Жеңілмейтін жауынгерлер деген кім?

Untitled-6.jpg

Өз қожайнына көзсіз берілу және ешқашан да өзінің наным-сенімінен ауытқымау жағынан алғанда жерп бетінде жапондарға жетер халық бар ма екен, сірә!? Әсіресе, күншығыс елі ешқашан да о бастағы Құдай жаратқан қалыбынан айнымайтын, әрі қайсар, әрі қыңыр халық екенін Екінші дүниежүзілік соғыс барысында дәлелдеп берді...

Жанкешті самурайлар ақтық демдері біткенше өз императорларына адал болып қалды.  Бұл әрине, өзгелерге күлкілі болып көрінгенімен ата-бабадан қалған дәстүрді бұлжытпай ұстайтын жапондар үшін міндетті түрде солай болуы тиіс қағида еді. Жоқ, жапон жауынгері ешқашан тізе бүкпейді. Жеңіліс немесе тұтқынға түсу ол үшін өліммен тең. Сондықтан да жүздеген мың жапон солдаттары жеңіліс келісіміне қол қойылған 1945 жылдың тамызында  «қылыштарын өз қандарымен суарғанды» жөн санады.  Жапон императоры Хирохитоның өзінің қол астындағыларға тізе бүгу жөніндегі берген бұйрығы көптеген жапондықтар үшін орындалуы мүмкін емес тапсырма болатын. Ал, өз-өзіне қол жұмсамаған жауынгерлер сол кездегі Жапон билігінде болған Тынық мұхиттың сансыз аралардарына немесе ит тұмсығы батпас ормандарына сүңгіп кетті. Ондағы мақсат—соғысты одан ары жалғастыра беру. Қоғамнан мүлдем шет қалып кеткен жауынгерлер 1945 жылы Екінші дүние жүзілік соғыстың аяқталғанын, онда кімнің жеңіске жеткенін, ең ақыры, Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларының тасталғанын да білген жоқ. Тіпті,  бейбіт заманның орнағанына ондаған жыл өтсе де қолынан қаруын тастамаған солдаттар орман-тоғайларды кезіп жүрді. Сақал-мұртын қырмаған, арып-ашыған ондай адамдарды филлипиндіктер «адам-перілер» ал,  индонезиялықтар «сары адамдар» деп атап кетті.

1961 жылы соғыстың біткеннен  16 жыл өткен соң ну жынысты Гуама аралындағы орманнан бір солдат қолындағы қаруын тастап, берілуге шықты. Бұл—Ито Масаши еді. 

Соғыстан кейінгі соғыс

...Бұл оқиға 1944 жылдың 14 қазанында болған еді. Жапон императорының айбынды армиясының қатардағы жауынгері Ито Масаши сапта келе жатып, аяғындағы бәтееңкесінің бауын байлау үшін бір сәтке кідіре қалған. Осы бір сәт оның өмірін сақтап қалды. Саптағы солдаттар тұтқиылдан австралиялық әскерлердің  шабуылына тап болып, қырғынға  ұшырады.  Осы ұрыста Масаши өзінің серігі капрал Ироки Минакава екеуі әзер құтылып шықты...16 жылдық жалғыздық осы оқиғадан бастау алды.

Алғашқы екі айда қос жауынгер жәндіктерді талғажау етеді. Жауын суын ішіп, шөп тамырларын жейді.  Тіпті, түк таппаған күндері жылан аулап, қорек етеді. Ара-тұра бұларды қарсыластары байқап қалып, итпен қуалаған, арттарынан оқ жаудырған.  Бірақ ажалдары жоқ екен, бұлар бәрібір құтылып кетіп отырды. Ажалы жоқтар ұзақ уақыт өлместің күнін көрді. Өздерінің қауіпсіздігі үшін олар өзара ыммен сөйлескен. Жерден ін қазып, соны паналаған,  ор қазып, сол арқылы аң аулаған. Құдды алғашқы қауымдық құрылстағы жартылай адам, жартылай аң тәрізді... Осылайша арада азапты сегіз жыл өте шықты.

