Кәсіпкердің тартуы
«Ауылына қарап азаматын танисың» демекші, туған ауылына демеушілік көрсетіп, қайырымды ісімен танылып жүрген атымтай жомарттар бүгінгі көп. Соның бірі Отырар ауыл округіне қарасты Мөлке Шойманов ауылының азаматы Нұржан Нұрашов.
Кәсіпкер туған жеріне биыл жабық спорт кешенін салып берген болатын. Нысанның құрылыс жұмыстарын жақында аяқтап, ел игілігіне тапсырды. Оның ашылу салтанатына Отырар ауданының әкімі әкімі Сәкен Сұлтанхановта қатысты.
Ауылдың күннен-күнге сәулеттеніп, ажарланып келе жатқан ажарына ажар қосып, спортсүйер қауымға ерекше көңіл-күй, қуаныш сыйлаған жиында алған аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қаржыгер Нұрлыбек Балғабеков пен белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры Әбдімәжит Сыздықбеков сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын құттықтады. Сонымен бірге аудан тұрғындары атынан жомарт жүректі азамат Нұржан Сатыбалдыұлына шынайы алғыстарын жеткізіп, алдағы істеріне толағай табыстар тіледі.
Ал, ауданымыздың Құрметті азаматы, ақын Бегаман Сұлтаев өзінің жүрекжарды лебіздерін жыр шумақтарымен өрнектеп жеткізсе, отырарлық ағайындар атынан арғымақ атқа мінген кәсіпкерге қария Бекбатыр Әйменов ақ батасын берді.
Жомарт жүректі жеке кәсіпкердің өз қаржысына салып берген сәулетті спорт кешенінің есігіне керілген лента қию рәсімі аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен мәслихат хатшысы Мырзахан Бексұлтанұлы және Мырзахмет Темірбеков пен Жаңабай Айсейіт қариялардың қатысуларымен қиылғаннан соң, жиналған жұртшылық жаңа нысанды тамашалады.
Жиын соңында кіші футболдан жастар арасында ұйымдастырылған «Отырар лигасы» ойындары қорытындыланып, шебер ойын өрнегін көрсеткен спортшыларға медальдар мен сертификаттар және кубоктар салтанатты жағдайда тапсырылды.