і жөнделген.
Алайда, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына келгенде аздап мүдіріп қалатынымыз рас. Оның себептері де бар. Осы бағдарлама шеңберінде 34 мектеп пайдаланылуға берілуі тиіс. Бүгінде сол 34 мектеп құрылысының 14-і ғана аяқталып, 1 қыркүйекте балалар жаңа білім ордасының табалдырығын аттады. 5 мектептің құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал, 15 нысан 2010 жылы пайдалануға берілмек. Осы он бестің 13-інде жобада ескерілмеген қосымша жұмыстар анықталған. Ол бойынша тиісті құжаттар республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жолданыпты. Сонымен қатар, 900 орындық Арыс қаласындағы мектепте жобада ескерілмеген қосымша жұмыстардың шығуынан мерзімі ұзартылған. Ал, Бәйдібек ауданындағы 300 орындық орта мектеп құрылысын аяқтау мердігердің мардымсыз жұмысынан келесі жылға қалдырылыпты. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша облыста республикалық бюджет қаражаттары есебінен 7 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған болатын. Оның біреуі – облыстық қан орталығы өткен жылы пайдалануға берілген. Өкінішке қарай, қаржы тапшылығына байланысты 3 аурухана, 1 емхананың құрылысы тоқтап тұр. Биыл екі денсаулық нысанының құрылысы ғана қаржыландырылыпты.
Бағдарламалар бойынша толық мәлімет берген облыс әкімі мәжіліске қатысушылар көтерген балабақша мәселесіне де тоқталды. «2010 жылы республикалық бюджеттен 13 балабақша салу жоспарланып отыр. Оған қосымша өз мүмкіндіктерімізді де анықтаудамыз. Әсіресе, облыс орталығында балабақшаға зәрулік өте жоғары. Сондықтан Шымкентте келесі жылы 100-ге жуық шағын орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз», -деді А.Мырзахметов.
Партияның облыстық филиалы төрағасы А.Мырзахметовтің тапсырмасымен 488 партиялық бақылау тобы құрылып, әр 10 күн сайын анықталған кемшіліктер бойынша есеп беріліп отырған. Осылайша бірқатар кемшіліктер дер кезінде түзетіліпті. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзімін депутаттар да бақылауда. Партиялық фракция мүшелері өз сайлау округтерінде салынып жатқан құрылыс, жүргізілген жөндеу жұмыстарын назарынан тыс қалдырған емес. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Уәлихан Бишімбаев толық мәлімет берді. Аталмыш бағдарламаларды жүзеге асыру барысында кемшіліктерге жол берген 26 адам жұмыстан босатылып, 300 компанияның лицензиясы қайтарылыпты. Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов «Жол картасы», «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының орындалу барысын партия тарапынан тексеруде Шымкент, Кентау қалаларында, Ордабасы, Мақтаарал, Түлкібас, Төлеби, Отырар, Сарыағаш аудандары бойынша көптеген кемшіліктердің анықталғанын атап өтті. Мысалы, Шымкент қаласындағы Жаңашек каналын қайта жөндеу жұмысының сапасы төмен. Темір-Отырар жолының сапасы да сын көтермейді. Нысандарды толық бітпей жатып қабылдау орын алған. Осындай кемшіліктерге тоқталған депутат Берік Бекжанов бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Облыста бірін-біріне ұқсас және бір саланы қамтитын мекемелер көп. «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов сондай мекемелерді қысқарту қажет деп есептейді. Мысалы, ауыл шаруашылғына қатысты бірнеше мекеме бар екен. Олардың бұл саланы дамытуға қаншалықты үлес қосып жатқаны белгісіз. Сондай-ақ, экологияны бақылайтын мекеме де бірнеше. Ө.Мелдеханов осындай мекемелерді ықшамдап, қаржыны басқа мақсатқа жұмсауды ұсынды.
Мәжіліс соңында барлық ұсыныстар ескеріліп қарар қабылданды.
Еркін ДОСЫМБАЙ