Шыны керек, «Қазақстан аруы» - «Мисс Қазақстан» байқауына қоғамда әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Еліміздегі ең сұлу да көрікті қыздың кім екенін білгісі келген мыңдаған жан осы байқауды тағатсыздана күтсе, керісінше мұндай іс-шараны құптамайтын, оны ұлттық салтымызға қайшы келетін жайсыз бастама ретінде де қарайтындар аз емес. Қыз сынын «Арулар байқауы емес, арсыздар байқауы» деген пікір ұстанатындар осы сайыстың қоғамға берер пайдасынан гөрі зияны мол деп санайды. Бірақ, қалай дегенмен, жылда дәстүрлі түрде өтетін «Қазақстан аруы» байқауына деген қызығушылық алабөтен болып тұр. Негізі, тұңғыш сайыс сонау 1989 жылы ұйымдастырылғанымен, дағдарыс жайлаған 1996 жылға дейінгі аралықта «Қазақстан аруы» жобасы ұмыт қалған. Тек 1997 жылдан бастап байқау жыл сайынғы іс-шараға айналды. Топ жарған сұлулар дүниежүзілік сайысқа жолдама алатын болды.
Әлбетте, арулар байқауы көптеген қатысушылар үшін шоу-бизнес пен кино әлеміне трамплин болып есептеледі. Айталық, Софи Лорен, Айшвария Раи секілді киножұлдыздар ең әуелі осындай байқаулар арқылы танылған. Дегенмен, түрлі жарыстардың жеңімпазы атану – табыстың кепілі болмайтыны да белгілі. Тіпті, қызғаныш пен көреалмаушылықтың салдарынан мұның соңы кейде қасіретке де ұласады. Көршілес елдердегі «мисс» атанған кейбір қыздардың тағдыры осыған дәлел. Атап айтсақ, 1997 жылы Грекияда атышулы киллер Александр Солоникті белгісіз біреулер атып кеткенде, оның жанынан «Ресей аруы-1996» атанған Светлана Котованың мәйіті де табылған. Оның тағдырын 2000 жылы және бір ресейлік ару - Александра Петрова да қайталады. Ал «Ресей аруы-1999» байқауының жеңімпазы, көркімен көпшіліктің назарын аударған Элеонора Кондратюкті соңына бір қылмыскер түсіп алып, өзіне тұрмысқа шығуын талап етеді. Қарсылыққа тап болған сұм қылмыскер Кондратюктің бетіне қышқыл шашып, осылайша кек алған.
Бірден айтайық, «Қазақстан аруы» атанған сұлулардың барлығы дерлік өмірде өз орнын таба білді. Ең алғаш бұл атақты 20 жастағы Сәуле Рахметова жеңіп алды. Дегенмен, ару қыз сән әлемін емес, балетті таңдады. Алматыдағы хореографиялық училищені бітірген соң көп ұзамай Мәскеуге аттанады. Балетпен шұғылданған талантты Рахметова дүниежүзін гастрольдік сапармен аралап, атақты театрлардың сахнасында өнер көрсетті. Германияда 5 жыл, Америкада он жылдай өмір сүріп, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға оралды. Қазір өнер саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Осыдан біраз бұрын «Екі жұлдыз» тележобасына қатысып, Мейрамбек Беспаевпен жұптасып ән шырқағанымен ел есінде қалды.
Ал Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш ару – алматылық Жәмиля Бисембаева. Ол 1997 жылғы байқауда топ жарып, көпшіліктің көзайымына айналды. Бір жылдай Мәскеудегі «Ред старз» сән агенттігінде жұмыс істеген соң, елге оралып, информатика мамандығы бойынша жоғары білім алды. Қазір «Қазақтелеком» компаниясының қызметкері. 1998 жылғы ел аруы - Дана Төлеш осы атаққа небәрі 17 жасында ие болды. Байқаудың шарты бойынша ол «Әлем аруы» жарысына Қазақстанның атынан қатысуы тиіс еді. Соған қарамастан, 1999 жылы Сейшель аралдарында өткен сайысқа Дана емес, Ани Крипота атты модель аттанып, құралақан қайтты. Ал Дананың өзі көп ұзамай миллионер адамға тұрмысқа шығып, қазір бизнес леди ретінде танылып жүр.
