Бойында Арыстың жалғадық жақсы істі
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жарияланғаны белгілі. Оның аясында тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыру қазақстандықтардың күнделікті өмір салтына айналуы керектігіне баса мән берілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын нақтылы іске асыруда «AMANAT» партиясы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізуді үрдіске енгізді. Партиямыздың құрылымдары, бастауыш ұйымдар, депутаттық корпус өкілдерінің санатындағы партияластарымыз, жас белсенділер, қатардағы партия мүшелері күш біріктіріп, атқаратын науқан барысында, елді мекендерді қоқыстан тазарту бойынша «нүктелік» жұмыс жүргізу көзделген.
Түркістан облысы бойынша көптің күшін талап ететін, тазалығы үнемі қадағалауды қажетсінетін 242 нүктені белгілеп, олардың санитарлық тазалығын қамтуға партия әлеуетін жұмылдырып отырмыз. Өткен аптада «Таза бейсенбі» науқанының алғашқы іс-шарасында Түркістан қаласындағы магистралды темір жол бойы қоқыстан тазартылды. Баянды бастаманы өңіріміздің аудан, қалаларындағы 700-ден астам партияластарымыз жалғастырып, ауыл-аймақтарда 46 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Бүгін игілікке бастайтын науқан Темірлан ауылының тұсындағы Арыс өзенінің бойында жалғасын тапты. Партияның Ордабасы аудандық филиалының бастамасымен өткізілген акцияға 200-ден астам өкілдеріміз қатысты. Туған жердің тазалығын сақтауға арналған іс-шараға әріптесім, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбеков, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев та қатысып, тағылымды іске өз үлестерін қосты.
Қазақтың ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың жырына арқау болған Арыс өзенінің жағалауы, шын мәнінде, тұмса табиғатымен жан баласын тамсандырмай қоймайтын ғажап мекен. Бар байлығын бойына жиған аумаққа демалу үшін келушілердің саны көп. Қарқынды көлік ағыны бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі де осы тұстан өтеді. Аптап ыстықта өзен жағалауына түсіп, тал-теректің қою көлеңкесінде бір сәт аялдап, бой жазатын жолаушылардың үлесі де еселеп артқан. Өкініштісі, мұнда арнайы қоқыс жәшіктері орнатылған болса да, әр талдың түбіне босаған шөлмектерін лақтырып, қалдықтарын шашып кететін замандастарымыздың қатары азаяр емес. Көңіл қалдыратын көріністерден, азаматтарымыздың экологиялық санасын көтеруде, оларды экологиялық мәдениетке баулуда қоғам болып атқаратын шаруамыз көп екенін байқадық.
Жаратқаннан түскен қасиетті Құран кәрімде «Адамды құт иесі қылдық» делінеді. Демек, адам баласына берілген құт – жан саулығымен, сана ашықтығымен, обал-сауапты бағамдай білуімен өлшенсе керек-ті. Айналамызды ластап жүріп, ауру-сырқаттың таралғанына налимыз. Отырған орнымызды таза ұстауға дағдыланбай жатып, шыбын-шіркейдің көбейгенін айтамыз. Табиғатқа жасалған обалдың байыбына бармай жатып, жарылқаулы болуымызды тілейміз. Құтымыз қашпасын, берекеміз ортаймасын дейтін болсақ, айналамызға қамқорлықпен қарап үйренейік, ағайын!
Ұлтқа деген мақтаныш сезімі туған жерге деген қадір-құрметтен басталса керек. Мемлекет басшысы айқындап берген «Адал азамат» ұғымының астарында, ең әуелі, ел мен жердің қадірін білетін, қасиетін түсінетін, киесін сақтайтын азаматтарды тәрбиелеу міндеті белгіленген. Бүгін біз барған Ордабасы жері ұлттың тұтасу тарихы бастауын алған қастерлі мекен. Осындағы Ордабасы биігінде елдік жиындар өтіп, ұлттық бірлікке шақыратын текті тағлымдар мен толғамды ойлар айтылған. Күш атасы Қажымұқан бабамыздың да табаны тиіп, суын ішкен атажұрты – осы жер.
Зер салып қарайтын болсақ, Түркістан облысындағы барлық 17 аудан, қаланың әрқайсысының өзіндік терең тарихы, қайталанбас рухани мұрасы, мәдени таным дәстүрі бар. Туған жердің қадір-қасиетін таныған сайын, оған деген шынайы құрметіміз еселей бермек деген сенімдемін. «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы туған топырағымызды аялап ұстауға үндейтін игілікті істерді әрі қарай да жалғастырмақ ниетте. Баршаңызды қатарымыздан табылуға шақырамын.
Осы аптадағы өткізілген «Таза бейсенбі» акциясы облысымыздың барлық аудан, қалаларындағы партия филиалдарының ұйымдастыруымен өтті. Сенбілікке жалпы 793 адам қатысты. Оның ішінде 500-ге жуығы партия мүшелері болса, 67 мәслихат депутаты, мемлекеттік қызметкерлер, денсаулық сақтау және мәдениет саласының қызметкерлері, студенттер атсалысып, 16,3 тонна күл-қоқыс шығарылды.
«Таза бейсенбі» акциясы басталған өткен аптадан бері акцияға 1498 адам қатысып, бекітілген 52 аумақтан 62,7 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Алтынсары Үмбетәлиев,
«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты