Қарттардың денсаулықтары басты назарда

Screenshot_22.jpg     

Cәбиліктен соң, жалындап жанған жастық  шақ, одан бейнеті мен қызығы қатар жүретін орта жас,  артынша қарттықтың есігіңді қағып тұрғанын байқамай қаламыз кейде. Қарттық кезең ғұмыр бойы жинағаныңның рахатын көретін шақ. Алайда тағдырдың толқындары бірімізді қалаға, бірімізді далаға айдайды. «Жастық шақта бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілегенімізбен өкінішке қарай, бейнетіңнің зейнеті әр уақытта қайта бермейді. Бүгінде бойдан қуат кетіп, елу, алпыстың асқарынан аттаған қариялар бала-шаға, туған-туыстың емес, мемлекеттің қамқорлығы арқасында тіршілік көшіне ілесуде. Жалғыз басты, қамқоршысынан айырылған қариялардың ендігі мекені, шаңырақтары қарттар үйі болмақ. 

       Қазақ қашанда қазыналы қартын құрметтеген халық. “Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік” деп атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларды қараусыз қалдырмай, бар жағдайды жасауға тапсырма бергені белгілі. Әсіресе, барлық жерде тегін медициналық көмек көрсету міндеті айрықша көзделген. Қазақстан Республикасында қарт адамдарды әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді  жүйесі қалыптасқан: ол зейнеткерлікке шығуына,мүгедектігіне, асыраушысынан айырылу жағдайына және жасына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақылар; арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар; әлеуметтік қызметтер көрсетуді және әлеуметтік көмек беруді қамту. Туған-туыстарының күтімінсіз қалған егде жастағы адамдар өз өмірлерінің соңғы жылдарын осы «қарттар үйі» аталып кеткен арнайы медициналық-әлеуметтік орындарда өткізеді.

    Шымкент қаласының «Чапаевка» деп аталатын шағын ауданында Оңтүстік Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық - әлеуметтік мекемесі орналасқан. 1965 жылы негізі қаланған мекеме осы уақытқа дейін көздерінде ащы өмірдің мұңы бар қарттардың жүздеріне күлкі сыйлап, жүдеу жүректеріне демеу болып келеді. Қазір мұнда 265 қария бір шатырдың астында ғұмыр кешіп жатыр. Оның ішінде 96-ы бірінші және екінші топтағы мүгедектер, 167-і жалғыз бастылар. Қарттардың денін орыстар құрайды, яғни 123, ал өзіміздің қазақ қариялардың саны 92. Тоқсанның асуынан асқан 12 қария бар болса, олардың ішінде ең үлкені Надежда әжей биыл 98-ге толды. 

     Қарттар үйіне зейнеткерлік жасынан асқан адамдар арнайы жолдамамен қабылданады. Қазақстандағы барлық қарттар үйінің заңмен қарастырылған негізгі мақсаттары қарттар мен мүгедектерді материалдық-тұрмыстық жабдықтармен қамтамасыз ету, оларға отбасылық қатынасқа жақындатылған, ыңғайлы, жағымды өмір жағдайын құру,

тұрушыларға күтім ұйымдастыру болып табылады.Медициналық көмек көрсету және мәдени-бұқаралық жұмыстар жүргізу, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік-еңбектік оңалтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру міндеттелген. Бұл мекемеде  қарттарға жеті бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық, мәдени, экономикалық, құқықтық және әлеуметтік еңбек. 

          Жасы келген адамдар болған соң денсаулықтартары сыр беріп, қамкөңіл жандарды әуреге салатыны бар. Сол себепті мұнда ең алдымен денсаулықтарына көңіл бөледі. Мекеме ұжымы олардан медициналық көмекті барынша аямауға тырысады. Аяқтары қақсап, балтырлары сыздаған жағдайда дереу екі медициналық постқа қарай аяңдайды. Әр күн сайын таңертең мұндағы дәрігерлер қарттардың денсаулықтарын бір тексеруден өткізіп шығады. Олар толықтай дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті ем-домдарын алып отырады. Одан бөлек қол массаж, механикалық массаж, тренажер залы, физоем, фитоем, тіс емдеу бөлмесі қызмет көрсетеді.  Өз еріктерімен жүріп-тұрулары қиын қарияларға ыңғайлы етіп жатын бөлмелері мен жүру құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Бос уақыттарын тиімді өткізіп, көңілдерін бір сәт аулайтын іс те табылады мұнда. Сегіз мыңға жуық кітаптармен қамтылған кітапханада күн ұзақ отырып, кітап оқып, еңбекке баулу бөлмесінде қарттар үйіне дейінгі өмірде айналысқан істерімен шұғылданып, шахмат, шашка, нарды, бильярд ойнап, ойларын сергітіп алатын сәби жүректі қариялар, бір-бірін туыстарындай көреді. Шүйіркелесіп әңгімелеседі, әзілдеседі, кейде сырларымен бөлісіп, мұңдарын шағады. Көңіл күйлері болмай, құлазыған шақта психологтың көмегі ұшан теңіз. Дана қарттарымыздың психологиясы жас баланікіндей болып келеді. Әр нәрсені көңіліне алып, болмашыға өкпелеп қалады. Ондай сәттерде психолог әрқашанда жандарынан табылып, жан дүниесіне үңіліп, оның жан жарасын емдеуге тырысады. 

