14 қараша-белгілі жазушы Әбжапар Жылқышиевтің туған күні. 1995 жылы пәни дүниедегі талқаны таусылмағанда ол осы аптада 91 жасқа толатын еді. «Қаламының ұшы ақиқат пен рухани бостандыққа суарылған жазушы азбайтын әдеби туындыларды дүниеге әкелді. Жазушының ешбір жасандылығы жоқ, асыра көркемдеушілігі жоқ шынайы суреткерлік шеберлігі, сөз байлығын қолдану еркіндігі, табиғат пен адам мінезінің нәзік өрнектерін байқағыш сезімталдығы оқырманның жан дүниесіне кең даланың кәусар лебіндей жылы тиеді». Бұл 90 жылдық мерейтойына орай өткен жылы жарық көрген «Сұлутөр» атты шығармалар жинағына жазылған алғысөз. Сұлутөр - жазушының кіндік қаны тамған жері. Тянь-Шань тауының етегінде, Жамбыл облысының аумағында орналасқан Сұлутөр - төрі сұлу, өрісі кең нағыз жердің жәннаты. «Соғысқа аттанғанда да ырым санап, Сұлутөрдің бір түйір тасын жанқалтасына салып жүріпті. Мені Сұлутөрдің рухы, тасы от пен оқтан қорғап, туған жеріме аман-есен оралдым дейтін», -деп еске алады ұлы Болат. Оңтүстік Қазақстан облысын біліктілікпен басқарған, бүгінде Сенат депутаты оның әкесі жайлы естелігін атаулы күн қарсаңында сұраған едік.
-Әкемнің жазған шығармаларын қайталап оқып тұрамын. Түсінгенім, шығармаларында шынайылық пен қарапайымдылық өзара үйлесім тапқан. Қайсыбір дүниесі болмасын оқиға желісін ойдан құрастырмай, тек өзі өмірден көзбен көріп, көкейге түйгенін қағазға түсірген. Айталық, «Топалаң» повесі алапат ашаршылықтың, қанқұйлы саясаттың күллі қайғы-қасіретін ашып көрсеткен. Ал Әзілхан Нұршайықов пен Бауыржан Момышұлының сұхбаты арқылы өмірге келген «Аңыз бен ақиқат» сияқты кітапты КСРО Жазушылар одағының мүшесі Нәмет Сүлейменов екеуі еркін, ештеңені жасырмай, жасқанбай әңгімелесе отырып, «Шындық пен сұмдық» деген жинақты жарыққа шығарды. Бұл жинақта өзі адал қызмет еткен партияның жетістігімен қоса кемшіліктерін, менмендіктерді, солақай саясатты, пендешілікті ащы сынаған. Танымал жазушы Үсен Шойбеков осы жинаққа байланысты «Батыр қазақтар» деген пъесса жазған. Әкем Жамбыл облысында кіндік қаны тамған Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев туралы «Батырдың балалық шағы» атты повесть жазды. Матросовтың ерлігін қайталаған Ақәділ Суханбаевпен қан майданда бірге болған Нина Новоселовамен егжей-тегжейлі сөйлесіп, батырдың бейнесін ашатын таңқалдырарлық сырлар шертеді. Өлең жазатын Нина Новоселова болса Ақәділ Суханбаев жайлы дастанды дүниеге әкелгенін біреу білсе, біреу білмейді. Әкемнің «Батырдың балалық шағы» повесі бойынша белгілі режиссер Әскер Құлданов кезінде «Хаттар сөйлейді» деген пъесса қойған болатын. Ақәділге әкем мектепте қазақ тілінен сабақ беріп, оның ағасы Нұрғалимен мектеп-интернатта қатар оқыған. 4 жыл бұрын Жамбыл облысында Ақәділ Суханбаевтың құрметіне еңселі ескерткіш тұрғызылып, оның ашылу салтанатына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы да қатысты. Әкемнің 1974 жылы тұсауын қиған тұңғыш жинағы «Айтолқын» деп аталады. Ал Айтолқын кенеттен басталған сұм соғыстың салдарынан Ақәділ Суханбаевпен отау құрып үлгере алмаған сүйген қызы, Ақәділдің майданда өлгеніне сенбей, екеуара байласқан сертінен айнымай, оны күтумен жалғыздан-жалғыз өмірі өткен мәңгілік махаббаты.
«Дауылдан кейінгі жорық» повесінің орны бөлек. Шоқтығы биік бұл шығармасына әдебиет әлеміндегі әріптестері тарихи роман деген баға беріп жүр. Әрбір тақырыпқа терең талдау, жан-жақты зерттеу жүргізіп барып жазу столына отыратын әкем нақты өмір шындығынан, бұлтартпайтын тарихи дерек пен дәйектерден құралған «Дауылдан кейінгі жорықты» жарыққа шығармас бұрын өте көп ізденді. Ташкентте, Қоқанда апталап жатып шаң басқан мұрағаттарды ақтарды. Кейде өлең жазуға бейімі бар ағам Нұрланды жанына ертіп кетіп, оған да қолынан келетін шаруаларды тапсырып қоятын. Қолхат қалдырып құшағына сыймайтын қаншама тарихи құжаттарды зерттей, зерделей түсу үшін үйге әкелетін. Нәтижесінде Қоқан билеушілерінен әбден зорлық-зомбылық көрген қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін, не себепті Ресей патшалығынан пана іздегенімізді көркемдік шеберлікпен тарихи деректерге сүйену арқылы батыл, бүкпесіз баяндап, кеңестік жүйе үстемдік құрып тұрған сексенінші жылдардың басында-ақ ұлтымыздың тәуелсіздікке, егеменді ел болуға ұмтылысына қалам тартқан жинағын оқырман қауымға ұсынды. Ерлік пен елдікті сат-дәстүрімізбен сабақтастыра отырып жазған шығармада атыс-шабыс, айтыс-тартыс қана суреттелмей Кенесары хан кемеңгерлігімен, Байзақ датқа байсалдығымен, Сыпатай, Сұраншы, Жауғаш, Мұсабек батырлар қайсарлығымен, тағы басқалар жеке характер ретінде де оқырманын ойландырады.
Жалпы әкемді әдебиетке әкелген Әуезов. Бұлай деуімнің өзіндік себебі бар. Аудандық, облыстық дәрежеде басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, өмірі ат үстінде өткен әкеме Сарығаш аудандық атқару комитетінің тізгінін ұстап тұрған тұста әйгілі Мұхтар Әуезовпен танысу, терең сырласу бақыты бұйырған екен. Алыптың ақыл-кеңесін тыңдау әсер етіп, әдебиетке біржолата бет бұрды. Бұған дейін де тырнақалды туындылары саналатын бір топ өлеңдерін, біршама жазған-сызғандарын жергілікті газеттерде жариялап үлгерген ол осыдан кейін шығармашылықпен шұғылдануға шындап кірісті. Дәл осы өңірде мектепте мұғалім болып істейтін Өзбекәлі Жәнібековті өзі іздеп тауып, ұлтымыздың біртуар ұлының танылуына, қызметі өсуіне шама-шарқының жеткенінше шапағатын тигізген еді. Әкем оның аса білімділігін бағалап, қатты құрметтейтін. Өз-ағаң әкем туралы пікірін өзінің «Тағдыр тағлымы» атты кітабында жақсы жазған. Заман өзгеріп жинақтардың жарыққа шығуы қиындаған кезде Өзбекәлі Жәнібеков әкемнің «Жазушы» баспасында ұзақ жатып қалған «Замана іздері» дейтін кітабының қолжазбасын үйге арнайы әкеліп беріп: «Әбекең жақсы адам еді, мынау дүниесі жоғалып кетпесін» дегені әркез жадымда жаңғырып тұрады.
Әкем даңқты Баукеңмен, Бауыржан Момышұлымен тығыз араласты. Сол Баукең: «Майданнан елге келсем әдебиеттің маршалдары мен генералдары өздерінің ақ ордаларын Алатау бөктеріне қатарлай орнатып алған екен. Бос орын қалмапты. Солдаттық шатырымды оңаша барып солардың шет жағына тіктім», - дегенінен хабардармын. Сұрапыл соғыстан омырауы ордень, медальға толып оралған әкем КСРО жазушылар одағының мүшелігіне өтсе де әлдекімдердей қабілет-қарымының жеткен-жетпегеніне қарамастан, әдебиеттің «генералы» атанамын деп әлекке түспеді. «Мен майданнан капитан шенімен оралдым. Әдебиетте де капитан шенімде қалсам, маған сол жетеді», - дейтін. Мұнысын оңашада отбасымен бірге отырғанда ғана емес, жұрттың көзінше де ашық айтып жүретін.
Біз отбасымызда 4 ұл, 3 қыз едік. Мен үйдің кенжесі болдым. Қазақы дәстүрмен қара шаңыраққа ие болып, әке-шешемнің қолында тұрдым. Сондықтан әкем араласқан азаматтардың түгелге жуығымен жақсы таныспын. Марқұм Қалдарбек Найманбаев көкеміз үйге көп келетін. Сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне басшылық жасаған Шерағаңды, Шерхан Мұртазаны «нағыз өмірді көрмей, елмен етене араласпай, кабинеттен шықпасаң не жарытып жазасың?» - деп Алматыға барған іссапарынан қайтарында оны үйге ертіп әкелгені есімнен кетпейді. Әзілхан Нұршайықов ағамызбен алғаш «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі кезінде кездесіп, артынан біте қайнасқан шығармашылық байланыс орнатты.
Әкеміздің бабын тауып, бағын ашқан асыл жары, аяулы анамыз марқұм Шырынкүл Қалықызы болды. Бізді де дұрыс тәрбиелей білді. Пәни дүниедегі талқаны таусылғанға дейін бақилыққа аттанған қосағының жазған дүниелерін жинап, тернеп, жарыққа шығуына жанашырлық танытудан аянып қалған жері жоқ. Қызмет барысындағы кейбір әділетсіздіктерге әкемнің ашынғаны, қыжылы қайнағаны болмаса креслоға байланысты бармақ шайнап өкінген жері жоқ. Бірақ, Самарқан, Бұқара, Ташкент, Қазан қалаларының мұрағаттарын ақтарып жүріп Ақсақ Темір туралы жазған «Темірлан мұнарасы» дейтін дүниесін ары-бері көшіп-қонғанда жоғалтып алғанда кәдімгідей өкініш білдіргеніне куә болғаным бар.
Әке – асқар тауың. Тау алыстаған сайын асқақ көрінетіні секілді әкемнің өмірден өткеніне уақыт өткен сайын шығармашылық қырын, азаматтық кескін-келбетін тани түсіп келемін.
"Рейтинг" газеті №40, 13 қараша 2009 жыл