Шымкеттік Сәбира Сабырова зейнеткер болғанына қарамастан, өз көлігімен жұртқа таксист қызметін көрсетіп жүр. Таңертең немерелерін баратын жеріне апарып, күндіз такси айдайтын, ал кешкісін отбасы мүшелеріне, немерелеріне тамақ әзірлейтін 66 жастағы әжей туралы "Замана" басылымы жазды.
Сәбира Сабырованың айтуынша, өзі көлік айдауды студент кезінде үйренген екен. Кейін өз бетіммен айдап, тәжірибесін арттырған. "Ал бұл жұмысты бастағаныма биыл алты жыл болады. Көңіл-күй бұзылып, ауырып-сырқай қалсам, көлікке отырған соң бәрі де жайына қалады", – дейді Сәбира әжей.
Жалпы алғанда Сәбира әжей "күреп" ақша табуға аса қызыға қоймайтын сияқты. Ол таңертеңнен кешкі сағат жетіге дейін тапқан бес мың теңгесін қанағат етеді екен.
Таксист қызметін көрсету – ол кісі үшін адамдарды айтқан жеріне жеткізіп салу ғана емес, олармен әңгімелесіп, жаңалықтарды білудің көзі.
"Адамдар әртүрлі ғой. Қазір көбінің жағдайы онша емес. Соған қарай арзан бағаға, кейде тегін де жеткізетін кездерім болады. Мысалы, кеше ғана "Айна" базары жақтан "Бекжан" базары жаққа үш-төрт баланы тегін апарып тастадым. "200 теңгеміз бар", – дейді. Өздері жүдеу, тойынып тамақ ішпегендері көрініп тұр. Айтқан жерлеріне жеткізіп, қайтарда өздеріңе керек болады деп бергендерін алмай кеттім. Ондайларға қарайласуға болады ғой", - дейді Сәбира әжей.
"Киа" көлігін тізігіндеген әжей алдап кететін жандар да табылатынын айтады. "Алдап кететін суайттар да кездесіп тұрады. Өткенде бір қыздарды супермаркетке жеткізіп салған едім, көліктен түскесін қазір келеміз деп алдап кетті. Анау күні де бір ер кісі такси ақысын бермей кетпек болды. Жанында әйелі бар еді, қуып жетіп, айтқанымда ұяттан өртенердей болды. Такси ақысын өзі төледі. Жалпы, таксистің өмірінде түрлі оқиғалар, түрлі адамдар кездеседі ғой. Әйтеуір қатардан қалмай, өзге таксистермен бірдей әрекет жасап жүрген жайым бар", - дейді ол.
Сәбира апай Отырар ауданыны тумасы. 1974 жылы Алматыдағы Қыздар педагогика институтын бітіргеннен кейін Алматы облысындағы аудандық мектепте, кейін Шымкент қаласындағы мектепте еңбек еткен.
Ерен еңбегі үшін "Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері" атанған. Әжей зейнеткерлікке 2010 жылы шығыпты. Сосын қаладағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетте оқытушы болып жұмыс істеген.