Кейінірек Масаши былай деп еске алған:

- Қаңғып жүрген біз ормандарда өзіміз сияқты басқа да жапон солдаттарын кездестіріп тұрдық. Біз бәріміз соғыстың жалғасып жатқанына имандай сендік. Әскер басшыларының уақытша шегініп кеткеніне, олардың күш жиған соң қайтып орлатынына күмәніміз болған жоқ. Бірақ жауынгерлер аштан, аурудан өліп жатты. Тамақ жетіспегендіктен тіпті, олар бірін-бірі өлтіруге дейін барды. Мен алдыма тек бір ғана мақса қойдым—қайткен күнде тірі қалу, бұдан кейін Жапон армиясына қосылып, соғысты жалғыстыра беру. Бірде біз американ авиобазасының күл-қоқыс тастайтын орнына кез болдық. Осы орын бізді аштықтан өлуден құтқарып қалды.  Бәріміз осындағы тамақ қалдықтарын азық еттік. Бос қалбырларды ыдыс-аяқ орнына пайдаландық. Ең ақыры, шүберек қалдықтарынан өзімізге киім тігіп алуды да үйрендік. Жауынгерлер тұз тапшылығынан құтылу үшін түнгі уақытта теңізге жақын барып, су алып келетін. Содан кейін оны қайнатып, ыдыс түбінде қалған кристал қалдықтарды тұз орнына жейтін. Ең қиыны екі айға созылатын маусымдық жаңбыр болды. Мұндай кездері тасада шыға алмаған Минакава екеуіміз жеміс жидекті қорек етіп, түк таппаған күндері құрбақа аулап жедік. 

Осындай жаңбырлы күндердің бірінде Масаши капралмен әлденеге келісе алмай қалады. Бұдан кейін екеуі екі айрылысып кетеді. Бірақ олар бәрібір бір-бірінен алыстап кете қоймайды. Олай істеу мүмкін емес болатын. Осыны жақсы білетін екі жауынгер  ұзамай екінші мәрте жұптасты. Қайта айрылысқан жоқ. 

Он алты жылдан кейін...

Саяқ өмірдің оныншы жылына аяқ басқан кез еді. Бірде олар орманда келе жатып, листовка тауып алады. Бұл жапон әскері қолбасшысының барлық жауынгерлерге тізе бүгу жөнінде берген бұйрығы болатын. Алайда, Масаши мен Минакава бұған сенбейді. Олар листовканы «АҚШ әскерлері бізді арандату мақсатында әдейі тастаған» деп ойлайды және өз ойларының дұрыстығына ешқандай күмән келтірмейді. 

 Масаши былай деп еске алады:

- Бірде біз қайткен күнде де аралдан шығудың амалын қарастырдық. Теңіз жағалауын аралап, қайық іздеуге шыққанбыз. Кенет алдымыздан екі американ казармасы кезікті. Екеуіміз еңбектеп жақын бардық. Терезеден жарық жарқырап тұр екен. Іштен әйелдер мен еркекетердің билеп жатқан даусы естілді. Бәрі көңілді. Терезеден үңіліп ішке көз тастаған мен соңғы он жылда алғаш рет әйел бейнесін көрдім. Бұл менің осы он жылдағы ең бақытты сәтім болатын. Мен американ әскерлеріне тұтқынға берілуіме болатын еді. Алайда ол менің сеніміме қайшы келеді,  императорға берген антымды бұзған болып саналады. Мен «ерте ме, кеш пе, біздің әскерлер күш жинап қайта оралады» деген үмітімді үзген жоқпын. 

Жалғыздықтың он алтыншы жылына аяқ басқан кез... Бірде таңертең Минакава өзінің ағаштан жасаған сүйретпесін киіп, аң аулауға кеткен. Арада бір тәулік өтеді. Минакава жоқ. Масаши енді оны іздеуге шығады. Кенет ол жолда жатқан Минакаваның аяқ киімі мен рюкзагіне жолығады.  Оны АҚШ солдаттары тұтқынға алған болу керек деп ойлайды. Бір кезде тура төбеден  ұшақ ұшып өтеді. Бұл ну орманға қайта сүңіп кетуге әрекет жасамақ болған. Алайда осы кезде ол қарсы алдынан төрт АҚШ солдатын және Минакаваны көрді. Минакава қырынған, үстіне су жаңа киім киген, бір сөзбен айтқанда онда жабайлық кейіптен жұрнақ та қалмаған.  Манакава бұған соғыстың әлдеқашан біткенін және берілу керектігін  айтады. Масаши әрине оған сенген жоқ. 

- Тіпті, мұны санама сіңіру үшін бірнеше ай кетті. Маған кейіннен Жапониядағы менің моламның суретін әкеліп көрсетті. Құлыптасыма менің ұрыста қаза тапқаным жазылыпты,--деп еске алған кейіннен Масашидің өзі. 

Сол күні кешкісін Масаши он алты жылдан кейін алғаш рет ыстық моншаға түсіп, жылы әрі таза төсекке бас қойды. 

Өлермендік 

Жапон әскерінің арасында 16 жылдан да көп уақыт бойы джунглиде күнелткен солдаттар болған. Мысалы, император армиясының сержанты Шоичи Икои да Гуамада соғысқан. АҚШ әскерлері аралға  шабуыл жасаған кезде, тағдыр оны да меңіреу ну орманға лақтырып тастады.  Берілу жөніндегі листовкілерге ол да сенген жоқ. Оның да ормандағы негізгі қорегі құрбақалар мен тышқандар болды. 

--Бірде мен «ініме» кіріп кеткен жыланды қуып шықпақ болып айқай салдым. Сонда көмейімнен айқай емес, әлсіз ғана дыбыс құмығып шықты. Ұзақ уақыт бойы ешкіммен сөйлеспегендіктен, менің даусым бітеліп қалған екен. Осыдан кейін күн сайын бір мезгіл дауыстап өлең айтып, немесе дұға оқып, өзімді жаттықтырып тұруды әдетке айналдырдым,--деп еске алған екен Шоичи. 

Сержантты 1972 жылды аңшылар тауып алды. Бұл кезде оның жасы 58-ге келген болатын. 

Самурайлар жеңіліске сенбейді 

1974 жылы 52 жастағы жапон армиясының лейтенанты Хироо Онода өз еркімен жергілікі билік органдарына берілді.  Хирооны «тізе бүгуге» көндіру оңай болған жоқ. Соғыстың аяқталғанына  көз жеткізу үшін Филлипинге оның бұрынғы командирін шақыруға тура келген. Кейіннен Хироо Онода былай деп еске алған:

- Ну оманда менің әлі талай достарым жасырынып жүр. Олар менің шақыруыма бәрібір келмейді. Бәлкім мені басына түскен ауырлыққа төзе алмай, тізе бүгіп қойды деп жазғыратын да шығар. Өкініштісі сол, олардың барлығы да осылай қаңғып жүріп, аштан өледі.

Жапон үкіметі өздерінің «көзсіз» жауынгерлерін елге қайтару үшін ұрыс жүріп өткен көптеген аралдарға соғыстың біткені және ендігі қарсыласудың ешқандай мән—маңызы қалмағаны жөнінде листовкаларды талай мәрте таратқан. Алайда өліспей беріспейтіні самурайлардың ұрпақтары мұны әлі де сол баяғыша «АҚШ жауынгерлерінің құйтыртқысы» деп түсінетін сияқты. Қаншама жауынгердің «ерте ме, кеш пе, жапон әскерлері күш жинап, қайта оралады» деген  үмітпен ғұмыры үзілгенін кім білсін. 

Қазіргі уақытта Жапонияда соғыс уақытында із-түссіз жоғалып кеткен солдаттардың рухына арнап, жапон монастрінде дұғалар оқылып, шамдар жағылып тұрады. Әйтсе де, Филлипиннің, Индонезияның, Жапонияның сансыз аралдарында, ну ормандарында әбден қаусаған, бірақ сонда да қолынан қаруын тастамаған қайсар қарт жауынгерлердің кездесіп қалуы әбден мүмкін. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: