Жоғары сынып оқушыларына профилактикалық сабақтар өткізілуде

Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Қала полиция департаментінің қызметкерлері 9–11-сынып оқушыларына қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау жөнінде профилактикалық сабақтар өткізіп жатыр.
Кездесулерде жасөспірімдер арасында жиі кездесетін қауіп-қатерлер мен олардың алдын алу жолдары түсіндіріледі. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, интернет-алаяқтықтан сақтану, дроппингтің құқықтық салдары және буллингке жол бермеу мәселелеріне назар аударылады.
Полиция қызметкерлері оқушыларға интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің түрлері туралы айтып, бөгде адамдардың өтінішімен банк картасын немесе шотын пайдалануға берудің қауіпті екенін түсіндіреді. Мұндай әрекеттер адамның өз ақшасын ғана емес, құқықтық жауапкершілігін де тәуекелге тігуі мүмкін. Сондықтан күмәнді ұсыныстарға келіспей, кез келген күдік туындаған жағдайда ересектерден немесе тиісті органдардан көмек сұрау қажеттігі ескертіледі.
Сабақ барысында жол қозғалысы ережелерін сақтау, қоғамдық орындарда тәртіпті болу және қатарластарына құрметпен қарау мәселелері де қамтылады. Буллингтің салдары, оның алдын алу және осындай жағдайға тап болғанда кімге жүгіну керектігі жөнінде түсіндіру жүргізіледі. Сонымен бірге құқықбұзушылық жасағаны үшін заңда көзделген жауапкершілік туралы ақпарат беріледі.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қауіптің салдарын болған оқиғадан кейін емес, оған дейін түсіндіру қажет. Сабақ барысында осы мәселелерге назар аударылып, оқушыларға өздерін және айналасындағыларды қауіптен қорғау жолдары айтылды.


