Сіздің кіндігіңізді кім кесті? Перзентханада… орыс, еврей… Кім кескенін білмейсіз. Білу де шарт деп ойламайсыз. Өйткені бұрынғыдай үйде босану жоқ. Ауылдағы ақ самайлы әжелеріміз бүгінде өздерінің кезінде талайларға “кіндік шеше” болғанын айтады. Әрине, технология қарыштап дамыған заманда қатаң медициналық бақылауда босанғанның дұрыстығын жоққа шығармаймыз.
Дана халқымыз ежелден кіндік шешеге аса құрметпен қараған. Дүние есігін ашқан нәрестенің кіндігін кім кессе, бала есейгенде мінез-құлқы жағынан кіндік шешесіне тартады деген ұғым бар. Оған баланың екінші анасындай қарап, сый-құрмет көрсеткен. Баланың құлағына “кіндік шешеңді сыйла” деп құйып отырған. Ондай құрметке анау-мынау емес, көп балалы, сөзі де, ісі де үйлесімді, сыйлы аналарды таңдап тартқан. Кіндік шеше де сәбиге өз баласындай қарап тәрбиелеген.
Ал бүгінде біз осы құрметтің мәнін кетіріп алғандаймыз. Баланы перзентханадан шығарғаннан кейін көңіліне жаққан адамды “кіндік шеше” деп атай салады. Оның міндеті балаға қоларба, киім-кешек, ойыншық сатып әперу ғана сияқты. “Кіндік шешенің” қадірі қашқан заманда енді… “кіндік әке” деген термин үрдісімізге еніп келеді. Жақын жора-жолдастарының арасынан таңдап алынған әлгі атаудың иесі де аз-маз сыйлық жасаудан арыға аса алмайды. Балаға әкесіндей қарап, тәрбиелеу деген екінші қатарға сырғып кеткен. Тек осының өзін сән көріп, “кресный” деп қысқартып, қызықтап жүргендер баршылық. Әрине, мұның бәрі де Батыстың бітіп болмайтын телесериалдарынан жұққан “ауру”. Әйтпесе христиан дініндегілердің баланы шоқындырған адамды “кресный отец” деп атайтыны мұсылмандық салтқа үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны рас қой. Мұны өзгенің қаңсығын таңсық көру демеске амал қайсы. Бұл “модадан” келіп-кетер пайда да шамалы.
Соңғы әлетте ұлттық салт-дәстүрлеріміз жаңаша сипатқа ие болып жатыр. Оны осы заманға ыңғайлап, қиюластырған “философтар” көп. Бір тойда біреу елден ерек бірдеңе істесе, келесі біреу соны алды-артын ойламай іліп әкетеді. “Кресный отец” те соның бір көрінісі. Ұрпақ жалғастығы, ұлт болашағы балаңызды ұлттық дәстүрмен сусындатып өсіру өз қолыңызда. Сондықтан да “кірме” салт-дәстүрге бой алдырмай, ұлттық нақышты ұстансақ ұтылмаспыз.
Аманжол НАЙМАНБАЙ, Мәдениет қайраткері, сәулетші-дизайнер:
- Бұл дәстүрге өз басым ерекше құрметпен қараймын. Бала тәрбиесіне, болашағына әсер ететін бұл үрдістің ұмытылып бара жатқаны өкіндіреді…
Менің кіндік шешем өте бір мінезі жайдары, ақ көңіл адам болған екен. Аты – Бибіайым. Әкемнің бөлесінің әйелі. Он саусағынан өнері тамған шебер кісі екен. Кейде мінезімнің кейбір қырлары, қолымның ісмерлігі сол кісіге тартқан ба деп ойлаймын. Кіндік шешемді өз анамнан кем сыйлаған емеспін. Ол кісінің де маған деген ілтипаты ерекше болатын. өз баласындай көрді десем де артық айтқандық болмас. Кіндік шешелердің барлығы осындай болса деп ойлайтынмын… Бұл үрдісті ұмыт қалдырмай әлі де жандандыруға болады. Тек ниет дұрыс болса болғаны… Бірақ, әлгіндей “кресный” деп бұрмаламау қажет. Кіндік шеше! Айтылуы да керемет емес пе?! Дұрыс түсінген адамға кіндік шеше деген атаудың өзі қандай әсер етеді?! Бауырмалдыққа, мейірімділікке жетелейтіндей…
Қалыбек АТЖАН, “Қазақстан” ҰТК Жамбыл облыстық филиалының директоры:
- Халық аузында: “Жерден кім көтеріп алса, бала соған тартады”, - деген даналық сөз бар. Менің мінезім кіндігімді кесіп, алғаш қолына алған ауылдағы үлкен апама тартқанына қарағанда даналық сөз дәл айтылған ғой деймін. Соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты қиын-қыстау кезеңде немесе тосыннан толғақ келгенде болмаса ұрпақ тағдырына, ұлт болашағына бей-жай қарамаған халқымыз әрбір босанатын келінге айрықша назар аударып, нәрестенің кіндігін кесуге кесір-кесапат біреуді емес, абырой-беделі мол адамды таңдаған. Баланың кіндік шешесіне тартатынына талассыз сенген. Балаларымыз біз сияқты үйде туылған жоқ. Перзентханада жарық дүние есігін ашқан олардың кіндігін кім кессе де гүлімізді сыйлап, шампанымызды ұсынып, сүйіншімізді бердік. Толғақ қысқан әйеліңді перзентханада қабылдап алған акушер қабағынан қар жауып, түксиіп тұрса да “сіз кіндігін кесуге тиіс емессіз” деп айта алмайсың. “Түсі игіден түңілме” демекші, жүзі жылы, сөзі сыпайы, қимылы ширақ, мінезі ашық, жүріс-тұрысы мәдениетті адамның кіндік кескенін кім қаламайды дейсіз. Перзентхана басшылығы осы жағын ойластырып, босанатын келіншектердің өз таңдауын жасауына мүмкіндік туғызуын тиісті мамандар қарастыруы қажет. Мұны жүзеге асыруға әбден болады. Сонда бұл ұлттық үрдісті жалғастырып қана қоймай, перзентхана қызметкерлерінің қайсысы білікті, беделді, халыққа сүйкімді екенін әділ сараптап беретін еді.
Иманәлі БАЙДӘУЛЕТОВ, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті клиникасының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
- Ата-анамның қалауымен кіндігімді кескен адам ауылда тұрады. Қазір әйелдер баяғыдай үйде босанбайтындықтан, олардың қалауындағы адамды перзентханаға әкеліп, кіндігін кестіруге рұқсат беру қисынсыз. Өйткені, күніне 15-25 бала босанатын перзентханаға кіндік шешелері келсе, қайсысының денсаулығы, санитарлық тазалығы талапқа сай екенін сүзгіден өткізу қиынға соғады. Дәлірегі қоршаған ортада тасымалдануы мүмкін инфекцияның көптігінен тазалық пен санитарлық талап жағын толық қамтамасыз ете алмаймыз. Бұл қадам көпе-кернеу қатерге ұрындыратыны сөзсіз. Оңтүстікте онсыз да балаларға ВИЧ инфекциясының жаппай жұғуы салдарынан жұрт ұлардай шулағаны белгілі. Бүгінде жүкті әйелдің таңдаған адамы кіндік кеспегенімен, оның қалауымен мейлі туысқаны, мейлі күйеуі болсын бір жанына жақын жанның босанып жатқан кезінде қасында тұруына болады.