Төлеби ауданында мың мегаваттық бу-газ стансасы салынбақ
Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып келеді. Дегенмен қуат көзіне деген тапшылықты шешу мақсатында Түркістан облысы тың жрбаны қолға алып, тың мегажобаның іргетасы қаланды.
Түркістан облысының Төлеби ауданында 1000 мегаватты құрайтын бу-газ стансасы жобасы қолға алынуда. Бұл жобаға шетелдік инвесторлар мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы да атсалысуға ниетті.
Бүгінгі таңда «Жасыл экономиканы» дамыту өзекті. Бұл мәселе Үкімет отырыстарында да жиі көтеріліп, инвесторлар тарту арқылы табиғат көздерінен энергия өндіруді қолға алу жиі сөз болып келеді. Мәселен, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және республикамызда төмен көміртекті экономикаға көшуі мәселелері қаралған тұста да бұл мәселе ғалымдардың назарынан тыс қалмағаны белгілі. Атап айтсақ, «Жасыл экономиканы» дамыту және жаңартылатын энергия көздеріне шетелдік инвестицияларды тарту перспективалары туралы 26-шы климаттық саммитте де бұл жан-жақты талқыланған болатын.
Орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болтындығына көз жетті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңірге өте ауқымды инвестиция тартылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында Оңтүстік аймақта 1000 МВт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажеттігін айтқан болатын. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында өңірде қуаты 1000 МВт болатын бу-газ қондырғысының іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан өңірінде энергия тапшылығы – өте өзекті мәселе. Олысқа қажетті электр қуатының 80 пайызы сыртқы көздерден тасымалданады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында облыс билігі «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, маңызды бу-газ стансасының (ПГУ) жобасын қолға алған. Бұл жобаға 722,8 миллиард теңге жеке инвестиция тарту көзделген. Егер жоба іске қосылса өңірде кәсіпорындар саны көбейіп, аймақ кәсіпкерлігі дами түспек.
Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Ал бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, бұл жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және ұлттық энергетикалық жүйенің, әсіресе, энергия тапшылығы бар оңтүстік өңірінің сенімділігін арттырады. Икемді генерациялау режимі бар аралас циклді зауыттың құрылысы Қазақстан Республикасының энергетика жүйесіне жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасамақ.
Жоба жүзеге асқанда тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы Қазақстан Республикасында электр энергиясының сапасын арттырып, энергетикалық жүйенің теңгерімділігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін болады.
Қазір Түркістан облысына қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығынан құтылып қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз етпек. Облыста энегрия тапшылығы жойылған соң ірі кәсіпорындар мен өндіріс те дамиды деген жоспар бар. Жоба 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады. Мамандар бұл жобаны ТМД аумағында баламасы жоқ жобалардың бірі деп бағалап отыр. Құрылыс кезінде 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылса, қондырғы іске қосылған соң 200-ден астам тұрақты жұмыс орындары ашылмақ.
Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізетін болады. Өазіргі таңда газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, құрылыс жұмыстары бастауға қажетті шаралар жүзеге асырылуда.