8 мамыр күні бет-ауыздарын бүркемелеген, мұздай киінген Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің жедел әрекет ету тобының жігіттері Шымкенттегі кафелердің біріне сау етіп кіріп, осында алаңсыз тамақтанып отырған үш азаматты құрықтады. Тінту барысында ұсталғандардан “ТТ”, “ИЖ” және “Оса” тапаншалары табылды. “Қонақтар” мініп келген “Мерстің” ішінен “Калашников” автоматы шықты.
Қарап тұрсаңыз, осы оқиға біз үшін түкке тұрғысыз жаңалықтардың бірі болар еді, қазір полиция кімді ұстамай жатыр дейсіз. Егер… иә, егер қолға түскен үшеудің бірі қылмыс әлемінің авторитеті “Еска” болмаса. Бұдан кейін ішкі істер департаментінің журналистерді жинап, жұрттан сүйінші сұрайтындай-ақ жөні бар.
“Еска” Шымкентті ғана емес, бүкіл Қазақстанды шулатқан авторитет екені әмбеге аян. Ол 1997 жылы бұзақылығы үшін сотты болған. 2005 жылы дәл осы “Есканың” шақыртуымен Шымкентке “Жора Ташкентский” деген лақап атымен танымал мәскеулік “вор в законе” Гергий Сорокин келген болатын. Бірақ шымкенттік авторитеттердің “разборкасын” шешіп беремін деген “Жораның” жолы болмады. Оны ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қаладағы сауналардың бірінде құрақтаған. Тексеру барысында “ұрының” қалтасынан қару мен есірткі табылды. Сол үшін ол сотты болып, жазасын осы Қазақстанда өтеп кеткен болатын.
2006 жылы тәртіп сақшыларына “Есканы” қамауға алудың сәті түсті. Ресми мәліметтерге қарағанда, авторитеттің қалтасынан граната табылған көрінеді. Сол үшін ол 1 жылға шартты түрде сотталады. Бірақ бұл “Есканың” жеке өміріне ешқандай кері әсер етпеген сияқты. Ол сол 2006 жылдан бастап облыстық бокс федерациясының вице-президенті қызметін атқаруға көшкен. Бір мезгіл федерацияның тізгінін де қолға алып, осы жуырда ғана президенттікті белгілі бизнесмен Нұрлан Қаныбековке тапсырып, қайтадан вице-президенттікке ауысқан еді...
Қазіргі уақытта ұсталған үш азаматтың үстінен заңсыз қару алып жүргені үшін қылмыстық іс қозғалып, өздері қамауға алынды. Оларға 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұрған көрінеді.
Бір таңқаларлығы, тек Қазақстан ғана емес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сияқты елдердің қылмыстық ортасына танымал “Еска” осыменен екінші мәрте қару сақтағаны үшін ұсталды. Шымкенттегі тағы бір атышулы “Дикий Арман” жуырда есірткі алып жүргені үшін Алматы қаласында ұсталып, сотталып кетті. “Вор в законе” “Жора Ташкентский” де дәл осындай негізбен түрмеге тоғытылған. Күні кеше Қазақстандағы қылмыс әлемінің жалғыз “құдайы” “Серік Голова” есірткі сақтағаны үшін ұсталды…Тізе берсек, мұндай ұқсастық көп. Шамасы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері шектен шыққандарды қалай әрі қай кезде ұстау керектігін жақсы меңгеріп алғанға ұқсайды.
Авториттердің шетінен темір тордың арғы жағынан жіберілуі нені білдереді? Бұл еліміздегі қылмыстық ахуалдың қатаң бақылауда тұрғанын көрсетсе керек. “Джентельмени удачи” фильміндегі танымал бір сөз бар емес пе: “Ұры” түрмеде отыруы керек” (“вор должень сидеть в тюрме”) деген. Тәртіп сақшылары осы қағиданы қатаң басшылыққа алған сияқты. Мұны облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Оразалиевтің сөзі де растайды. Оның айтуына қарағанда, енді шымкенттіктер тыныш өмір сүре берсе болады, өйткені, бостандықта ешқандай бандит қалған жоқ.
Айтқандай, “Есканың” қазір басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Қолға түскен авторитет осы уақытқа дейін қорқытып алу, өз бетінше қарыз өндіру, криминиалдық “разборкаларға” қатысу сияқты қылмыстармен айналысқан көрінеді.