Дана Шерхан мен бала Шерхан
Осыдан он жыл бұрын жерлесіміз, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдығы Жуалы ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Іс-шара Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы саябағында ұйымдастырылды. Елу киіз үй тігіліп, үлкен сахна орнатылды. Республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар келді. Шер-ағаң ортада. Елдің игі жақсылары қасында болып, қуанышына ортақтасты.
Сахнада Шер-ағаңның құрметіне арналған негізгі іс-шара аяқталып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Содан кейін қонақтар киіз үйлерге қарай аяңдай бастады. Ал қонақтарға арналған дәліздің бойы үлкен-кіші адамға толы болатын. Бәрі де Шер-ағаңды жақыннан көріп, амандасып қалғысы келіп тұр. Бірақ жазушыны қаумалаған топ ортаға ешкімді жібере қоймады. Тек ортада фотоаппаратпе, камерамен жүрген журналистер ғана Шер-ағаңның әр сәтін жарыса таспаға басып жатыр. Бір кезде жеті жасар бала ортаға жүгіріп шығып, «Ассалаумағалейкум, Шерхан ата», - деп қолын созып, титімдай алақанын ұсынды.
Шер-ағаң да, оны қаумалаған жұрт та кілт тоқтап қалды. Арттағылар не боп қалды деп алдыға қарай ұмтылса, дәліз жасап тұрған жұрт бір сәтте екеуін қаумалап қоршай алды.
...Бүгінде Шерхан Мұртазаның алдынан жүгіріп шыққан кішкене Шерхан қазір студент. Сол оқиғаны бала Шерхан бүгін де тебіреніспен былай деп еске алады.
- Сол күні Шерхан атаның тойына досым Әліби екеумізді анам ертіп барды. Алғашқыда көппен бірге концерт көрдік. Содан кейін анам бізді қазір осы арадан Шерхан аталарың өтеді, ол кісіні жақыннан көресіңдер деп қонақтар жүретін дәліз бойына тұрғызды. Сахна жақта атаны алыстан көрген мен, енді жақыннан көретін болдым деп қуанып тұрмын. Әрі әкемнің: «Тойда Шерхан атаңды көріп қалсаң, «Ассалаумағалейкум, Шерхан ата, туған күніңізбен құттықтаймын!» деп құттықта» деп айтқаны жадымда тұр. Бірақ атаны қаумалаған жұртты көргенде оның қасына мені кім жолата қояды деп күдерімді үзген болатынмын. Шыны керек, бәрі ойламаған жерден, аяқ асты болды да кетті. Ата бізге қарай жақындап қалғанда, әкемнің айтқанын орындайын деп батылданып, ортаға жүгіріп шықтым. Сөйтіп Әбілқасым атам үйреткендей қос қолымды ұсына:
- Ассалаумағалейкум, Шерхан ата, туған күніңізбен! - дедім.
- Көп жаса балам, атың кім? – деді жазушы ата маған мейірімін төге қарады.
Бұл кезде айнала тұрған жұрт бізді қоршап алған еді.
- Атым Шерхан, - дедім тақ етіп.
- Ой, айналып қана кетейін балапаным, бақытты бол, өмір жасың ұзақ болсын, оқуда озат, еңбекте абыройлы бол, - деп бауырына басып, маңдайымнан мейірлене сүйді. Мен үшін бұл естен кетпес сәт. Шерхан атадан бата алғаныма мен қуанып, әркез достарыма мақтанып айтып жүремін. Алла қаласа атам айтқандай елімнің айтулы азаматы болу үшін аянбай оқып, еңбек етемін деген ойдамын, - дейді бала Шерхан.
Бүгінде Шерхан оқу озаты. Жазғы демалысында ол бірнеше кітап оқыпты. Соның ішінде Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесі мен «Ай мен Айша» романы да бар.