Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері шешімін табуда
Жуырда Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Қоғам, Қарғалы, Отырар Талапты ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесіп, соңынан жеке сұрақтарымен қабылдады.
Аудан әкімі алдымен Қоғам ауылына барып тұрғындарға бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысымен таныстырды. Атап айтсақ, тамыз айында өткен жиындарда тұрғындар тарапынан 20 мәселе көтеріліп, оның ішінде 7 мәселе оң шешімін тапқан. Ал қалған мәселелер аудан әкімінің бақылауына алынған. Мәселен, Қоғам ауылының тұрғыны Қоғам ауылындағы Бескепе көшесіне тас жол төселсе деген ұсынысын жеткізген болатын. Аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, жергілікті бюджет есебінен тиісті қаржы қаралып, аталған көшеге (ұзындығы 510 метр) тас жол төселген.
Сондай-ақ, тұрғындардың өтінішімен Талапты елдімекенінде ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесімен жеңімпаз анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен, бірақ нысан өтпелі болғандықтан ол 2023 жылы пйдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, Қарғалы, Отырар ауыл округі бойынша да атқарылған жұмыстар аз емес. Аталған ауылдардағы өзекті мәселелердің бірі ағын судың тапшылығы болатын. Осыған орай Д.Алтынбеков каналының ПК194+42-ден ПК205-15 аралығында канал ұлтаны 47 сантиметрге төмендету жұмыс жобасы толық аяқталды. Сонымен қатар Қызыл ту насос станциясындағы 7 дана «СНП-500» электр насостары күрделі жөндеуден өткізіліп, іске қосылды. Орнатылған насостар арқылы Арыс өзенінен 1,8м3/сек су шығарылып, егістік алқаптары ағын сумен қамтылды.
Талапты ауыл округінде өткен кездесуде ауыл тұрғыны Орынбасар Досов Сарыкөл елдімекеніндегі Ш.Қалдаяқов көшесіне аяқжол салынып, жарықтандырылса деген өтінішін айтқан болатын. Аталған мәселе бойынша көшені жарықтандыру үшін жобалық сметалық құжаттамасы дайындалған. Бұл нысан бойынша 2023 жылғы аудандық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру жоспарланған.
Ынталы ауылынан балабақша жайын салу мәселесі бойынша да жергілікті кәсіпкермен келісім жасалып, 100 орындық балаға арналған балабақша жайының құжаттары заңдастырылуда.
Аудан басшысының ауыл тұрғындарымен кездесуі барысында көпшілік тарапынан қойылған өзге де сауалдарға тұщымды жауаптар беріліп, кейбір мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Сәкен Асылханұлы әрбір жиында көтерілген мәселелер өзінің тікелей бақылауында болатынын айтып ескертті.
Кездесуге келген халық аудандағы барлық ауыл округтерін аралап, халықпен кездесіп, көтерген мәселелерін тыңдап, олардың оң шешімін табуы үшін жұмыстанып жатқан аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, алғысын айтса, ауыл қариялары елдің амандығын, ынтымақ-бірлігін тілеп, ақ баталарын берді.
Жиыннан соң аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, талап-тілектері мен өтініштерін тыңдады.