       «Көп жағдайда ауырған жерлерін айтып, мазалары болмай отырғандығын айтады. Ал шын мәнісінде оны тәннің ауырғаны емес, жанның ауырғаны мазалайды. Ондай жағдайда алдымен ішіндегі өкпе, наласын, сырларын сыртқа шығаруға тырысып, шер тарқатуға мүмкіндік беремін. Мойындарындағы ауыр жүктен арылған соң түрлі әңгімелерді айтып, ойындар ұйымдастырып өмірге деген құлшыныстарын оятуға тырысамын. Қарттықтың басты жауы- жалғыздық деген. Ал мұнда жатқандардың барлығы жақындарынан айырылған немесе қамқоршылары жоқ адамдар. Олардың жандарына бататыны да сол жалғыздық. Алайда мұнда келгенннен соң өзі секілді тағдырластымен танысып,  жандарына серіктерін таба бастайды. Өзім қарттармен әңгімелескенді қатты ұнатамын. Олардың сөздерінде ақыл, өсиет тұнып тұрады»,- дейді психолог Гүлфайруз Абатова.

           Мұнда да мәнді де, сәнді өмір бар. Осында келген соң қарттықтың азабы мен қызығын бірге тартайық деп келісіп, жұп құрғандар да бар. Мысалы  Өмірәлі аға мен Нина әжеміз, Николай Николаевич пен Антонина Кичкина осында танысып, өзара түсінісіп, бірге ғұмыр кешіп келеді. Мүгедек жандардың арасында да жұп құрып, бақытты өмір сүріп жатқандар бар. «Қазір бізде барлығы 15 жұп бар. Оның ішінде бұрыннан отбасылы болып келгендер де, осы жерде танысып, қосылғандар да бар. Негізінен осылай отбасы құрып жатқан қарияларымыз үшін қуанамыз. Себебі  олар өмірлерінің соңына дейін бір-біріне демеу, қамқор болып тіршілік кешеді. Оларға арнайы бөлме әзірлеп, тұрмысқа ыңғайлы өмір сүретін барлық мүмкіндікті қарастырамыз»,- дейді қарттар үйіндегі  кадр бөлімінің инспекторы Айнагүл Жалғасқызы.  

       1 қазан халықаралық қарттар күніне орай Оңтүстіқ Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық - әлеуметтік мекемеде облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев пен Шымкент қаласы әкімінің  орынбасары Бахадыр Нарымбетовтың қатысуымен іс-шара өткен болатын. Мерекелік жиында қарттады құттықтаған басшылар, сыйлықтар таратып, концерттік бағдарлама қойды.  Сол жиында мекеменің директоры Нұрғали Ешенқұл қарттардың денсаулықтары басты назарда екенін жеткізіп, оларға медициналық көмек көрсету жағдайы тағы да  жоғары дәрежеге көтерілетінін айтқан еді. 

     Жетпіске таяп қалған Жаныгүл апамыздың осында келгеніне екі жылдың көлемі болыпты. Жетісай қаласындағы Игілік ауылында туып өскен апамыз, бар өмірін мақта шаруашылығына арнаған екен. Қарттар үйіне келгеннен бері жалғыздықтан құтылып, денсаулығы жақсарып қалғандығын айтады. «Небәрі үш сыныптық білім алғанмын. Сауатым жоқ болған соң қартайғанша қара жұмыстың соңында жүрдік. Содан денсаулығым нашарлады. Қазір Аллаға шүкір бәрі жақсы, төрт мезгіл ыстық тамақ береді, ауырған жерімді айтсам дереу ем-дом істейді. Осы жерден артық үй жоқ маған»,- дейді ол.  

    Шынында да мұндағы ынтамағы жарасқан жылы ұяда өмір кешіп жатқан қарияларымыз бақытты. Себебі ауырғанда емдейтін, сырласқанда арқа сүйейтін адамдар бар. Олар басына түскен тағдырларына да, бүгінгі өмірлеріне де налымайды, керісінше Елбасының сарабдал саясатымен жүзеге асып жатқан осындай қалқан болар мемлекеттік қамқорлықтың  барына шүкіршілік етеді. «Қарты бар үй қазыналы» демекші көздері тірі жүрген қазынаналарымызды аялап, қамқорлық көрсету тек мемлекеттің ғана емес әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп есептеймін. 

Мұрағаттан: 04.10.2012

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: