Еліне еркелеген Ералхан

 1394788033.jpg

Оңтүстік өңірінен шыққан танымал әншілердің қатары  жыл санап көбейіп барады. Дегенмен, отандық эстрадаға алғаш  шыққан шымкенттік  өнерпаздардың бірі – Ералхан Әбішевке бөлек тоқталып өткеніміз абзал. Шардара ауданының тумасы Ералхан Әбішев мектепті тәмамдаған соң өнер саласын таңдап, 1978 жылы Алматы музыка училищесіне оқуға түсіп, оны бітірген соң құжатын  Құрманғазы атындағы консерваторияға тапсырады. Сондай-ақ Шымкенттегі Мәдениет институтында эстрада оркестрінің дирижері мамандығы бойынша білімін жетілдірді. Осы жылдар аралығында «Досмұқасан», «Алматы Варьетесі», «Гүлдер» және «Алтын дән» ансамбльдерінде әнші болып өнер көрсетті. Оның орындауындағы «Аққуым менің қайдасың», «Әнім сен едің», «Жақсыгүл» атты әндері халық арасында кеңінен таралды. 

Жалпы, Әбішевтер отбасы іскерлігімен кеңінен танылған. Айталық, Ералханның ағасы белгілі мемлекеттік қызметкер, бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазір Өскемен қаласын басқарып отырған  Ислам Әбішев ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті.  Сондай-ақ, інісі Нұралы Оңтүстікке белгілі  кәсіпкер, облыстық мәслихаттағы   белсенді депутаттардың бірі. Бұл тұрғыда Ералхан да  қол қусырып отырмай, іскерлігімен ерекшеленді. Көп жыл бойы әндерімен жұртшылықты қуантып жүрген ол бірталай шығармашылық ұжымдарды басқарып көрді. Қазір Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайының директоры.  Біраздан бері продюсерлік міндетті де қоса атқарып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаймен бірлесе отырып «Мұрагер» продюсерлік орталығын құрған Ералхан Әбішев шоу-бизнес саласының дамуына өз үлесін қосуда. Продюсерлік орталық құрылған бойда белсенді түрде іске кірісіп,  шымкенттік «АСD records» компаниясымен бірігіп ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты еске түсіруге арналған «Бүгін менің туған күнім» атты кештің DVD және  CD дискілерінің тұсау кесерін өткізді. Бұл 2007 жылдың сәуір айы болатын. Сол жылы мамыр айында «Соғыс жылдарындағы әндер» атты қайырымдылық концертін және «Ретро жұлдыздар шақырады» деп аталатын 70-80 жылдардағы өнер жұлдыздарының кешін өткізді. «Ретро жұлдыздар» жобасын жүзеге асыру барысында түрлі қиындықтар орын алған екен. 

- Фестивальды ұйымдастыру, оны сахналау үшін қыруар кедергіден өтіп, тас қамалдарды бұзып, тұзақтарды үзіп өткенімізді еске алсақ, оның өзі бір-екі том болады, - деп еске алады Ералхан Әлмаханұлының өзі. - Тарап кеткен «Арқастың», «Алтын дәннің» байырғы, алғашқы ұжымын жинап, олардың өздері ұмытып қалған әндерін естеріне түсіріп, қайтадан басқосуға көндіру үшін қанша уақыт, еңбегіміз кетті. Бірі жеке әнші, бірі музыкант, бірі бизнесмен болып Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген азаматтардың басын қосу оңайға соққан жоқ. Іздеу салып жүріп, кезінде «Москонцерт» пен «Ленконцертте» Ресейді таңдандырып, кейін «Дос-Мұқасанның» шақыртуымен Алматыға оралған Асан Мақашевтi 18 жылдан соң сахнаға қайта шығардық! Оның өзін ұмытқан көрермен әнін естігенде шыдамай шу ете қалды. Асан ағамыздың өзі көзіне жас алып, толқып кетті. Сол сияқты Абит Қалиевтi сахнадан көрген жұрт 17 жыл бұрын жоғалтқан жастығымен қайта қауышқан­дай болды. «Арқастың» «Қара бауыр қасқалдағы» шырқалған кезде көздері қуаныштың жасына жуылған жұрт орнынан тұрып кетті! Көрермен көзінен осылай тыс қалып, айтар әні әлі де таусылмаған өнерпаздарымыз қаншама?! Солардың бәрін шетінен тауып, жыл сайын бір-бірлеп қосып, сағынған көрерменімен қайта қауыштырып жатырмыз. Әлі де алыста жүргендері қанша... Кеше ғана көз жұмған атыраулық ағамыз Табылды Досымовты екі жыл бұрын шақырып, сахнаға шығарғанымызда ризашылығын білдіріп, еліне шақырып кетіп еді. Жете алмадық...»