2000 жылы байқаудың бірқатар ерекшелігі болды. «Қазақстан аруы» сайысының бас жүлдесін ұлты орыс Маргарита Кравцованың иеленуін кейбіреулер саясатпен байланыстыра бастады. Себебі, алдыңғы жылдардағы жеңімпаздардың барлығы қазақ қыздары болатын. Ал байқау өтіп жатқан күндері Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келіп, орыс тілі мәселесін қозғай кеткен. Оның үстіне, «Русское радио Қазақстан» да байқау ұйымдастырушыларымен келісім-шартқа отырып, негізгі демеушілердің біріне айналды. Қалай дегенмен, ел аруы атанған Кравцованың жеңісіне ешкім таласа қойған жоқ. Көп ұзамай Маргарита «Әлем аруы» байқауында 2-орын иеленіп, айды аспанға шығарды. Бір кездері «ОРТ» телеарнасында ауа райы болжамының жүргізушісі қызметін атқарды. Алайда, кенеттен Америкаға көшіп кетті. Біраз жыл сән агенттіктерінде жұмыс істеп, американдық бизнесменге тұрмысқа шықты. Бірақ, жуырда күйеуімен ажырасып, елге қайта оралды. Қазір бірқатар жобалардың жетекшісі, тіпті киноға да түсіп үлгерді.
Жалпы, 2001 жылға дейінгі аралықта «Қазақстан аруы» байқауында кілең алматылық және астаналық қыздар жеңімпаз атанып жүрді. Аймақтан шыққан тұңғыш ару – шымкенттік Ольга Сидоренко болды. 2002 жылы Ольга Сидоренко республикалық байқауда алдына жан салмай, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз деп танылды. Сол жылғы әлемдік байқау Нигерияда өтуі тиіс болған. Алайда, іс-шара басталмай жатып осы елдің радикалды мұсылмандарды үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, бұл ақыры қарулы қақтығысқа ұласты. Сайыс шұғыл түрде Лондонда өткізілді. Сидоренко ешқандай табысқа жетпегенімен, өзге модельерлердің назарына ілікті. Мәскеу, тіпті еуропаның бірқатар сән агенттіктерінен шақырулар түсіп жатты. Бірақ, Сидоренко оқуын жалғастырып, 2007 жылы тұрмысқа шықты. Бірқатар қалталы азаматтардан ұсыныстар болғанымен, Ольга студенттік шақта танысқан жігітпен қосылды.
2005 жылы және бір жерлесіміз - Дина Нұралиева «Қазақстан аруы» байқауында топ жарды. 2006 жылы «Ғалам аруы» атты байқауында айтарлықтай табысқа жете алмағанымен, арада үш жыл өткен соң «Әлем аруы» байқауына қатысып, үздік ондықтың құрамынан көрінді. Бұл сайысқа «Қазақстан аруы 2008» байқауының жеңімпазы Ольга Никитенко баруы тиіс еді. Алайда отбасылық мәселелерге байланысты шыға алмай, оның орнына Дина Нұралиева қатысатын болып шешілді. Бірнеше жыл бұрын Нұралиева Шымкентте «East models» сән агенттігін ашты. Қазір «Шымкент аруы» байқауының ұйымдастырушысы.
2006 жылы республикалық қыз сынында атыраулық Гаухар Рахметәлиева үздік атанды. Ол кезде Атырау мұнай және газ институтының 3 курс студенті болатын. Байқауда жеңіске жеткен соң Гаухарды түрлі сән агенттіктері шақыра бастады. Дегенмен, білімге ден қойған ару қыз химия саласының білікті маманы атанып, оқу орнын қызыл дипломмен аяқтады.
2007 жылғы байқауда топ жарған ұлты татар Альфина Насырова әлемдік сайыста жартылай финалға дейін жетті. Ал 2009 жылы «Қазақстан аруы»болып Сымбат Мадиярова топ жарғанымен, дүниежүзілік жарысқа барған жоқ. Былтырғы қыз сынында Жанна Жұмалиева алдына жан салмады.
Мұрағаттан, 08.12.2011 ж