Жаңа емхана ашылды
Денсаулық – зор байлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында денсаулық саласына айрықша басымдық беріп отыр. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дейді Президент.
Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан сырқаттармен жұмыс істерде, алдымен аурудың ерте сатысында анықтау маңызды. Сол үшін де ауруды алдын ала анықтауда емханалардың атқарар рөлі зор. Осы мақсатта Тәуелсіздік күні қарсаңында Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінде 75 орындық емхана пайдалануға берілді.
- Көп жылдан бері кент тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мәселенің бірі емхана мәселесі еді. Ол бүгін оң шешімін тауып отыр. Кент орталығынан 75 адамды қабылдауға шақталған заманауи емхана пайдалануға берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен медицина саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі бүгін міне Састөбе кентінде ашылып отырған жаңа нысан дер едім, - деді осынау салтанатты іс-шараға қатысқан аудан әкімі Нұрлан Байғұт.
Ауыл тұрғындарын аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тогайбековада құттықтап, тұрғындардың қуанышымен бөліскен еді.
Жаңа ғимарат «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында пайдалануға беріліп отыр. Ғимараттың жалпы аумағы бір гектер. Оның айналасы толығымен қоршалып көгалдандырылған. Ғимаратының аумағы 940 шаршы метрді құрайды. Ішінде 20-дан астам заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған ем-дом көрсететін және емделушілер қаралатын бөлмесі бар. Бұл жерде отыздан астам медицина қызметкері халыққа қызмет көрсететін болады. Оның 5-еуі учаскелік дәрігер, қалғаны медбикелер.
Ауыл ақсақалдары мен аудан әкімі жаңа ғимараттың лентасын қиды. Әжелер тәттіден шашу шашты. Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.