Ералхан Әбішевтің жетекшілігіндегі продюсерлік орталық басқа да жобаларды жүзеге асырып үлгерді. Мәселен, биыл сәуір айында Алматыда «Аққу-Нәкку» әзіл-сықақ отауының продюсері Әзімхан Бердалының 60 жылдығына байланысты мерейтойлық кеш өтті.  Әзімхан Бердалы Данагүл Темірсұлтанова, Гүлбаушан Тереубекова  және  Асқар Наймантаевтардың басын қосып «Аққу - Гәкку» театрын құрған продюсер. Ол    бұған дейін  «Тамаша» ойын-сауық отауында 20 жыл   директор болып  жұмыс жасаған  болатын. «Алматы» концерт залында ұйымдастырылған бұл шараға «Мафия мен Тақия», «Күлкі жәрмеңкесі», «Беймарал» театрлары мен Тұңғышбай Жаманқұлов,  Нұржан Тұтов  сияқты театр саңлақтары қатысты. Сондай-ақ бұл кешті  Шахизада, Бақыт Шадаева, Жеңіс Ысқақова,  Сембек Жұмағалиев және Ару, «Каспий» топтары  әнмен әспеттеп,  сиқыршы Балтабек пен Раиса Жұмағұловтардың ұлы Олжас Балтабекұлы өз өнерімен таңқалдырды.  

Танымал әнші тұңғыш жеке шығармашылық концертін сонау 1997 жылы берген. 2003 жылы Республика сарайында "Аққуым менің қайдасың" деген тақырыппен өткен  жеке концерті әлі күнге дейін ән сүйер қауымның есінде. Биыл ердің жасы 50-ге толған Ералхан Әбішев қазан айының соңында Алматыдағы  Өмірбек Жолдасбеков атындағы  студенттер сарайында «Ел еркесі Ералхан» шығармашылық кешін өткізді.  Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі – Ералхан тек ән шырқаумен шектелмей, продюсер ретінде өнер әлеміне жолын ашқан жеке жобаларын да көпшілікке ұсынды. Атап айтқанда, әнші Әлия Байгөзева, пианист Дінмұхамед Асан және  "Адем" дуэті, "Ару", "Аңыз"  топтары мен    "Беймарал" театры қатысты. Әсіресе Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінің оқушысы Д. Асанға арйықша  тоқталғанымыз жөн. Әлемде  техникасы ең жылдам пианист саналатын ол түрлі халықаралық байқауларда оза шауып, өнерімен күллі әлемді тамсандырды. Қазір  Еуропада өтетін кезекті өнер бәйгесіне дайындалып жүр екен.  

Концертке «Ел еркесі Ералхан» деп атау беру тегін емес, себебі Ералхан Әлмаханұлының еркелейтіндейі бар.  

- Неге еркелемеске, - дейді бұған қатысты Ералханның өзі. -  Өзім қай жерде жүрсем де көңілім көтеріңкі, достарыммен әрдайым қалжыңдасып, былайша айтқанда еркелеп жүремін. Адам адаммен дос болу керек деген қағиданы қатты ұстанамын. Жалпы, қай жерде болмаса да еркелеймін. Халыққа да еркелеп жүремін. Еркелігім концерттерімде де байқалады. Өйткені мен ешкімге «жоқ» деген сөзді айтқан емеспін. Осы істеп жатқан жұмысымның 90% тегін істедім десем өтірік айтқаным емес. Сондықтан «ставка» қанша деген кезде, 7000 теңгеге де бара беремін, 700 долларға да бара беремін. Керек болса, тегін де барған кездерім болды.   

Ералхан Әбішевтің шығармашылық жоспарлары көп. Көпшілікке жаңа әндерін ұсынып, сонымен қатар жаңа жобаларды жүзеге асыруға да күш салмақ. 

Ералхан Әбішев республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты (1985), сол жылы Бүкілодақтық студент-жастар конкурсының жеңімпазы болды. 1990 жылы Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде өткен студент жастар өнерінің фестивалінде, 1993 жылы Түркияда халық музыкасы мен билерінің фестивалінде лауреат атанды. 

Мұрағаттан: 17.11.2011 



  


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең үлкен энциклопедиялық сөздік
  • Әлемдегі ең қымбат кітапты Билл Гейтс қаншаға сатып алды?
  • Әлемде қай жазушының кітабы 2 млрд. данамен тараған?
  • Әлемдегі ең ауыр кітап жинағы қай мемлекетте?
  • Әлемдегі ең «ақылды» көпір
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: