Балаларды баурап алған сахналық қойылым

Oinet.kz 13-11-2022 533

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп атады. Былтырғы Жолдауында Президент «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген болатын. 

Screenshot_40.jpg

Осы орайда жуырда аудандық мәдениет үйінде Отырар халық театрының ұжымы «Супер теке» шағын қойылымын балалар назарына ұсынды. Қойылым басталмас бұрын балалар мәдениет сарайының фойесіндегі балаларға арналған кітап көрменімен танысып, қуыршақ театрының көріністерін тамашалады. 

Бұдан кейін кішкентай көрермендерге лық толы үлкен залда қойылым басталып кетті. Қойылым арқылы балалар өтірік айтудың соңы жақсылыққа апармайтынын, түбі әділдік орнап, шындық ашылатынын, досқа адал болу керектігін, үлкенді құрметтеп, ата-ананың айтқанын істеу керек екенін санасына түйді. 

Тәрбиелік мәні зор іс-шарада «Отырар әдебиеті және өнері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағындық Қыдыр, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, «Аналар» алқасының төрайымы Күлзейнет Әлмешова, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмахановтар сөз алып, ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін осындай шаралардың маңызы үлкен екенін айтты. 

- Әдетте адамның жеке басының қасиеттері бес жасқа жейін қалыптасады. Сондықтан да баланың жан-жақты қалыптасуы үшін мектеп жасына дейінгі бүлдіршендердің бойына жақсы, жағымды қасиеттерді сіңіре білу керек. Бала әр нәрсеге құмар, қызыққыш, ол өзінің айналасында болып жатқан өзгерісті, тамаша құбылыстарды сезінуге тырысады. Сондықтан бүгінгі Отырар халық театрының «Балалар жылы» аясындағы балаларға арналған қойылымы өз мақсатын толық орындады деп айта аламын. Театр ұжымының жұмысына толағай табыстар тілеймін, - деді аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов.

Сонымен қатар, ол жиында Отырар халық театырының ұжымына аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың құттықтау сөзін жеткізіп, арнайы алғыс хатын табыстады. 

Қойылым кезінде балалар шындық жағында екенін дәлелдеп өтірік айтқан текенің қылықтарын айқайлап, шулап әшкерелеуге тырысып жатты. Бұл да болса олардың шынайылық пен әділдікті жақтайтын ұрпақ болып қалыптасып келе жатқанының көрінісі болса керек. Қойылым соңына бүлдіршіндер сахнадан кеткісі келмей ұзақ тұрып театр ұжымымен қимай  қоштасты.

Аудан әкімі жас ақынның кітабын шығарып берді
Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері шешімін табуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу