Диқан ауылында 200 орындық мәдениет үйі салынуда
Бүгінгі таңда мәдениет саласына барынша көңіл бөлінуде. Елді мекендерде мәдениет үйлері көптеп салынуда. Мұндай бастама Сарыағаш ауданында да қолға алынған.
Қоғамда Мәдениет үйінің алатын орны бөлек. Ауылдарда Мәдениет үйлерін көбейту арқылы ауыл мәдениеті өркендейді. Ауыл – ұлттың қаймағы, ұйытқысы. Еліміздің даңқын асырып жүрген таланттардың көбі ауылдан шықты. Ауылдың өнері өркен жайса, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяры анық.
Қазіргі таңда Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Диқан баба елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның құрылыс жұмысы аудан әкімінің бақылауында.
Аудан әкімі Мұхит Отаршиев ол нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан басшысы жауапты мердігер мекеменің басшысына жұмыстың сапасына мән беріп, мерзімінен кешіктірмеу керектігін ескертіп, жауапты бөлім басшысына нысанды қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.
Нысанның қабырғасын көтерілуде. Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылға өтпелі.
Бұдан бөлек, аудан орталығындағы аудандық мәдениет үйінде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қыркүйек айында басталып, желтоқсана айында толық аяқтау жоспарлануда. Күрделі жөндеу жұмыстары барысында мәдениет үйінің шатырын, едендерін ауыстыру, ішкі қабырғаларды әрлеу, орындықтарын және есіктерін ауыстыру, сыртқы фасад жұмыстары жүргізілетін болады.
Жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын көзбен көрген аудан әкімі Мұхит Отаршиев сын-ескертпелерін айтып, мердігер мекеме басшысына жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.